Моңғолияның екінші аймағында обаға байланысты шектеулер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Моңғолияның Ховд аймағының билігі оба ауруының күдікті жағдайлары тіркелуіне байланысты жаппай іс-шараларға уақытша шектеу қойып, мектептерді қашықтан оқыту форматына көшірді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

— Біздің аймақтың Булган елді мекенінде обаға тән белгілері бар науқастар анықталды. Осыған байланысты аймақ әкімі жаппай іс-шараларға уақытша шектеу енгізіп, мектептерде оқытуды қашықтан жүргізуді тапсырды. Оба індетінің таралуына жол бермеу үшін дезинфекция және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді жергілікті әкімдікте.
Хубсугул аймағының төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясы алғашқы обаға шалдыққан тұрғын қайтыс болған Мурэн және Цагаан-Уул елді мекендерінде азаматтардың қозғалысына, көліктің кіріп-шығуына салынған тыйым ұзартылғанын хабарлаған. Сондай-ақ базарлардың, сауда орталықтарының, қоғамдық тамақтану орындарының және алкоголь сату орындарының жұмысына шектеу қойылды.
12 қыркүйектегі жағдай бойынша оба жұқтырған үш адаммен байланыста болған 110 адам дәрігерлердің бақылауында. Денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Моңғолияның 17 аймағындағы 130 елді мекенде бубонды обаның ошақтары тіркелген. 2014 жылдан 2024 жылға дейін 20 адамға оба жұғып, олардың 9-ы көз жұмған.
Айта кетелік Астанада Қазақстан мен Моңғолияның 100-ге жуық кәсіпкері бас қосқан еді.