Мораторий мерзімі аяқталды деп жаппай тексеруге жол берілмейді - Салық комитетінің төрағасы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, жақында ғана «Шағын кәсіпкерлік туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілген және олар салық саласындағы жағдайды реттейтін негізгі құжаттардың бірі Салық кодексінің бірқатар баптарына қатысты болып отыр. «Қазіргі таңда біз салық саласына тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуді аяқтадық. Енді салық саласындағы тексерулер тек осы бағдарлама негізінде ғана жүзеге асырылады. Осы орайда айта кететін мәселе - елімізде мораторий аяқталды екен деп, кәсіпкерлерді жаппай тексеру сияқты әрекеттер болмайды. Алдағы бір-екі айда кәсіпкерлермен тек түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады», деді Комитет төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылдың екінші жартысында салық органдары салық төлеушілерге бұрын жіберген кемшіліктерін жойып, жұмыстарын барынша реттеп алуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда олардың арасында заңды өрескел бұзғандары жауапқа тартылады. «Алдын ала айта кетейін, тәуекелдерді басқару бағдарламасының тізіміне негізінде, салықты өзге әріптестеріне қарағанда әлдеқайда аз төлейтін кәсіпкерлер енгізілетін болады. Сонымен қатар кәсіпкердің айналымы жоғары, ал төлейтін салығы өте төмен болса да осы тізімге енгізіледі. Бұған қоса, жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кәсіпкерлер де жауапқа тартылады», деді Д.Ерғожин.
Сонымен қатар ол салықтық тексерулерге байланысты мораторий аяқталардың алдында Салық комитетінің аймақтық органдарымен арнайы мәжіліс өткізіп, тексеру шараларына тыйым салу мерзімі аяқталысымен жаппай тексеру жүргізбеу жөнінде арнайы нұсқау бергендігін атап өтті. «Бұл ретте салық қызметкерлері басты күшті салық саласындағы жағдайды сауықтыруға жұмсайтын болады», деді Қаржы минстрлігінің өкілі.