Моңғолияда үкімет басшысы ауысты

АСТАНА. KAZINFORM – Гомбожавын Занданшатар Моңғолияның 34-премьер-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Монцамэ.

Гомбожавын Занданшатар Моңғолияның жаңа премьер-министрі болды
Фото: Монцамэ

13 маусымда Гомбожавын Занданшатар Моңғолияның 34-премьер-министрі ретінде ресми түрде қызметіне кірісті.

Моңғолияның 33-премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ өкілеттілігін тапсыра отырып, Занданшатарға Моңғолияны дамыту жолындағы үлкен еңбегіне сәттілік тіледі және елдің ұзақмерзімді даму саясаты — «Көзқарас 2050» бағдарламасын жалғастыруын сұрады.

Жаңа премьер-министр Гомбожавын Занданшатар өз кезегінде Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнеге табыс тілеп, оның «Көзқарас 2050», «Жаңа қалпына келтіру саясаты» және ірі даму мегажобаларын табысты жүзеге асыру жолындағы жоғары жетістіктері мен еңбегі Моңғолия тарихында қалатынын атап өтті. Сондай-ақ ол экс-премьерге болашақ бастамаларында сәттілік тіледі.

Сонымен қоса Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің өкіміне сәйкес Алтанхуягийн Уйлстугулдур Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Алтанхуягийн Уйлстугулдур Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды
Фото: Монцамэ

Қысқаша өмірбаяны:

  • 1999–2003 жж. – Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидарында жүргізуші;

  • 2002–2006 жж. – «Улаанбаатар» радиосындағы FM-101.7 толқынында жүргізуші және продюсер;

  • 2006–2009 жж. – FM-104 радиостанциясының директоры;

  • 2009–2011 жж. – TV-8 телеарнасының директоры;

  • 2011–2013 жж. – «SEVEN» телеарнасының директоры;

  • 2013–2014 жж. – Моңғолияның Социал-демократиялық жастар одағының қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі бөлімінің басшысы;

  • 2016 жылдан бастап – Моңғолияның Социал-демократиялық жастар одағы Басқарма кеңесінің мүшесі;

  • 2016–2017 жж. – Моңғолия Премьер-министрінің орынбасарының кеңесшісі;

  • 2017–2020 жж. – Моңғолия Премьер-министрінің кеңесшісі;

  • 2019 жылдан бастап – Моңғолияның Телекоммуникацияларды реттеу комитетінің мүшесі;

  • 2020–2021 жж. – Моңғолия Премьер-министрінің кеңесшісі;

  • 2021 жылдан бастап – Моңғолия Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары.

Бұған дейін Моңғолия парламенті «Ел премьер-министріне сенім вотумы туралы» қаулының қабылдануын қолдамағаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар