Минскідегі ТМД үкіметтері басшыларының отырысында инновациялық 11 қанатқақты жоба қабылданбақ

Бұл туралы ТМД атқарушы комитеті төрағасының орынбасары - атқарушы хатшысы Владимир Гаркун тілшілерге берген сұхбаты барысында мәлімдеді.
Отырыста 2012 жылы өмірге жолдама алған мемлекетаралық инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланады. Аталмыш бағдарламаның негізінде қанатқақты мемлекетаралық инновациялық жобалардың тізімі әзірленді. Олар Достастық елдеріндегі түрлі жұмыстың бағыттарын қамтып, IT-технологияны, нанотехнологияны, өндірістік технологияларды, авиациялық, ғарыштық және көлік жүйелерін дамытуды көздейді. Жобалар аясында қауіпсіздік, энергия үнемділік, табиғатты мақсатты пайдалану, медицина мәселелері де қарастырылып отыр.
Сондай-ақ ТМД үкіметтері басшыларының жиынында бейбіт мақсатта атомдық энергияны қолдану бағытында мемлекетаралық қарым-қатынасты реттеу туралы келісімнің жобасы сараланады. «Бұл күрделі мәселе, оны шешу үшін Достастық мемлекеттерінің күшін біріктіруіміз қажет», - деп атап өтті Владимир Гаркун.
Жалпы ТМД үкіметтері басшылары отырысының күн тәртібінде 30 мәселе әңгіме өзегіне айналмақ. Олардың арасында қаржылық-экономикалық блок маңызды саналады.