Мобильді аударымдар: Жасырын табыс ертелі-кеш анықталады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильді аударымдарды бақылауда 100 адам межесі қалай белгіленгенін түсіндірді.

Мобильді аударымдар: Жасырын табыс ертелі-кеш анықталады
Коллаж: Kazinform

− Осы өлшемшартты белгілегенде бір ай мерзімін қою дұрыс емес деп есептедік, себебі бір айда 100 түрлі адамнан мобильді аударым алу мүмкіндігі көбірек. Өйткені той-томалақ бар, басқа да шаралар бар. Ал үш ай қатарынан аударым түссе, бұл нақты кәсіпкерліктің белгісі бола алады. 30-40 адам десек те, кәсіпкерлікке қатысы жоқ жеке тұлғалардың ілініп кетуі мүмкін еді. Сондықтан 100 межесі кәсіпкерлерді анықтауға мүмкіндік береді деп есептедік, − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.

Бұл ретте аударымдар саны жүзге жетпей, 99 аударым ғана болса, тексеруге ілінбейді. Спикер кей кәсіпкерлер өлшемшарттан айналып өту жолдарын қарастыруы мүмкін екенін мойындайды.

− Егер кәсіпкерлер өлшемшарттан айналып өту жолдарын тауып жатса, демек біз де кәсіпкерлерді анықтау мүмкіндігін қайта қарастырамыз. Бұл бағытта жұмысымызды үздіксіз жүргіземіз +++ Кіріс органдары жасырын табысты ертелі-кеш анықтайды, бізде ескіру мерзімі – 3 жыл. Сондықтан кәсіпкерлерге өз ісіне жауапкершілікпен қарауын сұраймыз, − дейді спикер.

Комитет өкілі қайтадан қолма-қол қаражатқа көшкен кәсіпкерлерге әкімшілік шара туралы ескертті.

− Егер сатушы сіздің картамен төлеуіңізге шектеу қойса, мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болды. Алғашында кәсіпкерге ескерту жасалады, егер ол қайталанса – 40 АЕК айыппұл салынады. Бұл 157 мың теңге, - деп түсіндірді Е.Көптілеуұлы.

Айта кетейік, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіп жүргізгендерге 15 АЕК айыппұл (58 980 теңге) әкімшілік шара көзделген.

Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударым бойынша қалаған уақытында кез келген тұлғаның шотын тексере алмайды.

Соңғы жаңалықтар