Мысырдан Газа секторына 36-шы көмек керуені аттанды

АСТАНА. KAZINFORM — Мысыр жексенбі күні Израиль әкімшілігінің тексеруінен кейін «Рафаһ» бақылау бекетінен «Керем‑Шалом» бақылау бекетіне қарай Газа секторына өтетін гуманитарлық көмектің жаңа колоннасын жөнелтті, деп жазады Синьхуа.

п
Фото: Anadolu Ajansı

Бұл туралы Мысыр мемлекеттік телеарнасы мәлімдеді.

27 шілдеден бері Мысыр Қызыл Ай қоғамының бастамасымен Газаны қолдау мақсатында ұйымдастырылған 36-шы гуманитарлық көмек колоннасы жолға шықты.

Азық-түлік (күріш, макарон, ұн және балалар тағамы), дәрі-дәрмек пен медициналық жабдық тиелген гуманитарлық көмек керуені таңсәріде аттанды.

Алдыңғы, яғни 35-ші гуманитарлық керуен бейсенбі күні жөнелтілген. Ол алғаш рет үйлері қирап немесе зақымданған палестиналық босқындардың жағдайын жеңілдету үшін мобильді дәретханалармен жабдықталған болатын.

Хабарламада гуманитарлық көмектің бір бөлігі Синай түбегі тұрғындарының палестиналықтарға арнап жинаған қайырымдылықтарынан құралғаны айтылды. Сонымен қатар, Мысыр Қызыл Ай қоғамы Газаға көмек жібергісі келетін басқа елдермен де үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Газадағы денсаулық сақтау органдарының соңғы деректеріне сәйкес, Израильдің әскери науқаны салдарынан Газада 64 871 палестиналық қаза тапқан, тағы 164 610 адам жарақаттанған. Инфрақұрылымға үлкен зардап келтірілген және гуманитарлық жағдай нашарлаған.

Сонымен қатар, аштық пен жеткіліксіз тамақтану салдарынан газалықтар арасында 422 адам, оның ішінде 145 бала қайтыс болған. Бұл Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда басталғаннан бері тіркелген дерек.

Қақтығыс басталғалы Мысыр Газаға жеткізілген гуманитарлық көмектің 70 пайыздан астамын қамтамасыз етті. 550 мың тоннадан астам азық-түлік пен дәрі-дәрмек мыңдаған жүк көлігімен жеткізілген. Қазіргі уақытта Рафаһ бақылау-өткізу бекетінде Израильден рұқсат күтіп тұрған шамамен 5 мыңға жуық көлік кезекте тұр.

Бұдан бұрын Израильдің қарқынды соққыларынан кейін Газадан 300 мыңнан аса тұрғын кеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар