Министрлік «ҚазСуШарға» Ислам Даму банкінен 2,7 млрд доллар инвестиция тартпақшы
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСуШар» мекемесінің ирригациялық жобаларына Ислам Даму банкінен 2,7 млрд доллар қарыз алмақшы.

Бұл туралы министр Нұржан Нұржігітов ведомствоның алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдеріне мәлім етті.
- Ислам даму банкінен бірнеше кезең бойынша қарыз тарту көзделген. Бірінші кезең бойынша келісімшартқа жуықта отырамыз. Мемлекет кепілдігі рәсімделгеннен кейін «ҚазСуШар» мекемесіне 500 млн доллар қарыз бөлінеді. Бұл ақшаға 4 жаңа су қоймасын соғып, 4 қолданыста бар су қоймасын күрделі жөндеуден өткіземіз. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 3 мың шақырым болатын 156 ирригациялық жүйе бар. Оларға күрделі жөндеу жүргізіп, реконструкциялаймыз, - деді ол.
Бірінші кезең сәтті іске асса, жобалардың екінші және үшінші кезеңдеріне қарыз тартылмақ.
- Жалпы айтсақ, Ислам Даму банкінен 2,7 млрд доллар қарыз тартуды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жоспар ғана, әлі мақұлданған жоқ. Оның бәрі елдегі тозған ирригациялық жүйені жаңғыртып, су қоймаларын реттеуге жұмсалады, - деді министр.
Сондай-ақ, ол Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қарыздың жағдайына тоқталды.
- Еуропа қайта құру және даму банкінен алған 60 млрд теңге 2017 жылдан бері игеріліп келеді. Бүгінгі таңда оның 55 пайызы игерілді. Қалған 45 пайызын 2025-26 жылы толық игеріп бітіреміз. Бұл қарызды «ҚазСуШар» мекемесі тариф есебінен төлеп отырғанын айта кету керек. Ол қаражат Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйені жаңартып, бетондауға жұмсалып жатыр. Каналдарды жөндедік, бірақ жұмыс атқарылды, - деді ведомство басшысы.
Ал былтыр күзде Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына $1,15 млрд инвестиция салатыны айтылған болатын.