Монреаль турнирі: Елена Рыбакина камбэк жасап, ширек финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің ширек финалына өтті.

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші орталық кортта төртінші айналымда WTA рейтингісінде 35-орында тұрған украиналық Даяна Ястремскаяны сынап көрді.

Қарсыластар осыған дейін өзара биылғы Аустралия ашық чемпионатында кездесіп, онда Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді. 

Бұл жолы бірінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Рыбакина брейк жасағанымен, Ястремская сол бойда таразы басын теңестірді. Содан кейін қазақстандық спортшының доп бергенде, жиі қателескенін пайдаланып кетті — 7:5.

Екінші сетте Елена қос брейкпен айқын басымдылық танытты — 6:2.

Үшінші, шешуші партияда Елена брейкпен алға шыққанымен, қателікке бой алдырып, өз геймін беріп қойды — 3:3. Дегенмен есеп 6:5 болғанда, төртінші матчболын құр жібермеді — 7:5.

Екі сағат 33 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Ястремская 4 брейк, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Қазақстандық теннисші ойыннан соң тартысқа толы матчта жеңіске жеткеніне қуанышты екендігін атап өтті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 28-ракеткасы, тағы бір украиналық Марта Костюкпен таласады. Ол 2 сағат 42 минутқа созылған кездесуде рейтингіде 32-сатыдағы америкалық Маккартни Кесслерден айласын асырды — 5:7, 6:3, 6:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Дамир Жалғасбайдың алғаш рет ересектер арасындағы турнирде топ жарғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар