Мопед тізгіндегенде нені білу қажет – полиция ескерту жасады

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының полиция қызметкерлері мопед жүргізушілері білуі тиіс маңызды ережелерді еске салады.

мопед
Фото: Александр Павский / Kazinform

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көшелерде зулап жүрген мопедтер – жай ғана ыңғайлы көлік емес, олар толыққанды жауапкершілікті талап ететін қозғалыс құралы.

– Мопед тізгіндеу еркіндік сыйлағанымен, ол еркіндік тәртіппен ұштасқанда ғана қауіпсіз болады. Сондықтан мопед жүргізушісі міндетті түрде тиісті санаттағы жүргізуші куәлігіне (A1, A немесе B) ие болуы тиіс. Одан соң мопедті тіркеу керек. Мемлекеттік тіркеу нөмірі мен техникалық паспортының болуы – заң талаптарын орындау ғана емес, кез келген жағдай кезінде сіздің құқықтарыңызды қорғаудың кепілі, - делінген ақпаратта.

Жүргізуші де, жолаушы да мотошлем киюге міндетті. Мопедпен жүру жолдың оң жақ жиегімен немесе арнайы велосипед жолдарымен жүзеге асырылуы тиіс. Ал тротуар – жаяу жүргіншілерге арналған аймақ. 

– Рөлге ешқашан мас күйде отырмаңыз. Мас күйде болсаңыз реакцияңыз төмендеп, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бұл тек заң бұзушылық емес, адам өміріне төнген нақты қауіп, - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін Атырауда көлік қағып кеткен 8 жасар оқушы оқиға орнында көз жұмғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар