Молдовадағы наразылықтар: себебі мен перспективасы

КИШИНЕВ. ҚазАқпарат – Өткен аптаның соңында Молдова астанасында мыңдаған адам митингке шықты, наразылық білдірушілер үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Молдовада не болып жатқаны және елдегі қызу текетірес себептері туралы мәліметтерді ұсынады.
None

Молдова дағы экономикалық сын-қатерлер

Шетелдік шолушылардың пікірінше, Молдовадағы наразылықтың негізгі себептері – күрделі экономикалық жағдай және елдің басты саяси күштерінің алуан түрлі геосаяси бағдар ұстануы. Молдова қоғамының бөлінуі республиканың Украинадағы қақтығыс аймағына жақын орналасуы кезінде айрықша байқалуда.

Дүниежүзілік банк Молдова соңғы 20 жылдағы жақсы экономикалық көрсеткіштеріне қарамастан, Еуропадағы ең кедей елдердің бірі болып қалғанын айтып отыр.

Фото:politnavigator.net


Шетелден ақша аударымдары есебінен тұтынуға негізделген Молдова экономикасының өсу моделі өсім қарқыны мен кедейліктің төмендеуін қамтамасыз етті, бірақ ол соңғы дағдарыстар легінде өзінің тұрақсыздығын көрсетті.

Дүниежүзілік Банктің мәліметінше, шетелден ақша аударымдарының қысқаруы және халықтың қартаюы өнімділіктің баяулауына әкеп соқты. Бұл ретте аз қамтылған халықтың едәуір бөлігі зейнетақы мен мемлекеттің әлеуметтік көмегіне тәуелді болып отыр.

COVID-19 пандемиясы, Ресейден газ жеткізудің қысқаруына байланысты энергетикалық дағдарыс, Украинадан босқындар ағыны Молдова экономикасының әлсіз тұстарын әшкереледі.

Фото:politnavigator.net


Оған қоса, шағын экономика теңізге шығу мүмкіндігінің болмауынан, Украинамен де, Ресеймен де сауда байланыстарының бұзылуынан әлсірей түсті. Молдоваға босқындардың ағылуы ұзақ мерзімді даму басымдықтарынан ресурстарды жырып, қосымша бюджеттік шығын жасауға мәжбүр етті. Босқындардың үлкен легі орта мерзімді перспективада күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдай туғызды, әсіресе көптеген мигранттардың елде қалып, бірақ жұмыс таба алмауы шиеленісті арттырды.

БҰҰ дерегінше, Украинаның жүздеген мың азаматы мәжбүрлі түрде Молдоваға келді.

«Біреу онда ұзақ уақытқа қалса, басқалары үшін Молдова транзиттік елге айналды. Бірақ, қалай болғанда да, босқындар ағыны Молдова үшін ауыр жүктеме болды. Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) ел билігіне бұрын-соңды болмаған қиындықты еңсеруге көмектесіп жатыр», - делінген БҰҰ хабарламасында.

Молдоваға Украинадан жалпы 800 мыңға жуық адам келді. Олардың шамамен 10 пайызы сонда қалуға шешім қабылдады. Елде қалғандардың көпшілігі шекарадан небәрі 40 шақырым жердегі Одесса сияқты қалалардан келген. Бұл адамдардың Молдовада туыстары мен достары бар, ал кейбірі жай ғана отанына жақын өмір сүргісі келеді.

Фото В.Лакен/Lensman.eu

Молдова азық-түлік пен энергия импортына тәуелді болды және бұл сыртқы жеткізілімдер үзілген кезде ерекше білінді. Сонымен бірге Молдова энергетикалық қажеттіліктері үшін әлі күнге дейін Ресейден келетін табиғи газға өте тәуелді.

Ресейдің «Ведомости» басылымы 2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін Молдовада газ бағасы бес есе өскенін жазды. Мысалы, 2022 жылдың қыркүйегінде тариф 1000 текше метрге 899 доллар деп бекітілсе, 2022 жылдың тамызында – республика 1000 текше метр газды 1458 доллардан импорттаған.

Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 қазаннан бастап «Газпром» Молдаваға газ берудің тәуліктік көлемін 30%-ға– республиканың қажеттілігі 8,06 млн текше метр бола тұра, 5,7 млн текше метрге дейін қысқартқан.

Фото: newsmaker.md

«Көгілдір отын» бағасының күрт өсуін ескере отырып, Молдова газ үнемдеуге көшті. 2022 жылдың желтоқсанында «Молдовагаз» мәліметінше, Ресей газын тұтынуды 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға қысқартуға қол жеткізген. Республика газды үнемдеу режиміне көшіп, мазут пен ағашты отынға сатып алу ұлғайған.

Импорттағы іркілістер баға қысымын одан әрі күшейтеді, бұл өз кезегінде жергілікті компаниялардың бәсекеге қабілетіне және үй шаруашылықтарының, әсіресе кедей халықтың табысына нұқсан келтіреді.

Инфляцияның рекордтық деңгейі

Молдова Ұлттық статистика бюросы 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция республика тарихында рекордтық көрсеткішке – 30,24%-ке жеткенін хабарлады. Азық-түлік бағасы 31,8%-ға, көмір – 2,1 есе, электр энергиясы – 2,7 есе өскен.

Фото: ostrovrusa.ru

Сарапшылар Молдова экономикасындағы дәл осы күрделі жағдай биылғы ақпан айында Премьер-Министр Наталья Гаврилица үкіметінің отставкаға кетуіне себеп болды деп санайды.

«Егер үкіметтің Молдовада ЕО, Брюссельдегідей қолдауы болса, біз одан да көп нәрсеге қол жеткізер едік», - деді Наталья Гаврилица.

Молдова президенті Майя Санду үкімет басшысы лауазымына өзі жақын араласатын Дорин Речанның кандидатурасын ұсынды. Ол 2012 жылдан 2015 жылға дейін Молдова ішкі істер министрлігін басқарған. 2022 жылдың ақпанында Президенттің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі және жоғары қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.

Оның кандидатурасын ұсыну Молдова мен халықаралық саясаттанушылар үшін тосын хабар болған жоқ, деп хабарлайды британдық BBC. Дорин Речан Майя Сандудың Батысқа жақындау, ЕО-ға кіру және НАТО-мен серіктестік бағытын толық қолдайды.

Молдованың сыртқы саясаты

Молдованың Украинамен және Еуропалық Одақпен (Румыния) шекарасы сыртқы ойыншылардың аймаққа ықпал етудегі геосаяси күресінде республиканың маңыздылығына әсер етеді.

2020 жылдың 24 желтоқсанынан бастап Молдова «Әрекет және ынтымақтастық» партиясының жетекшісі Майя Санду ел президенті болды. Сайлаудың екінші турында үміткер Майя Санду сол кездегі президент Игорь Додонды жеңді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Майя Санду 57,7% дауыспен Игорь Додонды (42,2%) жеңіп, тәуелсіз Молдова тарихындағы алғашқы әйел президент атанды.

Фото:© Sputnik / Родион Прока

Бұл ретте ел ішінде кандидаттар арасындағы алшақтық Майя Сандудың пайдасына шамамен 3% ғана құрады. Бұл нәтижеге шетелде дауыс беру учаскелеріндегі дауыстарды санау айтарлықтай әсер етті. Сондықтан бірқатар шолушылар Молдова қоғамында республиканың сыртқы бағытына қатысты әртүрлі көзқарас бар деп санайды.

Өткен жексенбіде Молдовадағы мыңдаған адам жиналған митинг қоғамның бір бөлігі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу қажет деп санайтынын көрсетті. Наразы халық үкіметтен азаматтардың коммуналдық төлемдерін 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың ақпанына дейін, яғни қыстың 3 айында толық төлеуді талап етті.

Молдова радиосы үкіметке қарсы акцияны құрамына «Шор» партиясы кіретін «Халық үшін қозғалыс» жергілікті саяси бірлестігі ұйымдастырғанын хабарлады.

Коммуналдық төлемдерді төлеу талаптарынан басқа, акцияға қатысушылар «Үкімет кетсін», «Диктатура жойылсын» ұрандарын айтқан. «Шор» партиясының депутаты Марина Таубер саяси қозғалыстарға қатысушылар «мықты, біртұтас, ұйымшыл және жеңіске жетуге дайын» деп мәлімдеді.

Молдова үкіметінің өзі, ұлттық радионың хабарлауынша, бұл наразылыққа пікір берген жоқ.

«Билік азаматтардың наразылық білдіру құқығын, бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар бостандығын құрметтейді», - деді Молдова радиосына ел үкіметінің ресми өкілі Даниел Водэ.

Фото:radiomoldova.md

«Ел премьер-министріне оқиға туралы хабарланды, ал ІІМ-дегі әріптестер милицияның қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін мәлімдеді», - деп толықтырды Үкімет өкілі.

«Financial Times» халықаралық іскерлік газеті Батыс елдерінің шенеуніктері Молдова үкіметін құлату мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіргенін жазды.

Басылымның хабарлауынша, қазіргі наразылық бейбіт өтті және оған қатысушылар саны 2022 жылдың күзінде өткен алдыңғы демонстрациялардан аз болды. Алайда, мыңдаған адамның митингі Молдовадағы саяси шиеленіс өршіп тұрған кезде өтіп отыр.

Елдің билеуші партиясы - «Әрекет және ынтымақтастық» түпкілікті Еуропалық одаққа кіруді мақсат қойып отырғанын жасырмай, сыртқы саясаттағы батысшыл бағытты ұстанатыны белгілі.

Осыған байланысты «Financial Times» дерегі бойынша, Кишинев қаласындағы наразылықтарды Ресеймен интеграциялық байланыстарды күшейтуді қалайтын «Шор» партиясы ұйымдастырған. Партияның жетекшісі – молдовалық кәсіпкер және саясаткер Илан Шор.

Кишиневтегі митингке шыққан қарттардың бірі өзінің қаржылық жағдайын жақсартқысы келетінін және өзге елдердің ішкі жағдайына көмектескісі келмейтінін айтты: «Мен Молдованы жақсы көремін, бірақ маған электр энергиясын төлеуге көмектесетін басқа үкіметті қалаймын».

Фото:© Sputnik / Osmatesco

Зейнетке шыққан физика пәнінің мұғалімі Константин Чебан электр энергиясы төлемінің күрт өсуіне қатысты алаңдайтынын айтты, бірақ «Шор» партиясының жетекшісі демеушілік көрсеткені үшін наразылық акциясына бармаған.

Сонымен қатар, 19 ақпандағы үкіметке қарсы наразылықта қарар қабылданып, онда азаматтардың жылдың суық кезеңіндегі шоттарды толық төлеу талабына жауап беру үшін Үкіметке жеті күн уақыт берілген.

Шын мәнінде, Молдова тарихындағы алғашқы әйел президенттің алдында үлкен сынақ тұр – билікті құлату туралы әңгіме елге тұрақтылық әкелмейді және экономикадағы жағдай ел тұрғындарын жаппай наразылыққа шығуға итермелеуде.

Фото:© Sputnik / Osmatesco


Соңғы жаңалықтар