Моңғолиядан табылған көне түрік бітіктасындағы жазулар оқылды
АСТАНА. KAZINFORM – Моңғолияның Номғон жазығынан табылған көне түрік бітіктасындағы жазулар зерттелді және Түрік қағандығы тарихын тың мәліметтермен толықтырды, деп хабарлайды Түркі академиясының баспасөз қызметі.

Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты Моңғолияның Арханғай аймағындағы Номғон алқабында 2019 жылдан бері бірлескен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
2022 жылы Номғон-2 ғұрыптық кешенінде жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде өзге де маңызды тарихи жәдігерлермен қатар көне түрік және соғды жазулары қашалған бітіктастың жоғарғы бөлігі табылған болатын.

Бұл жазуларды оқу нәтижесінде көне түрік бітік жазуымен жазылған мәтіннің 12 жолы («Құтлұқ қаған Түрік ... Тәңір ұлы ...») және соғды тіліндегі мәтіннің 6 жолы («Кутлуг хакан ...») оқылып, зерттелді. Бұл мәліметтер осы археологиялық ескерткіштің Құтлық қағанға тиесілі ғұрыптық кешен болғанын ғылыми тұрғыда дәлелдейді.
Ал 2023 жылы жоғарыда аталған бітіктастың төменгі бөлігі табылды және Ұлан-Батыр қаласында таныстырылды. Бұл бөлікте де жазулар сақталған. Алайда, қатты зақымдалған ежелгі түркі жазуы оқуға келмеді. Дегенмен, бітіктастың артындағы ішінара сақталған қытай иероглифтерін белгілі бір деңгейде оқу мүмкіндігі болды.
Қазір Ішкі Моңғолия университетінің (Қытай) мамандары — профессор Боржигитай Мөрөн, доктор Чуй Нинг және доктор Сугар арнайы шақырылып, қытай мәтінін оқу-анықтау жұмыстары жалғасуда. Бітіктастың төменгі бөлігіндегі қытай жазуы жоғарыдан төменге қарай жазылған, ал жолдар оңнан солға қарай орналасқан. Бұл бөліктегі 15 жолдың 3-8 жолдарын оқу мүмкін болды. Әр жолда шамамен 24 иероглифтен бар, жалпы саны 290-300 иероглифті құрайды.
Ішкі Моңғолия университетінің мамандарының көмегімен 2025 жылдың қаңтар айында бітіктастың төменгі бөлігіндегі қытай мәтінінің бір бөлігі оқылып шықты. Осы жұмыс нәтижесінде 4-жолда «Түрік» сөзі мен «Кұтлұқ» атағының (қытайша оқылуы: «Гу-ду-лу») анықталғаны белгілі болды.
Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бұл жаңалық Номғон-2 ғұрыптық кешенінің көне түрік кезеңіне, атап айтқанда, Екінші Түрік қағандығын құрған Елтеріс Құтлық қағанның (682–692) дәуіріне тиесілі екенін тағы бір мәрте дәлелдейтінін айтып отыр.