Moody’s Ratings: Тәжікстанның кредиттік рейтингі «B2» деңгейіне дейін көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық «Moody’s Ratings» рейтингтік агенттігі Тәжікстан Республикасының ұзақ мерзімді суверендік кредиттік рейтингін «B2» деңгейіне дейін көтеріп, оның болжамын «тұрақты» деп бағалады. Бұл туралы Тәжікстанның ұлттық «Ховар» агенттігі хабарлады.

рейтинг
Фото: Кhovar.tj

Тәжікстан Ұлттық банкінің ресми хабарламасына сүйенсек, ел 2014 жылдан бері «Moody’s Ratings» халықаралық рейтингтік агенттігімен ынтымақтастық орнатып келеді. Елдің суверендік рейтингі алғаш рет «B2» деңгейіне дейін көтеріліп отыр. Бұл жетістік елде теңгерімді макроэкономикалық саясатты дәйекті түрде жүзеге асырудың және құрылымдық реформаларды жүргізудің нәтижесі ретінде қарастырылады.

Рейтингтік агенттіктің бағалауынша, рейтингтің «B3» деңгейінен «B2» деңгейіне дейін көтерілуі соңғы жылдардағы ел экономикасының тұрақты өсімімен, қаржы-бюджет саласының нығаюымен және оң макроэкономикалық көрсеткіштердің сақталуымен байланысты.

– Тұрақты» болжам рейтингтік агенттіктің орта мерзімді перспективада қаржы-бюджет саясатының теңгерімді жүргізілуі жалғасады және макроэкономикалық тұрақтылық сақталады деген оң болжамын білдіреді. Сонымен қатар экономикалық және құрылымдық реформаларды жалғастыру, мемлекеттік борыштың тұрақтылығына байланысты тәуекелдерді азайту, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны басқаруды күшейту елдің рейтингтік бағасының өсуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болып отыр, – делінген Тәжікстан Ұлттық банкінің ақпаратында.

Елдің суверендік кредиттік рейтингінің жоғарылауы халықаралық серіктестер мен қаржы нарықтарының Тәжікстан Республикасының макроэкономикалық саясаты мен қаржылық тұрақтылығына деген сенімінің артқанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге, қарыз алу құнын төмендетуге және елдің халықаралық қаржы аренасындағы позициясын нығайтуға қолайлы жағдай жасайды.

Айта кетейік, бұған дейін Азия даму банкі Тәжікстан жобаларына 1,1 миллиард доллар бөлетінін жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум