Қуықасты безі обырын радиоизотоптық диагностикалайтын бірегей технология іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығы жаңа буын радиофармацевтикалық препараты – 18F-PSMA көмегімен ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізуге арналған радиоизотоптық диагностиканың бірегей технологиясын іске қосқанын хабарлады.

аурухана
Фото: ҚР ПІБ МОА

18F-PSMA (фтор-18-простатоспецификалық мембраналық антиген) – қуықасты безінің алғашқы және қайталама обырын, сондай-ақ оның метастаздарын жоғары дәлдікпен анықтауға арналған инновациялық диагностикалық препарат. Ол қуықасты безі обырына күдік туындаған науқастарға простатспецификалық антиген деңгейі жоғарылаған кезде, диагнозы расталған пациенттерге аурудың сатысы мен таралу ауқымын бағалау үшін, сондай-ақ рецидивке күдік болған жағдайда, радионуклидтік терапияға немесе хирургиялық араласуға дайындық барысында ұсынылады.

обыр
Фото: ҚР ПІБ МОА

Қазақстанда алғаш рет циклотрон технологиясы негізінде синтезделген PSMA-препарат клиникалық тәжірибеге ресми түрде енгізілді.

– 18F-PSMA технологиясын енгізу – отандық онкоурология мен ядролық медицина саласы үшін үлкен ілгерілеу деп білемін. Бұл жаңа әдіс қатерлі ісікті ерте сатысында анықтауға, емді жекелей таңдап, науқастардың оң нәтижеге қол жеткізу үмітін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – қазақстандық медицинаның онкологиялық ауруларға қарсы күресте дәлдікке, технологиялылыққа және жекелендірілген тәсілге негізделіп, жаңа деңгейге шыққанын білдіреді, – деп атап өтті МОА Ядролық медицина орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова.

Мамандардың айтуынша, бұл препараттың бірқатар артықшылығы бар: ісіктерді ерте анықтауда аса маңызды саналатын кескіннің айқындылығы мен контрасты жоғары, молекулалық құрамы тұрақты, бұл диагностика нәтижесіне сенім ұялатады, сондай-ақ жартылай ыдырау мерзімі ұзақ (110 минут). Мұның барлығы оның қолдану аясын кеңейтіп, бір күнде көбірек науқасты тексеруден өткізуге мүмкіндік береді.

ҚР ПІБ МОА
Фото: ҚР ПІБ МОА

Бұл препарат Ядролық медицина орталығының циклотронды-өндірістік жоғары технологиялық кешенді базасында шығарыла бастаған жетінші радиофармацевтикалық өнім болып отыр.

қатерлі ісік
Фото: ҚР ПІБ МОА

Жалпы, ҚР ПІБ Медициналық орталық ауруханасының Ядролық медицина орталығы 10 радиофармпрепаратты өндіреді: оның 7-еуі – циклотрондық (18F-FDG, 18F-NaF, 11C-Met, 18F-DOPA, 18F-FLT, 18F-FET, 18F-PSMA) және 3-еуі – генераторлық (68Ga-PSMA, 68Ga-DOTA, 68Ga-FAPI).

аурухана
Фото: ҚР ПІБ МОА

Айта кетейік, Алматыда сүт безі обырына қарсы препараттар өндіріледі.

Соңғы жаңалықтар