Моңғолия туризмді қалпына келтіру қарқыны бойынша әлемнің ТОП-20 еліне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия 2025 жылғы қараша айындағы БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы (UN Tourism) ай сайын жариялайтын World Tourism Barometer есебіне сәйкес, туризмді қалпына келтіру қарқыны бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына кірді, деп жазады Монцамэ.
Есепке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Моңғолияға барған шетелдік туристер саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш өңірлік орташа деңгейден екі еседен астам жоғары.
Сонымен қатар, шетелдік туристер санының пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 44 пайызға өсуі елдің туристік секторы әлемдегі ең жылдам қалпына келіп жатқан салалардың бірі екенін көрсетеді.
Туризмнің дамуына бірқатар жүйелі шаралар серпін берген. Атап айтқанда, 2023–2025 жылдардың «Моңғолияға келу жылдары» деп жариялануы, визалық режимнің жеңілдетілуі, әуе рейстерінің көбеюі және басқа да бастамалар саланың жедел дамуына ықпал етті.
Айта кетейік, ТОП-20 рейтингінде үздік үштікке Вануату, Бразилия, Бутан елдері енген. Сондай-ақ, тізімде Ангола, Израиль, Палау, Ливан, Вьетнам, Мысыр, Эфиопия, Жапония, Оңтүстік Африка, Шри-Ланка, Корея, Финляндия, Марокко, Норвегия, Кюрасао, Доминикан Республикасы тәрізді елдер бар.
Бұған дейін 2025 жылы Моңғолияға 850 мыңнан астам турист барғанын жазғанбыз.