Мысыр президенті 12 жылда алғаш рет Түркияға келді
АСТАНА. KAZINFORM – Мысыр президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөздерге қатысу үшін бүгін ресми сапармен Анкараға келді. Бұл аймақтық державалар арасындағы қарым-қатынас жақсарғалы бергі екі ел арасындағы соңғы 12 жылдағы алғашқы президенттік сапар.

Кездесу Режеп Тайып Ердоғанның ақпан айында Каирге сапарынан кейін, 2012 жылдан бері бірінші рет, онжылдықта қатты шиеленіскен қарым-қатынасты қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болды.
Мысыр президентінің 2014 жылы қызметке кіріскеннен бергі Анкараға алғашқы сапары түрік әріптесі Р. Ердоғанның шақыруымен жүзеге асырылады.
- Түркия мен Египет арасындағы қарым-қатынас барлық аспектілерде қарастырылады, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша алдағы кезеңдегі ықтимал бірлескен қадамдар талқыланады, - деп хабарлады Түркия президентінің баспасөз қызметі.
Бір күндік сапар аясында екі елдің жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтеді. Онда Түрік-Мысыр қарым-қатынастары жан-жақты қарастырылып, екіжақты сауда айналымын жылына 10 миллиард доллардан 15 миллиард долларға дейін арттыру үшін жасалуы мүмкін ортақ қадамдар талқыланады.
Мысыр мен Түркия басшыларының келіссөздерінде Палестина-Израиль қақтығыстарын реттеу және басқа да аймақтық және жаһандық проблемаларды талқылау жоспарланған.
«Екі жақты қарым-қатынастардан басқа, өзекті аймақтық және жаһандық мәселелер, әсіресе Израильдің Газа секторы мен басып алынған Палестина аумақтарына жасаған шабуылдарына қатысты пікір алмасу болады», - деп қосты Түркия президентінің баспасөз қызметі.
Сапар барысында екі ел энергетика, қорғаныс, туризм және білім беру сияқты салаларды қамтитын 20-ға жуық келісімге қол қояды. Сондай-ақ күн тәртібінде жаңартылатын энергия және сұйытылған табиғи газ (СТГ) саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылады.
Түркияға мемлекет басшылары деңгейіндегі соңғы сапар 2012 жылы жасалды, ол жолы Мысырдың бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси Түркияға келген.
Анкара мен Каир арасындағы қарым-қатынас 2013 жылы Египеттің қазіргі президенті, сол кездегі армия басшысы Абдель Фаттах әл-Сиси Түркияның одақтасы ретінде қарастырылған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының жетекшісі Мұхаммед Мурсиді тақтан тайдырғаннан кейін күрт нашарлады.
2013 жылы екі ел де елшілерін кері шақырды. 2021 жылдың наурыз айында Түркия Сыртқы істер министрлігі Мысыр елімен дипломатиялық деңгейде байланыстарды қалпына келтіретінін хабарлады. 2023 жылдың шілдесінде екі ел де Анкара мен Каирде елшілерді тағайындау арқылы дипломатиялық қарым-қатынастарды толығымен қалпына келтірді.