Министрлік қатерлі ісікті емдеуге бағытталған бюджет қаражатына түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев қатерлі ісікті емдеуге бағытталған бюджет қаражатына қатысты түсінік берді.

Дәрі-дәрмек
Фото: Envato.com

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында «2025-2027 жылдарға арналған бюджетте онкологиялық ауруы бар адамдарға дәрі-дәрмек бойынша бөлінетін қаражат азайды ма?» деген сұрақ қойылды.

Өз кезегінде Е. Нұрлыбаев қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өте маңызды мәселе екенін атап өтті. 

«Өйткені дәрінің жеткілікті болуы емдеу сапасы мен өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді. Атап айтқанда, дәрілік препараттарға қатысты өтінім нақты диспансерлік есепте тұрған науқастар тізімі бойынша құрылады. Сонымен қатар, жаңа пациенттердің пайда болатынын ескере отырып, қосымша көлемге өтінім жолданады. Жыл сайын пациенттер саны 20 мыңнан астам адамға өседі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар айтарлықтай күрделі. Қазіргі кезде «СҚ-Фармация» дәрі-дәрмектің таусылмайтын көлемін қалыптастыру жұмысын пысықтады, оның ішінде онкологиялық препараттар да ескерілген», - деді вице-министр. 

Оның айтуынша, келер жылдарға арналған бюджетте дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражат сомасы сақталады.

«Бюджет кем дегенде 2024 жылдың деңгейінде сақталады. Бұл тұрғыда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған бюджет азаймайды. Сондай-ақ дәрілік препараттармен қамтамасыз ету бағытында қаражат қысқармайды. 2025 жылы бюджетті нақтылау бағытында Қаржы министрлігіне жүгіне аламыз. Сол кезде осы салаға бөлінетін қаражат сомасын көбейтуді сұрай аламыз, яғни бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамыз», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы қысқартылмайтын болды. Керісінше, бұл салаға қосымша 25 млрд теңге бөлінеді.

Еске сала кетейік, биыл қаңтарда қазақстандық биотехнолог Дос Сарбасов қатерлі ісікке қарсы препарат жасап шығарғаны туралы хабарлаған едік. Инновациялық дәріні алдымен қояндар мен тышқандарға сынаған, сосын онкология университетінде 15 адам сынақтың бірінші кезеңінен өткен. 
1 шілдеде қатерлі ісікке қарсы қазақстандық препаратты сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды

Соңғы жаңалықтар