Моңғолияда алғаш рет «Сүт фестивалі — 2025» өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын 1 маусымда бүкіл әлемде Дүниежүзілік сүт күні тойланады, деп хабарлайды Монцамэ.

Сүттің, сүт өнімдерінің пайдасы мен сүт өнеркәсібінің маңыздылығы туралы қоғамның хабардарлығын арттыру мақсатында Моңғолия тарихында алғаш рет «Сүт фестивалі — 2025» («Milk Festival 2025») ұйымдастырылады.
Дүниежүзілік сүт күні алғаш рет 2001 жылы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бастамасымен өткізілген. Бұған дейін бұл күн Моңғолияда тек сүт өнеркәсібі қызметкерлерінің арасында атап өтілетін. Биыл бұл мереке кең көлемде ұйымдастырылмақ.
«Сүү», «Аду Дэйри», «Тэсо фууд», «Витафит милк» және «Монфреш» секілді ірі ұлттық сүт және сүт өнімдерін өндіруші компаниялар Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігімен, FAO және Моңғолияның сүт өнеркәсібі федерациясымен бірлесе отырып, ел астанасының Ұлттық паркінде халық үшін Ашық есік күнін өткізеді.
Фестивальдің мақсаты — әсіресе болашақ ұрпақ саналатын балалар арасында сүт пен сүт өнімдерінің маңызын насихаттап, оларды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру.
Фестиваль барысында ірі ұлттық компаниялар сүт өнімдерімен таныстырып, балаларға сыйлықтар таратады және дәм татулар ұйымдастырады. Сонымен қатар балаларға арналған көркем және мәдени іс-шаралар, түрлі ойындар, «Косплей» байқауы, театрлық және цирктік қойылымдар өтеді.
Айта кетсек, Дүниежүзілік сүт күні Моңғолияда алғаш рет 2016 жылы атап өтілген болатын.
Бұдан бұрын Моңғолияда алғаш рет «Алтын қайшы – 2025» атты қой қырқу бойынша халықаралық байқау өтетіні мәлім болды.