Моңғолиядан әлемдік сахнаға дейін: алғашқы азиялық вокалдық мегажобаның жеңімпазы туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елордада «Silk Way Star» вокалдық мегажобасы аяқталды. Гранд-финалда моңғол өкілі, жеңімпаз дәстүрлі уртын-дууды заманауи музыкалық жанрлармен үйлестіретін танымал әнші және композитор Мишель Джозеф жеңіске жетті. Онлайн дауыс беруге 508 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Kazinform.
Мишель жобада алғашқы эпизодтан бастап өзін белсенді қатысушы ретінде көрсетті, сахнада дәстүр мен заманауилықты үйлестіре білді.
Оның өнер көрсетуі — әндерді орындауы, сахнадағы бейнесінде үнемі ұлттық болмыс танылып тұрды.

Әртіс Мишель Джозеф — шын есімі екенін атап өтті. Әншінің тегі — аралас: оның анасы моңғол, әкесі чех. Ол Моңғолияда дүниеге келген.
Жеңімпаздың анасы Дагиймаа Бадамхуу қызы финалда өнер көрсеткеннен кейін, эмоциясын жасырмады. Ол Қазақстан жылы қарсы алғанын, көкейінде ерекше атмосфера қалғанын әрі жас орындаушыларға осындай үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігін бергені үшін алғысын айтты.
Мишель Джозеф моңғол және ағылшын тілдерінде ән айтып, ұлттық дыбыстауды поп, R& B және фанк сияқты заманауи жанрлармен үйлестіреді. Жоба аясында ол сондай-ақ «Қараторғай» халық әнін қазақ тілінде орындады.

Мишель қазақ тілінде ән шығаруды жоспарлап отырғанын және жаңа материалдармен жұмыс істеп жатқанын айтты. Қазақ тілі мен мәдениеті өзіне жақын, және ол қазақстандық тыңдаушыларына арналған композиция шығарғысы келеді.

Жеңісінен кейін әнші жанкүйерлеріне үндеу тастап, жоба туралы ойымен бөлісті.
— Рақмет саған, Silk Way Star. Жарығың галактикалар мен ғаламдар арқылы шексіз саяхаттап, қайда барса да армандарды жандырсын. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы жарқын мәдени достық нығайып, халықтарымызды өнер, мұра және өзара құрмет арқылы біріктіре берсін, — деп жазды Мишель әлеуметтік желіде.
Әртістің шығармашылық портфолиосына танымал тележобаларға қатысу кіреді:
* «My Voice» (2016), онда ол үшінші орын алды;
* «Your Sounds Familiar», онда әнші «Үздік қатысушы» сыйлығын алды;
* «That’s My Jam», қонақ орындаушы ретінде өнер көрсетті.
Мишель Джозеф өз шығармашылығымен әлеуметтік желілерде белсенді түрде бөлісіп отыр. Оның Instagram-да 152 мың оқырманы, ал YouTube арнасында 20 700 жазылушысы бар.