Мысыр шөл далада жаңа қала салуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мысырда шөл далада Ніл өзенінен су алатын жаңа қала бой көтереді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Мысыр премьер-министрі Мустафа Мадбули елде жаңа қала салу жоспары туралы айтып берді. Бұл қала шөл далада орналасып, оған Ніл өзенінің жылдық квотасының шамамен 7 пайызы бағытталатын болады.
Су тапшылығы проблемасына тап болып отырған Мысыр билігі бұл жобаның мемлекеттік активтердің құнын арттыруға және жер бағасын көтеруге көмектесетініне үміттеніп отыр. Премьер-министр мұндай мақсатқа жету үшін «дәстүрлі емес, инновациялық идеялар» қолданылатынын атап өтті.
Reuters агенттігі хабарлағандай, Каир қаласының орталығынан 42 шақырым батыста орналасатын 6,8 млн шаршы метрлік Джириан қаласына күн сайын Нілден шамамен 10 миллион текше метр су жеткізіледі. Бұл су 2,28 млн акр аумақты қамтитын New Delta жобасын сумен қамтамасыз етуге бағытталады.
Мустафа Мадбулидің айтуынша, бұл жоба Мысыр билігіне су мен электр энергиясының тапшылығы, сондай-ақ тереңдеп келе жатқан экономикалық дағдарысқа қарсы күресте көмектесіп, мемлекеттік активтердің құнын арттырады әрі жер бағасын өсіреді.
Жоба аясында тұрғын үйлер, коммерциялық аймақтар, айлақ пен еркін экономикалық аймақ салу жоспарланып отыр.
Осыдан бұрын Мысырда перғауын мұрагерінің қабірі табылғанын хабарладық.