Моңғолия ғарышқа алғашқы жер серігін ұшырды

АСТАНА.ҚазАқпарат - 4 маусымда Ұланбатыр уақытымен сағат 05:50-де АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан Кеннеди ғарыш орталығынан ғарышқа алғашқы моңғолдың жер серігі ұшырылды, деп хабарлайды montsame.mn .

Моңғолия ғарышқа алғашқы жер серігін ұшырды

Спутникке Гоби шөлінің сирек кездесетін «Мажалай» аюының атауы берілді. Жоспар бойынша, аппаратты SpaceX компаниясының Falcon-9 зымыраны алып ұшып, дүйсенбіге дейін халықаралық ғарыш стансасына жетеді.

Жер серігі ғарыштық зерттеулер жүргізуге, спутниктен түсірілген фотосурет негізінде әлдеқайда нақтырақ географиялық карталар  жасауға, сондай-ақ күтпеген апаттардың алдын алуға  көмектеседі.

«Мажалай» спутнигін Моңғол мемлекеттік университеті ғалымдары мен  студенттері Кюсю жапон технологиялық университетімен бірлесіп жасады.

Жоба мүшелерінің айтуынша, екінші моңғол серігін ұшыруды жүзеге асыру 2019 жылға жоспарланып отыр.