Міржан Жақсылықов ПАБА чемпионы атанды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
3 минуттан тұратын 11 раундық бұл жекпе-жектің супервайзері Болат Манкенов, промоутері Марат Мәзімбаев болған еді. Онда 57,2 килә салмақта тайландық Писаденг Киасактхани өзінің чемпиондық атағын қорғай алмай қалды. Чемпиондықтан үміткер қазақстандық Міржан Жақсылықов 7-ші раундтың 2-ші минуты 53-ші секундында қарсыласын бүйректен ұрып естен тандырды. П. Киастханидің бұл 8-ші жеңілісі болды. Бұған дейін 27 жекпе-жек өткізген боксшы оның 20-сында жеңіс тойлаған болатын. Ал Рахат Ахмадиевтен тәлім алатын Міржанның бұл кәсіпқой бокстағы 8-ші кездесуі. М. Жақсылықов бұл кездесулердің бәрінде (үшеуі нокаутпен) мерейі үстем болды.
1985 жылы тамыздың 4-інде Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында өмірге келген Міржан бокс қолғабын қолына алғаш рет 12 жасында киген болатын. Әуесқой бокста 2000-2004 жылдары Қазақстан чемпионатында топ жарған жас боксшы, ҚР универсидасында да үздіктер қатарынан орын алды. Сондай-ақ кадеттер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Қазіргі таңда бағын кәсіпқой бокста сынап жүрген ол Марат Мәзімбаевтың «Снайпер» клубында жаттығып жүр.