ММА-дан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына Ақтөбеде дайындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынына Ақтөбе қаласына аттанды. Спортшылар екі апта бойы Астанада 6-7 қазан күндері өтетін WMMAA нұсқасы бойынша V әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

ММА, панкратион және грепплинг ұлттық федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ММА-дан Қазақстан құрамасының 10 спортшысы, оның ішінде екі қыз ММА-дан әлем чемпионатына дайындықты күшейтпек.
Қазақстан құрамасының негізгі құрамы белгіленген. Бірақ оқу-жаттығу жиыны барысында кейбір өзгерістер енгізілуі ықтимал. 52,2 келі салмақ дәрежесінде Зарина Қадырбаева, Мария Агапова (61,2 келі), Санжар Әділов (56,7 келі), Абылай Төлеш (61,2 келі), Денис Муцник (65,8 келі), Азамат Бақтыбаев (70,3 келі), Темірлан Ықсанғалиев (77 келі), Еркінбек Інжіл (84 келі), Райхан Мәди (93 келі), Астапов Саша (93 келі) өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айбек Шоқпытов спортшылар «Әлихан» спорттық кешенінде әлемдік деңгейдегі додаға дайындалуда. Олармен кездесіп, оқу-жаттығу жағдайымен танысу үшін ҚР ММА, панкратион және греплинг Ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев келді. 
«Спортшыларымыздың дайындығына куә болдым. Жаттығу залы ыңғайлы. Олардың демалуына арналған бөлмелерді араладық. Тамақтандыру деңгейі көңіл көншітеді. Жалпы Астанадағы әлем чемпионатына дайындық үшін қолайлы жағдай жасауға тырыстық», - деді ол.
ММА бойынша V әлем чемпионатын ММА, панкратион және грепплинг ұлттық федерациясы Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Айта кетерлігі, ММА (Mixed Martial Arts - аралас жекпе-жек) - әлемде жедел дамуға бет алған спорт түрлерінің бірі. Аралас жекпе-жек АҚШ, Еуропада, Қытайда, Үндістанда және әлемнің басқа мемлекеттерінде белсенді дамып келеді.

Соңғы жаңалықтар