Мысырда фараонға тиесілі 3000 жылдық білезік ұрланып, құйма алтынға айналған
КАИР. KAZINFORM — 3000 жыл бұрын жасалған алтын білезік Мысырдағы музейде қолды болып, кейін құйма алтынға айналдырылған, деп жазды Азертадж.

Мысырдың Туризм және ежелгі мұралар министрлігінің мәліметінше, бұл құнды жәдігер қыркүйектің 9-ы күні Каирдегі Египет музейінен реставратор маманның көмегімен ұрланған.
АЗЕРТАДЖ-тың шетелдік ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, реставратор күміс бұйымдармен айналысатын саудагермен байланысқан. Ол өз кезегінде білезікті бір зергерге 3735 долларға сатып жібереді. Ал зергер білезікті литейка (балқыту) зауытының қызметкеріне 4025 долларға сатып, білезік басқа бұйымдармен бірге балқытылып жіберіледі.
Министрлік бұл іске қатысы бар төрт адамның тұтқындалып, кінәларын мойындағанын хабарлады.
Бұл білезік Ежелгі Мысырды б.з.д. 1001–992 жылдары басқарған фараон Аменемопқа тиесілі болған. Ол Үшінші өтпелі кезең патшаларының бірі ретінде белгілі.
Аменемоп өз заманында қалың алтын жапырақтардан соғылған керемет жерлеу бетпердесімен танымал. Бұл бетперде патшаның бейнесін тыныш әрі мәңгілік нұрмен жарқыратып көрсету мақсатында жасалған делінеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия тұрғындары үшін Мысыр тартымды туристік бағытқа айналып отырғанын жазған едік.