Мырзабосынов Ясмина Тоқсанбаеваның ісіне қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарында алған алтын медалінен айырылуына байланысты іс халықаралық спорттық арбитражда қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта спортшының мүддесін қорғау бағытында федерация тиісті жұмыстар жүргізіп, арбитраждық сотқа өтінімдерін жолдаған.
— Бүгінде Ясминаның мәселесі бойынша федерация белсенді жұмыс істеп жатыр. Арбитраждық сотқа тиісті өтінімдер берілді. Бұл жерде ең маңыздысы алдағы уақытта осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу, — деді Ербол Мырзабосынов.
Ведомство басшысы аталған жағдайға қатысты жауапкершілік мәселесі де қаралатынын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселеде спорт комитетінен бастап, федерация, Ұлттық олимпиада комитеті, жаттықтырушы және спортшының өзі де белгілі бір жауапкершілікке ие.
Алайда нақты кімнің кінәлі екені сот шешімі шыққаннан кейін қарастырылмақ.
— Біз арнайы жол картасын әзірлеп, осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соттың түпкілікті шешімі шыққаннан кейін осы жағдайға жауапты адамдардың мәселесін қараймыз, — деді министр.
Сонымен қатар Ербол Мырзабосынов спортшыға қолдау көрсету жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, Ясмина Тоқсанбаеваның көрсеткен нәтижесі Олимпиада ойындарында жүлдеге таласуға мүмкіндік беретін деңгейде.
Министр федерация тарапынан спортшыға бюджеттен тыс қаражат есебінен Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер берілгенін де жеткізді. Бұған қоса, бұған дейінгі Азия чемпионаты мен халықаралық жарыстардағы жетістіктері ескеріліп, мемлекеттік наградамен марапатталған.
— Біздің басты қағидатымыз спортшыны қолдау. Жарыс бір күнмен шектелмейді, алда Олимпиада ойындары бар. Ясминаның нәтижесі Олимпиада жүлдегерлері қатарына кіруге мүмкіндік беретін деңгейде. Сондықтан біз оған жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз, — деді министр.
Бұған дейін Мырзабосынов Шайдоровтың жаттықтырушысы ауысуына қатысты пікір білдірген еді.