Моңғолия ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растады (ФОТО)

«Алдағы ЭКСПО-дан күтетініміз көп. Біздің өнеркәсіп министрлігіміздің тапсырмасына сәйкес, Моңғолияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу міндеті Сауда-өнеркәсіп палатасына (СӨП) жүктеліп отыр. Қазақстан жақсы жағдайлар ұсынып отыр», - деді Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының бас хатшысы Энэбиш Оюунтэгш қазақстандық дипломаттармен кездесуінде.
Моңғолияның өнеркәсіп министрлігінің мемлекеттік хатшысы Даваагийн Нямхуу Р.Жошыбаевпен әңгімелесу барысында Ұлан Батыр баламалы энергетиканы дамыту бағытында жұмыс жасап жатқанын айтты. «Осыған орай «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу біз үшін маңызды», - деді ол. Моңғол шенеунігі Қазақстанға ЭКСПО көрмесін сәтті өткізуге тілектестік білдірді. Кездесу барысында қазақстандық делегация ЭКСПО-орталықтың фото және видео таныстырылымын өткізді. Сонымен қатар, серіктестерінің бірқатар сұрағына жауап берді. «Бір апта бұрын Елбасы Гонконг, Сингапур және Дубайдағыдай Астанада қаржы орталығын құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ол ЭКСПО-орталық базасында 2018 жылдың 1 қаңтарынан құрылады. Дубайда қаржы орталығының аумағы 110 гектарды құраса, Астанада оның аумағы 174 га жетпек», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Р. Жошыбаев. Еске сала кетейік, бүгінде 26 ел ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын растады.