Мопед пен электрлі самокаттың кесірінен 1,7 мың адам жапа шеккен

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың наурызына дейін мопед, электрлі самокат және шағын электрлі көлік құралы жүргізушілерінің кінәсінен 1 597 жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жолдаған ресми жауапта айтылған.

мопед, самокат, жол
Коллаж: Kazinform/Freepik

Комитет ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы мопед жүргізушілерінің (аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер және скутерлер) кінәсінен - 1 260, электрлі самокат жүргізушілерінің кінәсінен – 90, ал шағын электр көліктері жүргізушілерінің кінәсінен – 144 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Бұл көлік оқиғаларының кесірінен 1 748 адам зардап шекті, оның ішінде 654-і кәмелетке толмаған. Жалпы 1 636 адам жарақат алды (оның ішінде 631-і — бала), ал 112 адам, оның ішінде 23 бала қаза болды.

Жыл басынан бері мопед жүргізушілері мен шағын электр көліктерін жүргізушілердің кінәсінен 103 көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 3 адам қайтыс болды, оның ішінде 1-еуі — бала. 118 адам жарақат алды, оның 37-сі – балалар.

2025 жылы электрлі самокат жүргізушілерінің қатысы бар ЖКО тіркелмеген.

инфографика
Фото: Kazinform

Айта кетерлігі, аталған көлік құралдарының арасында әсіресе мопед жүргізушілерінің кінәсінен болған жол апаттарында адам көп зардап шеккен: өткен жылы 1 461 адам жарақат алған, оның ішінде 502-сі — кәмелетке толмағандар. Осы оқиғалардың салдарынан 76 ересек адам мен 18 бала мерт болған.

Комитеттен атап өткендей, көлік жүргізушілерінің кінәсі бойынша ақпараттар жол-көлік оқиғалары туралы есепте тек 2024 жылдан бастап көрсетіле бастады, алдыңғы жылдары мұндай мәлімет жеке жиналмаған. Осы себепті алдыңғы жылдармен салыстырып, бұл көрсеткіштің өсіп не төмендеп келе жатқаны жайлы сөз қозғай алмаймыз.

Ендігі жерде барлық статистикалық есептерді qamqor.gov.kz ақпараттық порталынан көруге болады.

Бір атап өтерлігі, 5 сәуірден бастап заңнамалық өзгерістер күшіне еніп, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Бұдан былай мопед жүргізушісі механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне жүктелген жауапкершіліктің барлық спектрін мойнына алады.

ҚР ІІМ ресми ақпаратына сәйкес, бүгінде елімізде 30 253 мопед тіркелген.

— Мопед, велосипед және электрсамокат жүргізушілері - жол қозғалысының қатысушылары. «Жол жүрісі туралы» Заңның 57-бабына сәйкес, велосипед жүргізушілері тротуармен қозғалады. Электросамокат жүргізушілері аталған бапқа сәйкес, велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүреді. Велосипед жолы немесе жолағы болмаған жағдайда, электросамокат жүргізушілері жаяу жүргіншілер жолымен немесе тротуармен 6 км/сағ жылдамдықтан аспайтын жылдамдықпен, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей қозғалуы тиіс, — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі Kazinform сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, ведомство өткен жылы кейбір көлік түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізілгенін еске салды. Оған сәйкес қозғалтқышы бар велосипедтерге тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды.

— Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ішкі істер органдары профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, білім беру ұйымдарында және басқа да алаңдарда мопед пен самокат жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері бойынша ашық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, — деп атап өтті министрліктен.

инфографика
Фото: Kazinform

Атқарылып жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, ҚР ІІМ деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы үш айында 7 034 мопед жүргізушісі және 1 386 самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Елімізде осы жылдың 5 сәуіріне дейін мопедтерді тіркеу жүргізілді. 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтердің қозғалысына тыйым салынды. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 2-тармағымен әкімшілік жауапкершілік көзделген - 10 АЕК айыппұл (1 АЕК мөлшері - 3 932 теңге).

Соңғы дерек бойынша, Астанада ресми 1 341 мопед тіркеліп, куәлік берілді.

Соңғы жаңалықтар