Минскіде Беларус вице-премьерінің Қазақстанға жасағалы отырған сапарының бағдарламасы талқыланды

МИНСК. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат - Ақпанның 25-і мен 27-сі аралығында Беларус Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Владимир Семашконың Қазақстанға жұмыс сапары өтеді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сапар бағдарламасы мен оның барысында талқыланатын мәселелер тізбесін талқылау үшін Қазақстанның Беларус Республикасындағы елшісі Анатолий Смирнов пен Беларус вице-премьері Владимир Семашко Минскіде кездесу өткізді. Беларус тарабының мүддесін ескере отырып, дипломат қазақстандық экономиканың құрылымы бойынша, «30 корпоративтік көшбасшы», «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламалары туралы, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры және осы қор арқылы жүзеге асырылып жатқан барлық ірі жобалар туралы әңгімелеп берді. Қаржы дағдарысы кезеңінде Беларустың Қазақстан рыногына деген ықыласы бұрынғыдан да артып отырғанын айта кету керек. Атап айтқанда, В.Семашконың айтуынша, олар барлық қажетті қосалқы бөлшектерімен ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге әзір. «ҚазАгроҚаржы» қазақстандық компаниясының сату жүйесіне «Гомсельмаш» ресми дилерін қосу мүмкіндігі сөз болды. Беларус тарабы сонымен бірге «Гомсельмаштың» қазақстандық серіктеспен бірлескен кәсіпорын құруға мүдделілігін қуаттады. Сонымен бірге, «МТЗ» тракторларын құрастыру мәселесі талқыланды, беларус тарабы Қазақстан аумағында жаңа бірлескен өндірістер ашуға әзірлік білдірді. Әңгіме барысында, өндірістік кооперациясы мәселелеріне қоса, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар екі мемлекеттің ғылыми ұйымдарының ынтымақтастығын жандандыруға ниет білдірді. Беларус тарабы өзінің жоғары оқу орындарында оқытуға, сондай-ақ кәсіпорындарда өндірістік машықтанудан өткізуге қазақстандық студенттерді қабылдауға әзір екенін мәлім етті. Елші А.Смирнов өз кезегінде, Қазақстанда «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы аясында жоғары технологиялар жасау жөніндегі жобалар жүзеге асырылып жатқанын, осынау жобаларға беларус субъектілерінің қатысу мүмкіндіктерін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар