Моңғолия ұлттық әліпбиге қалай көшті - Тіл саясаты кеңесінің өкілімен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Моңғолияда 1 қаңтардан бастап «Моңғол тілі туралы» заңның бір бабы күшіне енді. Бұл - Моңғолия ұлттық әліпбиін ресми түрде қолдануға көшті деген сөз. Іргеміздегі елдің бұл беталысы жылдар бойы латын әліпбиіне көшу жобасын пысықтап келе жатқан Қазақстан қоғамына да қызықты болар деген оймен Моңғолия Президенті жанындағы Тіл саясаты ұлттық кеңесі Ресми істер басқармасының басшысы, доктор Нямхүүгийн Нарангэрэлмен сұхбаттастық.
— «Моңғол тілі туралы» заңның бір бабы күшіне ене бастады. Осы тарихи өзгерісті ұйымдастырып отырған Тіл саясаты ұлттық кеңесі екені белгілі. Құтты болсын, бұл жайында Қазақстан оқырмандарына тарқатып айтып берсеңіз…
— Көп рахмет! Моңғолия Ұлы құрылтайы (парламент) 2015 жылдан «Моңғол тілі туралы» заңды бекітті. Осы заңды 10 жылдан астам қолданып келеді. Бұл заңның ұлттық жазуға қатысты аса маңызды тарауының екі бірдей бабы 2025 жылғы қаңтардың 1-інен күшіне ене бастағанына өте қуаныштымыз.
2015 жылы осы заңды бекіткен күннен бастап Тіл саясаты ұлттық кеңесі ауқымды іс-шараларды іске асырды. Онда 21 аймақ (облыс) 330 сұмын (қала, кент, аудан орталығы) бойынша кеңес бөлімшелерін жасақтадық, 10 жыл бойы моңғол жазуының ұлттық бағдарламасын жүзеге асырдық. Міне, бүгін сол жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұдан былай мемлекеттік және жергілікті басқару мекемелері ресми іс-қағаздарда ұлттық жазуды кирилл жазуымен қатар қолдануға тиісті.
— Моңғолияда қанша мемлекеттік мекеме бар, олардың қаншасы қос жазуды қолдана бастады?
— 2022 жылдан бері іс-қағаздардың стандарт қалыптарын жасадық. Мемлекеттік 4 200 мекеме бар, оның қызметкерлерін психологиялық тұрғыдан да дайындау үшін оқу-жаттығулар ұйымдастырдық. Оқу-жаттығуларда оқулықтарды, ұялы телефонда қолдану бағдарламасын, мұғалімдерге арналған арнайы нұсқаулықтарды да дайындадық. Тіл саясаты ұлттық кеңесі тарапынан мемлекеттік қызметкерлерді оқыту бағдарламасын да жасадық.
2024 жылғы 27 желтоқсандағы статистика бойынша Моңғолияда 4 200 мемлекеттік мекеменің 50 пайызы, яғни 2022 мекеме қос жазуды қолдана бастаған.
— Қос жазуды қатар қолдану туралы шешім қабылдауға не себеп болып отыр?
— Заңда қатар қолданамыз деген бап бар. Кейбір азаматтар «екі қағазға жазамыз, экономикалық тұрғыдан тиімсіз» ғой дейді. Моңғолия Үкіметі «Электронды (цифрлық) ұлт» бағдарламасын іске асыра бастаған. Электронды түрде іс-қағаздарды жүргізу кеңістігі толық қалыптасқан дегім келеді. Сондықтан экономикалық тұрғыдан қағазбастылық болмайды деуге әбден негіз бар.
— Моңғол жазуын ресми іс-қағаздарда қолдану ережесінің стандарттары бекітілген екен. Осы туралы кеңірек айтсаңыз…
— Біз 2022 жылдан бері тұрақты түрде қолданып келеміз. Онда 5 стандарт бекітілген.
Біріншісі — мекеме маңдайшаларындағы атаулардың стандарты. Мекемелер, сыртқы, ішкі қасбет, маңдайшаларында моңғол жазуын қолдану ережесі бекітілген, мұны да өте оңтайлы іске асырып келеді.
Екіншісі — мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық визитка стандарты. Визитканы қос әліпби бойынша қатар толтыру ережесі бекітілген.
Үшіншісі — кітап басылымдарында моңғол жазуын қолдану стандарты бар. Мысалы, Моңғолияда басылған басылымдардың 40 пайызы осы стандартты орындап келеді.
Төртіншісі — компьютер пернетақтасында моңғол жазуының әріптерін орналастыру стандарты. Моңғол ұлттық жазуымен теріп жазудың ISO стандарты бар. Оны Юникод консорциуммен бірлесе жетілдіріп келеміз.
Юникод стандартты негізге ала отырып, Windows бағдарламада Mongolian Baiti қаріп түрін бекіттік. Алайда, мемлекеттік іс-қағаздарда дәл осындай қаріп түрін қолданамыз деп нақты белгіленбеген. Моңғол жазуының түрлі-түрлі қаріп түрін қолдану тәжірибесі баршылық.
— Уақыт үнемдеу үшін кирилл қарпімен жазылған мәтінді моңғол жазуына қотарып көшіру бағдарламаларын қолдануға рұқсат берілген бе? Ондай бағдарламалар бар ма жалпы?
— «Моңғол тілі туралы» заңы бойынша Электронды даму, байланыс министрлігі, Тіл саясаты ұлттық кеңесі тарапынан бекіткен бағдарламаларды электронды кеңістікте қолданады деген бап бар. Осы бойынша біздің кеңес электронды бағдарламаны ресми түрде бекіттік және оны Электронды даму, байланыс министрлігіне жолдадық. Моңғолияда бүгін 3 түрлі электронды көшіру бағдарламасы қолданылады. Алғашқысы Ішкі Моңғолияда жасалған. Бұл бағдарламада олқылықтар кездеседі. Сонымен қатар, «Кимо» және «Болорсофт» компанияларының бағдарламалары бар. Оларда да кемшіліктер байқалады, кейбір қаріптерді танымайды, таңба әріптері жеткіліксіз. Ең соңғы болып енгізілген тағы бір бағдарлама бар. Соны біз ресми түрде бекіттік. Оның себебі, әуелі кирилл жазуындағы қателіктерді тексереді, содан кейін ғана моңғол жазуына тұп-тура қотарып көшіреді. Мұның тиімділігі — 98 пайыз. Оның үстіне мәтіннің саны да шексіз мол.
— Сол бағдарлама туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз…
— www.monscript.mn деген сайтта тұр, содан көре аласыз. Осы бағдарламаны біз ресми түрде бекітіп, электронды даму, байланыс министрлігіне талаптарға сай екендігі туралы хаттама жолдадық.
Бұл электронды бағдарламаны мемлекеттік 4 200 мекеменің қызметкерлері қолдануға әзірлеп жатырмыз. Бағдарлама құпия мәтіндерді көшіруге де арналған. Өйткені, мемлекеттік ресми іс-қағаздарға арналып тұр. Сондықтан да осы электронды бағдарламаны әу бастан сапалы әрі заңнамалық нормаларға толық сәйкестендіріп барып, жалпы жұртшылыққа ұсынбақпыз. Осы орайда, электронды даму, байланыс министрлігі аталмыш бағдарлама туралы мемлекеттік тиісті органдардың сараптамасын күтіп отыр.
Әрине, аталмыш көшіру бағдарламасын осы қаңтардың 1-інен бастап қолданамыз, пайдалануға әбден болады. Әзірше моңғол жазуын білетін азаматтар өздері қаріп теріп жаза беруге де мүмкіндік бар.
— Мемлекеттік мекемелер ресми іс-қағаздарын қос жазумен жүргізіп жатқанын кім және қалай қадағалайды?
— Біріншіден, Архивтің бас басқармасы қадағалайды. Екіншіден, Адал бәсекелестік, тұтынушылар үшін органы, яғни қазіргі Монополияғы қарсы орган «Моңғол тілі туралы» заң бойынша осы міндетті атқарады. Заңды орындамаған мекемелерге осы органдар мен біздің Кеңес арнайы сараптама жасап, соның қорытындысы негізінде тиісті шаралар қолданылады. Мекен атаулары дұрыс болмаса немесе ақпарат құралдары секілді мекемелер заңды орындамаса, Тіл саясаты ұлттық кеңесі тарапынан хаттама жазылады. Әуелі ескертеді, екінші жолы «Қателіктер мен кемшіліктер заңы» бойынша айыппұл салынады.
Тіл саясаты ұлттық кеңесі 2022 жылдан бері ресми іс-қағаздарды сынақтан өткіздік. Арнайы барып тексеріс жүргіздік, кеңес бердік. Осы дәстүр бойынша 4 200 мекемені жоспар бойынша бір жыл ішінде толық тексереміз.
— Ұлттық жазуларыңыздың қазіргі қолданыс аясы туралы не айтасыз? Мұны қайта тіріліп жатқан әліпби деуге келе ме?
— Моңғолдың негізгі этникалық іргелі тобына қазіргі Моңғолияда және ҚХР-дың Ішкі Моңғолия, ШҰАР, Хөхнуур, Гансу, Хармөрөн, Ресейдің Бурятия Республикасы (Байкөл аумағы), Қалмақия Республикасы (Еділ өзені бойы), Ауғанстан, Қырғызстан және басқа елдерде 9 миллионнан астам қауым жатады.
Сонымен қатар, 1990 жылы Моңғолиядағы демократиялық өзгерістерден кейін «монгол бичиг», яғни моңғол жазуын қайтадан жаңғырту, тіл мәдениетін қастерлеу, ұлттық сананы ояту мақсатында мемлекеттің ресми жазуы ретінде қолдану өрісі де кеңейіп келеді.
Моңғол тілдері — Алтай төркіндес түрік, тұңғыс-манжұр тілдері тобының бір үлкен тармағы. Сондықтан Қазақстанда моңғолтану, ал Моңғолияда қазақтану, түріктану саласы өз деңгейінде дами береді деп сенемін.
Айта кетсек, Түркі әлемінің ортақ әліпбиі комиссиясы 34 әріптен тұратын үлгі ұсынғаны хабарланған болатын. Кейін ортақ түркі әліпбиі жөніндегі декларация жарияланды.