Моңғолиядағы ірі қысқы фестивальда Қобда қазақтары әнмен шашу шашты - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
None

Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан СІМ басшылары кездесті - «ӨзА»

Өзбекстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Бахтиёр Саидов Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Ташкент қаласына келген Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.


Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік және стратегиялық серіктестік қатынастарының түрлі аспектілері бойынша пікір алмасқан.

«Екіжақты және көпжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша белсенді диалогты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аясындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды», - деп түйіндейді өзбекстандық басылым.

Түркі республикаларындағы басты оқиғалар - TRT

Осы аптаның басында «Түркия Радио Телевизия» порталында Түркі республикаларында өткен аптада басты, маңызды орынға шыққан оқиғаларға тоқталамыз, деп басталған шағын мақала жарық көрді.


Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, 2023 жылы 12-13 қаңтар күндері Түрік Мемлекеттер Ұйымының Бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев Венгрияға сапармен барған. Бас хатшы Будапештте Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанмен кездескен. Қ. Өмірәлиев пен Премьер-Министр В. Орбан қатынас пен энергия, ауыл шаруашылығы мен табиғи байлықтарды басқару сияқты салалардағы әдістемелі ынтымақтастықты дамыту жайлы пікір алмастырған.

Сонымен қатар, Түрікменстан елінде екі қанатты Мәжілісті бірлестіру күн тәртібі қаралды. 11 қаңтарда Түрікменстан Парламентінің үстіңгі қанаты Халық Мәжілісі мен астыңғы қанаты Түрікменстан Ұлттық Мәжілісінің өкілдері жиналыс өткізіп, 2023 жылы 26 наурызда Түрікменстанда жалпы және жергілікті сайлау өткізілетіні тілге тиек етілген.

Түркиялық басылым, Қазақстанда 14 қаңтарда Сенат сайлауы өткенін де оқырмандар назарына ұсынған. Қазақстанда сенаторларды жергілікті мәжіліс мүшелері сайлайтынын және Қазақстан Сенатына сайланған 20 сенатор алты жыл міндет атқаратынын жазған.

Сондай-ақ, 1990 жылдың басында елінің тәуелсіздігі үшін еңбек еткен Башқұртстан Республикасының тұңғыш президенті Мұртаза Рахимов 11 қаңтарда қайтыс болғаны туралы жазды. «TRT»-ның дерегінше, Башқұртстанды Рахимов 20 жыл басқарған екен.

Шағын мақала соңында 9-10 қаңтар арасында 13-ші Азия Парламенттік Ассаблеясының Жалпы кеңесі «Өзгерген халықаралық динамикада көпжақтылықты ілгерлету» тақырыбымен Анталияда өткені туралы жазылған. Аталған жиналысқа 27 елдің парламент өкілдері қатысқан.

Қобда қазақтары әнмен шәшу шашты – «Kaznews»

Моңғолиядағы ең ірі қысқы фестиваль Ховд аймағында өтті, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, аталмыш іс-шараға Қобда қазақтары да қатысып, билік өкілдеріне әнмен шәшу шашқан.

Қытай мәдениетінде қоян - ұзақ өмір сүрудің символы саналады – People.cn

2023 жыл – Қытайдың көне жыл санауы бойынша да қоян жылы болып есептеледі. Дәстүрлі Қытай мәдениетінде қоян құт-берекенің белгісі ғана емес, сонымен бірге ұзақ өмір сүрудің символы болып табылады. Сондай-ақ, «Қоянның мәңгілік өмір дәрісін жасауы» деген белгілі аңызда бар. Бұлар Қытайдың халықтық мәдениетінде қоян бейнесінің маңыздылығын көрсетеді, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпараттық порталы.


«Қоянмен байланысты ежелгі дәуірден бері келе жатқан көптеген мәдени жәдігерлер бар. Осы «көне мұралар» арқылы қоян жылының мәдени астары мен құтты қадамын бірге сезінейік!», деп жазады қытайлық басылым.

Қазақстандықтардың жазғы демалыста ең көп таңдаған елі Түркия болды- TRT

Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалары қауымдастығының мәліметтері бойынша, Түркия 2022 жылдың жазында қазақстандық туристердің сүйікті демалыс орны болды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.

Жазғы демалыс үшін ең танымал туристік бағыттардың тізімінде Біріккен Араб Әмірліктері, Мальдив аралдары, Қырғызстанның Ыстықкөлі мен Грузия да бар.


Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, 2022 жылы Қазақстаннан Грекия, Италия, Катар және Вьетнамға тікелей әуе рейстерінің басталуымен баруға болатын туристік орындардың картасы кеңейген.

Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстаннан шетелге сапар шегушілер саны 3 501 000 болса, 2022 жылы 5 557 000-ға жетті. Қазақстан азаматтары қысқы демалыс үшін Тайланд, Египет, Доминикана, Маврикий, Сейшель, Катар, Шри-Ланка және Италияны таңдайды.

Иран Қазақстанмен екіжақты әріптестікті дамытуға дайын – «Parstoday»

Иранның Ауыл шаруашылығы министрі Теһран үкіметінің Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласында екіжақты әріптестікті дамытуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Ирандық басылым келтірген дерекке сүйенсек, сәрсенбі күні Иран-Қазақстан ортақ экономикалық комиссиясының 18-ші отырысына қатысу үшін Астана қаласына барған Сейіт Джавад Садатинежад Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, Иранның инженерлік компанияларының тамақ өнеркәсібі саласында ортақ жобаларды орындауға жақсы тәжірибеге ие екенін айтқан.


Оның айтуынша, ирандық компаниялар Қазақстанда комбайн мен трактор жасау және ортақ зауыт салу саласында жұмыс істеуге дайын.

«Егер қазақстандық компаниялар дайын болса, алдағы апталарда бұл елден Иранға 2-3 мың тонна жаңа сойылған қойдың етін импорттауды бастаймыз», - дейді С. Садатинежад аталған басқосуда.

ИИР-ның Ауыл шаруашылығы министрі, Иранның мемлекеттік сауда компаниялары елде егін егу маусымы басталғаннан осы күнге дейін 1 млн 400 мың гектар егіс алқабынан бидай алуға келісім жасады. Қазақстандық компаниямен осы елде келісімшарт бойынша тапсырыспен егін егу саласында әріптестік жасай алатынын тілге тиек еткен.

Сондай-ақ, осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігінде «Қазақстанда Орталық Азия өңірінің бірінші парламентаралық конференциясы өтеді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.

Ирандық ақпарат агенттігінің жұма күнгі мәліметінше, Орталық Азия елдерінің бұл парламентаралық конференциясы ағымдағы жылдың 9-10 ақпан күндері Қазақстанның Түркістан қаласында Орталық Азия елдері парламентшілерінің қатысуымен өтпек. Аймақ елдері парламенттері өкілдерінің бірінші конференциясына қатысушылар ортақ тарихи-мәдени мұра негізінде ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, пікір алмасады делінген.

Сонымен қатар, осы аптада ирандық басылымда «Жақында Иран-Қазақстан бірлескен палатасының коммерциялық кеңсесі ашылады» деген тақырыптағы екі елдің экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі ақпарат жарияланды.

Иран-Қазақстан ортақ палатасының басшысы Амир Абеди Алматыда Иран-Қазақстан ортақ палатасының коммерциялық кеңсесінің ашылатынын хабарлады.

«Parstoday» ақпарат агенттігінің мәліметінше, Амир Абеди бейсенбі күні 18-ші Иран-Қазақстан экономикалық ынтымақтастық басқосу құжат жобасының сарапшылық отырысында оның жұмыс тобының жетекшісі ретінде Иран мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың даму мүмкіндіктеріне тоқтала отырып, бұл елдің нарығын Иран үшін стратегиялық бағыт ретінде атап, жақында Алматыда Иран-Қазақстан бірлескен сауда палатасының коммерциялық кеңсесі ашылатынын атап өткен.

Сондай-ақ, Иран палатасының жеке сектор компанияларының бірқатары Иран мен Қазақстанның ортақ палатасымен ынтымақтастықта өткен бұл отырыста іскерлік конференция мен бетпе-бет іскерлік келіссөздер жүргізілген.


Соңғы жаңалықтар