Минус 2,5 кг немесе плюс 2 кг: депрессияға қарсы дәрі салмақ пен денсаулыққа қалай әсер етеді
АСТАНА.KAZINFORM - Депрессияға қарсы дәрі ем басталғаннан кейін бірнеше апта ішінде салмаққа, жүрек соғу жылдамдығына және қан қысымына әсер етеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Бүгінгі таңда Еуропа мен Солтүстік Америкадағы ересектердің 20% -ы депрессияға қарсы дәрі қабылдайды. Бұл дәрі-дәрмектер депрессияға ғана емес, сонымен қатар мазасыздықтың, ұйқының бұзылуына және басқа психикалық денсаулық жағдайларына да тағайындалады.
Олардың жанама әсері бұрыннан белгілі болғанымен, денеге әсер етуінде қаншалықты ерекшеленетіні осы уақытқа дейін белгісіз болды.
Лондондағы Кингс колледжі мен Оксфорд университетінің ғалымдары 58 000-нан астам адам қатысқан 151 клиникалық сынақтың деректеріне талдау жасады. Бұл зерттеулер 30 түрлі депрессияға қарсы дәрі қабылдаған пациенттердегі дене салмағы, жүрек соғу жиілігі және қан қысымы сияқты физикалық өзгерістерді бағалады.
Нәтижелер бүкіл әлемде ең жиі тағайындалған мұндай дәрілер SSRI (серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері) әдетте физикалық жанама әсерлерді азайтатынын көрсетті. Алайда, кейбір басқа дәрілер мұқият медициналық бақылауды қажет етуі мүмкін.
Препараттар арасындағы айырмашылықтар емдеудің қысқа курстарында да байқалды. Мысалы, агомелатин қабылдаған емделушілер орта есеппен шамамен 2,5 кг жоғалтқан, ал мапротилин қабылдағандар керісінше, шамамен 2 килограм қосқан.
Сондай-ақ амитриптилин қабылдаған пациенттердің жартысына жуығында дене салмағының жоғарылауы байқалды. Басқа параметрлерде де айырмашылықтар бар: мысалы, флувоксамин мен нортриптилин арасында жүрек соғу жиілігі минутына 21 рет соғуға дейін көтерілген.
The Lancet басылымында жарияланған зерттеудің авторлары жеке қауіптер мен пациенттердің ерекшеліктерін ескере отырып, антидепрессанттар тағайындау бойынша клиникалық нұсқауларды қайта қарауға шақырады.
Бұған дейін жаһандық дертке айналған депрессиямен қазақстандықтар қалай күресіп жатқаны хабарланған болатын.