Құтлық Елтеріс қаған кешенінен табылған бітіктастің екінші бөлігі таныстырылды

елтеріс қаған
Фото: Халықаралық түркі академиясы

АСТАНА. KAZINFORM – Ұланбатыр қаласында Түркі Академиясы және Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты «Номғон-2» ғұрыптық кешенінен табылған бітіктастың төменгі бөлігінің таныстырылымын жасады. 

Археологтар Құтлық Елтеріс қағанға тиесілі деп болжап отырған бітіктастың жоғарғы бөлігі алдыңғы жылы осы кешендегі қазба жұмыстары кезінде табылған болатын.

«Оның екінші бөлігін іздеуге қатысқан ғалымдардың мәлімдеуінше, бітіктастың жаңадан табылған төменгі бөлігінде көне қытай тілінде мәтін бары анықталған. Ескерткіштің біршама бүлінгені байқалады. Ғалымдар бітіктастағы жазуларды оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде», - деп хабарлады Түркі академиясының баспасөз қызметі.

Осы алқапта Түркі Академиясы жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында 2019, 2022, 2023 жылдары малдас құрып отырған қағаннның бәдіз тасмүсіні мен мүсіннің бас бөлігі табылған болатын. Сонымен қатар, бауырында екі аланы бейнеленген арыстан тас мүсіні және 5 бәдіз тас мүсіннің сынық бөлшектері анықталған.

Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты болашақта Номғон жазығында археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шыңғысхан мұражайында өткен ғылыми іс-шараға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дүгэрийн Рэгдэл, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, Түркияның Моңғолиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Али Саид Серденгечти, дипломатиялық миссия өкілдері, институттардың басшылары және өзге де танымал ғалымдар қатысты.

Бұған дейін KAZINFORM агенттігі Құтлық Елтеріс қаған кешені туралы тың мәліметтерді жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар