Моңғолиялық әнші қазақ, қырғыз, армян әртістерімен коллаборация жасағысы келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ертең Азия өнерпаздарының басын қосатын Silk Way Star байқауы басталады. Дәл қазір елордада қатысушылар қызу дайындалып жатыр. 12 мемлекетінен келген өнерпаздар өзара бақ сынап, 22 қараша күні жеңімпазды анықтамақ.

3 айға созылатын додада Моңғолияның абыройын қорғайтын Мишель Джозеф «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, өз әсерімен бөлісті.
— Ең алдымен, осындай ауқымды жобаны ұйымдастырған барлық жандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Себебі мұндай идеялар бізді біріктіреді. Бұл — өте маңызды әрі көлемді жоба. Мен өз шығармаларымды өзім жазамын. Әндерімнің ішінде моңғол ұлттық музыкасының элементтері бар. Сол себепті менің туындыларым басқа мемлекеттердің тыңдармандарына да қызықты болады деген үміттемін, — дейді Silk Way Stars жобасының қатысушысы.
Моңғолиялық әнші қатысушылармен әлі толық танысып үлгермегенін айтады. Дегенмен, кей қарсыластарымен жақын достасып үлгеріпті.
— Қазір жобада нағыз қарбалас кезең. Қатысушылармен енді-енді танысып жатырмыз. Өкінішке қарай, бәрімен ұзақ сөйлесуге уақыт жетпей жатыр. Дегенмен, осы аз уақыттың ішінде қырғызстандық қатысушымен жақсы дос болып үлгердік. Оның есімі де ерекше. Тағы бір қызығы — екеуіміздің де мамандығымыз бір. Біз психологпыз, — дейді Мишель Джозеф.
Өнерпаз қазақстандық, қырғызстандық және армениялық әншілермен бірге коллаборация жасағысы келетінін жасырмады.
— Егер мүмкіндік туса, Қазақстан, Қырғызстан және Армения елдерінің әртістерімен бірлесіп коллаборация жасауға дайынмын. Себебі бұл елдердің музыкасы маған өте жақын әрі әуезі ерекше ұнады, — дейді ол.
Жоба қатысушысы дайындық барысында алған әсерімен де бөлісті.
— Бұл жоба — жай ғана бәйге емес. Мұнда шығармашылықпен қатар, халықтар арасындағы достықты нығайтып жатырмыз. Мысалы, дайындық кезінде армениялық әртістің әуенін естіп қалдым. Шынымды айтсам, қатты әсер алдым, әні керемет екен, — дейді әнші.
Мишель Джозеф әнші болуды армандамағанын да жасырмай айтты.
— Негізінде бала кезімде әнші болуды армандаған жоқпын. Бастапқыда дәрігер-психолог болғым келді. Бірақ 16 жасымда «Моңғолия дауысы» сайысына қатысып, сол сәттен бастап музыкадағы жолым басталды, — дейді студия қонағы.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын түркіменстандық қатысушы «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған еді.