Мысыр мен Өзбекстан Сұлтан Сайф әд-Дин Құтыз туралы фильм түсіруі мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Мысыр мемлекеттік кітапханасында «Сайф әд-Дин Құтыз тарихының жаңа беттері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Dunyo ақпарат агенттігі.

Конференцияны ашқан Өзбекстан елшісі Мансур Қиличев, Мысыр мемлекеттік кітапханасы қорының директоры, елші Реза әл-Тайфи, өзбек және ағылшын тілдерінде жазылған « Сайф әд-Дин Құтыз – соңғы соққы» кітабының авторы Бекзод Әбдіримов бауырлас екі мемлекеттің қарым-қатынасын нығайтудағы мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды. Өзбекстан мен Мысыр тарихшылары, жазушылар, өнер өкілдері қатысқан шарада екі елдің сан ғасырлық тарихи байланыстары талқыланды.
Ислам әлемі тарихындағы қаһарман тұлғалардың бірі Құтыз Хорезмшахтар мемлекеті аумағында, ежелгі Хорезмде дүниеге келген. Жас кезінде атамекенінен кеткен Сұлтан Сайф әд-Дин Мысыр сұлтаны дәрежесіне дейін көтеріліп, 1260 жылы Айн Джалут шайқасында моңғолдар үстінен шешуші жеңіске жетіп, Мысыр мен Ислам әлемінің көп бөлігін сөзсіз жойылудан құтқарды.
Іс-шараға қатысушылар Сұлтан Құтыз сияқты тарихи тұлғаларды еске алу бүгінгі жаһандану заманында өзара түсіністікті нығайтуға қызмет ететінін айтты.
Сөзге шыққандар Өзбекстан мен Мысыр киногерлерінің Сұлтан Сайф әд-Дин Құтыз туралы көркем және деректі фильм түсіру бастамасын да ұсынды.
Еске сала кетейік, Кувейт киногерлері Өзбекстанда «Мәмлүктер тарихы» атты фильм түсірмек.