Моңғолиядан Шығыс Қазақстанға дейінгі жолды қысқарту ұсынылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Баян-Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Айп ШҚО әкімі Даниал Ахметовпен кездесу барысында Моңғолия шекарасынан Шығыс Қазақстанға дейінгі жолды қысқартуға ұсыныс жасады, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Моңғолиядан Шығыс Қазақстанға дейінгі жолды қысқарту ұсынылды

Қазір Қазақстанға келу үшін Моңғолия тұрғындарына екі шекараны қиып өтуіне тура келеді, бұл әсіресе жүк тасымалы кезінде қолайсыз. Ғылымхан Айп бұл мәселенің Баян-Өлгей ауданы мен Шығыс Қазақстан арасын тікелей байланыстыратын күре жолдың салынуымен шешілетіндігін айтты.

«Қазір логистика саласында бірқатар күрделі мәселелер бар. Бізге мұнда келу үшін алдымен Ресей шекарасынан, одан кейін Қазақстан шекарасынан өтуге тура келеді. Алайда, ұзақтығы 200 км тұратын жол бар, бұрын ол жолмен мал айдап өткен. Егер сол жол асфальтталса,  діттеген жерімізге тез әрі жайлы жетер едік. Бұл екі өңір арасындағы тауар айналымына да оң ықпал етер еді», - деді Ғ.Айп.

Даниал Ахметовтың айтуынша, жолды қысқарту идеясы өзекті, Шығыс Қазақстан тарапынан да бұл мәселенің шешілуіне барлық күш жұмсалатын болады.