Моңғолияда қой қырқу бойынша әлемдік сайыс өтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияда алғаш рет «Алтын қайшы – 2025» атты қой қырқу бойынша халықаралық байқау өтеді, деп хабарлайды Монцамэ.

Қой қырқу бойынша әлемдік сайыс Моңғолияда өтпек
Фото: Монцамэ

Іс-шараның негізгі мақсаты – мал шаруашылығы саласына озық әдістерді, жабдықтар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ жануарлардан алынатын шикізатты дайындау сапасын арттыру.

Байқау Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхтің бастамасымен 2025 жылғы 20–21 маусым аралығында өтеді.

Қой қырқу бойынша халықаралық байқаулар әлемнің әртүрлі елдерінде 1961 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал алғашқы әлем чемпионаты 1977 жылы өткен және содан бері әр екі-үш жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Халықаралық деңгейде байқау екі санат бойынша өтеді: «жүн престеуші» және «жүн сұрыптаушы». Моңғолияда кәсіби қой қырқушыларды дайындау 2022 жылы басталған. Бүгінгі таңда бұл салада 28 адам кәсіби біліктілікке ие болды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлан-Батырдың орталық алаңында Моңғолияның егіздер қауымдастығының 35 жылдығына арналған мерекелік шеру өтті.

Соңғы жаңалықтар