Мысыр өкілі ЮНЕСКО-ның бас директоры лауазымына жалғыз үміткер ретінде ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Дауыс беру қорытындысы бойынша ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің мүшелері бас директор лауазымына Халед Әл-Ананиді кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Бұл ұсыныс 6 қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін Ұйымның Бас конференциясы барысында ЮНЕСКО-ға мүше барлық мемлекеттердің дауыс беруіне қойылады. Кандидат бас конференцияда сайланғаннан кейін қараша айының ортасында Одрэ Азуленің орнына қызметіне кіріседі.
Халед Ахмед әл-Анани Али Эзз 1971 жылы дүниеге келген. Египеттанушы және Хелуан университетінің египетология профессоры. Ол 30 жылдан астам уақыттан бері осы оқу орнында дәріс береді. Туризм және қонақ үй шаруашылығы факультетінің декан орынбасары, Ашық оқу орталығының директоры, туризм менеджменті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол Монпельедегі (Франция) Пол Валери университетінде египетология бойынша PhD дәрежесін алды, онда бірнеше рет шақырылған профессор болды.
2014-2016 жылдары Египет өркениетінің ұлттық мұражайын, 2015-2016 жылдары Каирдегі Мысыр мұражайын басқарды. 2016-2022 жылдар аралығында Египет Араб Республикасының Ежелгі ескерткіштер министрі, содан кейін Туризм және көне жәдігерлер министрі қызметін атқарды.
Бірнеше халықаралық ғылыми қоғамның мүшесі. 2024 жылдың қарашасында ол Дүниежүзілік туристік ұйымның Мәдени туризм жөніндегі арнайы елшісі болып тағайындалды. Кейінірек Африка Дүниежүзілік мұра қорының сенімді өкілі болды. Ол бірқатар халықаралық марапаттарға ие болған. Араб, француз және ағылшын тілдерін меңгерген.
Айта кетейік, Маңғыстау жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енгізілмек.