Таутеке, арыстан, қой мүсіндері, балбалдар – Моңғолиядан табылған жәдігерлер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық түркі академиясы Моңғолия жерінен табылған Құтлық Елтеріс қаған кешені туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешеннің жалпы аумағы – 49х41,5 м. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. Нысанның батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (алтарь), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіліп тұр. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды», - деп жазды Академияның ресми сайты.

Сондай-ақ, кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіш қалдықтары қазып алыныпты.

«Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылды. Табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анықтады. Жазба мәтінінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номғон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады», - деп жазады Академия ғалымдары.

Археологтардың пайымынша, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас.

Номғон жазба ескерткішінің жоғарғы тұсында төмен қараған, денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Бұған дейін осыған ұқсас қағандық атрибутикалар Таспар қаған, Білге, Күлтегін және ескерткіштерінде қашалған көрінеді.

Академия Номғон экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлемек. Кейін ол жинақ түркі мемлекеттерінің астаналарында таныстырылады.

Еске салсақ, кеше Түрік қағандығын қайта дәуірлеткен ұлы Құтлық Елтеріс қағанның кешені табылғаны хабарланған болатын.


Фото: twesco.org




Соңғы жаңалықтар
telegram