Моңғолия мен Қытай арасындағы екінші теміржолдың құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Моңғолия мен Қытай арасындағы екінші трансшекаралық теміржол желісінің құрылысы 14 мамырда басталды.

Моңғолия мен Қытай арасындағы екінші теміржолдың құрылысы басталды
Фото: Синьхуа

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытай мен Моңғолия арасындағы екінші теміржолдың қазығын қағу рәсімі сәрсенбі күні Ішкі Моңғолия автономиялық аймағының Баяннуур қаласына қарасты Ганцимодо шекаралық өткелінде өтті.

Бұл – 1956 жылы Эрээнход – Замынүүд теміржолы іске қосылғаннан бері, 70 жылға таяу уақыттан кейін, Қытай мен Моңғолия арасында салына бастаған екінші трансшекаралық теміржол желісі.

Аталған теміржол Қытайдың Ганцимодо шекаралық бекеті арқылы Моңғолия жеріне өтіп, әрі қарай елдің Оңтүстік Гоби аймағындағы Гашуунсухайт станциясына жетеді. Жобаның Қытай аумағындағы бөлігінің құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Агенттіктің жазуынша, бұл жоба Қытайдың Ганцимодо-Цюаньнань теміржолы мен Моңғолияның Оңтүстік теміржол желісін өзара тұтастырып, екі ел арасындағы инфрақұрылымдық байланыс пен сауда-экономикалық әріптестікке серпін береді.

Сонымен қатар, Қытай мен Моңғолия арасындағы трансшекаралық логистика мен шекара маңы индустриялық аймағының және шекаралық сауда қызметтерінің дамуына жол ашады.

Бұған дейін Қытай – Қырғызстан - Өзбекстан теміржолының құрылысы басталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар