«Москва үшін шайқас»: Aлға

АСТАНА.ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық Қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады.
None
None

Б.Момышұлының бүл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатігез бейнесі шынайы бейнеленген.

Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында коптеген роман, повесть қиса, дастандар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.

***

АНДРЕЙ АЛЕШИН

Кеш батып келеді. Қорғасындай сұр бұлт аспанда ауыр жылжып барады. Жел үлпек қарды көтеріп қуалай, борандата бастады. - Немістерден тынысымызды жаңадан тана ала беріп едік, міне сатан, жан шақыруға шамамызды келтірмей мынаның түнере қаптап келе жатқанын қарашы, - деді Мадияр сұқ қолымен алыстағы боранның қою сұрғылт құрамына қарай сілтеп.

- Әйтеуір әлек- шәлегі кезекпе-кезек шығып тұрған әлем. Жаяу боран қарды буырқандыра жосылта қуып, біздің окоптардан асыра, суыра өтіп барады.

- Мұның мықты күші әлі артта жатыр, ана құрдай қара бұлт ымырт жабылмай-ақ бізді түнере баспақ болар, - дедім мен.

- Аяз қоршап, боран булықтырып, құйын қылғындырып, - деп Мадияр қиналып. - Қап, тым құрымаса бір-екі сағат жігіттерге тыныс алар жағдай болмады, - деп ызаланғандай жерді тепті. Оған ерегіскендей жел булыға үдей соғып, қар суырып, бұрқырай жөнелді.

- Мамонов, командирлерге мынадай бұйрық жеткіз: қыстақтағы үйлерге ешкім жатпасын. Барлық адамдар окопта түнесін. Еш жерде от жағылмасын. Қараңғы түн қараңғы бойында. Солдаттар тоңбау үшін астарына сабан төселсін. Әр онның үшеуі посты да, бесеуі ұйықтайды, екеуі күрекпен боран үрлеген қарды аршып, орды тазалауда болсын. Үш офицердің екеуі демалып, біреуі жатақты аралап бас-көз болып жүрсін. Осылай кезектесіп тынбай сергектік жасалсын. Барлаушылармен айналаға бақылау патрулін ұйымдастырыңыз. Әсіресе, Соколово тарапына сақ болыңыз. Бүгінгі түнге менің айтарым осы, - дедім мен. Мамонов бетке соғып тұрған желге ықтағандай қынжыла бөгеліп: - Жолдас командир, жігіттер өте... - дей беріп еді. - Не деп «өтелеп» тұрсыз! - деп мен оған ақырып жібердім.

-Мен оны білмей, я ойламай айтып түр дейсіз бе? Сізге жақпай тұрғаны жылы үйге жатқызбағаным ғой. «Ұйқы өлімнің інісі» дегендей біз өткен түнде жауды жылы төсектен тұрғызбай бастық. Егер де біздің шаршап, бақайына дейін суық сорған солдаттарды жылы үйге енгізсек, кейіннен оларды зеңбірек атып ояту қиын болар деймін. Сондықтан жылы үйде жатуға рұқсат жоқ.

- Мамонов, сізді мен түсініп тұрмын, - деді Мадияр байсал дауыспен, - бірақ командирдің ойы дұрыс. Солай емес пе? - деп күлімсірей сұрағанда Мамонов та күлімсіреп:- Дұрыс, жолдас комиссар, - деп маған бұрыла беріп, рұқсат етіңіз мен барайын, - деді.

- Рұқсат, барыңыз. Мамонов жағасын түріп, түнге қамдану туралы бұйрықты орындауға кетті. Оның киіз етігінің табан астында, аяғын басқан сайын қар кейде кейде сыңсылап, кейде сықырлап, ол дәл шынының сынықтарын басып бара жатқандай әр әнге салады.

- Сенің зекіре сөйлегенің шамалауымша, оның біраз көңіліне ауыр тиіп қалды-ау, - деді маған Мадияр.

- Байқаусызда аузымнан шығып кетті. Өзім де оныма өкінгендей болып тұрмын, - дедім мен оған, - мейлі ол, кінәмшіл жігіт емес. Біраздан соң Мамонов штаб офицерлерін ертіп, ор басына кетіп бара жатқанын көрдік. Қаптап келе жатқан бұлттың қара құрымы жантая қисайып, батып бара жатқан күн сәулесін қара шымылдығымен жау ып кешті мезгілінен ерте түсірді... Жел үдей соғып, ыңырсып иығынан дем алып, үшкіре ұли бастады... Қарды түтеп, құйындап айналдыра соғып, жауар бұлт өрлегендей қар тозаңын тізеден асыра сілтеп белуарға жеткізді. Ордан шыққан адамдар белуардан боранның сұрғылт тұманына малтығып тұрғандай көрінді... Ілезде ол жоғарылап, сағымданып адамды бойлап бұға шөктірткендей қарауытып, тұмағын ғана көрсетті. Сағым сарып өткендей айнала кірпік қаққан сайын танауы тарылғандай қысқарып, қараңғы қоршап, қысып, ымырт жамылып келеді. Қыстың жарық күні бір тұтам, секунд сайын шегінуде. Шегіне, шегіне қабағын ауыр қорғасын басқандай айналаны қараңғы билен барады. Дүниенің барлық бұрышы қараңғы. Мадияр қас қарайғанда маған: - Ал, капитан, мен ошақтарды аралап шығайын, жігіттерге қазанда ыстық ас даяр ма екен, - деп жүріп кетті. Мен түн қамы туралы берілген бұйрық қалай орындалып жатқанын өз көзіммен көрейін деген оймен ор басына кеттім. Табан астында қарлы жел алып-ұшып соғып, тәлтіректете сырғанатып қуады. Алда не бар, не жоғын болжап болмайды, тайып, сырғанап, сүріне жығылып келемін. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендейін барлық сезімім аяғымда. Ой- қырды болжайтын жалғыз аяғым - ақ. Сеземін аяғым қырлауға кездескендей болды. «Қырға шығайын» деген оймен аяғымның ұшын тірей басып екі-үш қадам баса бергенімде күтпеген жерден мені тартпадай тартып жер жұтып барады. Аяқ-қолыммен қарды қарманып істеген әрекеттерімнен ешқандай нәтиже жоқ. Зымырап төмен түсіп барамын... Аяғым барып қатқылға тірелгендей болды ма, жоқ, қолтығымнан асылдым да қалдым. - Ей, сен кімсің, бұл жерге сені қандай сайтан еліктіріп алып келді, - деген дауыс аяқ астынан шығады. - Уа енеңді пәлен қылайын, өгіздей денеңмен басып, шаңырағымды ортасына түсірдің ғой, - деп мені балағаттайды біреу. Қақпанға түскендей қалбалақтап, шынтағыма тіреле беріп түсіп кеткен жерімнен қайта шығайын деп әрі-бері ұмтылғанымда біреу аяғымнан ұстап тағы балағаттады. - Қыршаңқы жабағыдай аяғыңмен тепкілеген қандай жындысың, - деп ақырды жер астынан, - кел бермен, не қайтадан шық, -деп аяғымды бір ауыр нәрсемен әлінің барынша соқты. Малтығып жатқан мені көріп адъютантым маған қолын соза бергенде: - Мейлі, төменде жер астында жолығармыз, - деп қанатын түйген құстай екі шынтағымды бауырға қысып, төмен жылжып барып, құладым. Аяғым жерге барып тиді. Қап-қараңғы үңгірдің ішіндемін.

- Мұндағы кім боласың? - деп сұрадым мен.

- Өзің кімсің? Алдымен жөніңді айтқын, - деді маған ашулы дауыс.

-Күн бойы терлеп- тепшіп істеген жатағымызды аюдай алпамса денеңмен опыра жойдың, құдай біледі, немістің бомбасы сенен мейірімді болар... Қалтамдағы шам-шырағымның түймесін басып, жарық бердім. Қардан қазылған үңгірдің бұрышында тымағын түсіре киген, ақ киімді еңгезердей жігітті көрдім. Қалта шамның сәулесі оның бетіне түскенде көзін жыпылықтатып, жарыққа қолын тоса қарады. Мені көрмеді. Қалта шамның жарығын әр бұрышқа жүгіре қарадым. Жерге салынған сабан төсектің үстінде солдаттардың жорық дорбалары қатар тізіліп қойылған. Мен өзім опыра түскендегі үйілген қардың үстінде тұрмын. ІІІам жарығын көтерсем, жаңағы мен түскен төсекте таңғала қарап тұрған адъютантымның келбеті керінді.

- Секір бермен, мұнда азырақ тыныш көрінеді, - дедім мен оған. Ол тесіктен ырғып түсті. Үңгірдің іші тағы қарға толды.

- Ей, сендер жын соққаннан амансыңдар ма? - деді еңгезердей жігіт.

- Есі дұрыс кісілерге есік істелген. Сендер шаңырақтан секірген сайтаннан саусыңдар ма?

- Не деп мыжып тұрсың, - деді оған адъютант.

- Полк командирі екенін көрмей тұрсың ба? Солдат сасып қалып: - Мына қараңғыда кімді ажыратасың, - деді.

- Мейлі, жігітім, оқасы жоқ, - дедім мен оған, - ал есікті түңлік етсең сенің үйің баяғыдай болады, деп есікті жапқан плащ- палатканы жұлып алып, адъютанттың қолына беріп, шық жоғарыға, жап үңгірді түңлікпен, дедім. Солдат пен адъютант ілезде үңгірді қармен плащтың шетін қапсыра жапты.

- Ал, мырза, айып бізден, үзір-мәзір сізге, - дедім күліп.

- Енді татуласайық, бүлінген нәрсе түзелді ғой. Ат-шапан айып, дегенімде солдат қарқ-қарқ күліп жіберіп: - Оқасы жоқ, жолдас командир, ғапу етіңіз, - деді.

- Ал, енді аты-жөніңді айта отыр, - дедім, - басқалар қайда, жалғыз не қып отырсың? Жауынгер жүгіне отырып: - Екеуміз сақтық посты да тұр, мен мына пананы бітіріп отыр ем. Қалғандарын сержант асханаға жаңа ғана алып кетіп еді, -деді.

- Қыстақтағы үйлерге кімдер түнейді? - деп сұрадым, одан мен.

- Мүмкін офицерлер бар шығар. Біздің тобымыз барлығы осында, қыстаққа жолағанымыз жоқ, - деді ол, - кеш бата бергенде аға саяси нұсқаушы Трофимов келіп бізге, сіз үйге орналасуға ешкімге рұқсат бермеді деп айтты. Ол кісі неміс келіп бізді ұйқы үстінде басып қалуы мүмкін деді. Бір түнге шыдаңдар, жігіттер, деп білген ақылын айтып кетті.

- Дұрыс, ерім! Жолдастарың қайтқанда солай деп айтқын. Неміс түнде келіп ұйқы - тұйқымызды шығарып жүрмесін. Сергек болыңдар бүгін. Ал темекің бар ма, жігітім? - деп сұрадым одан.

- Фрицтің сабанын олжалап тартып отырмыз, - деп ол күліп, қойнынан сигарет алып маған ұсынды.

- Атың кім, ерім? - деп сұрадым мен, темекі тартып отырып.

- Алешин Андрей, Павлодар өлкесіненмін. Қазақстаннан.

- Ал, Төлеген Тоқтаров сіздің топтан емес пе?

- Оған не болды, жолдас капитан? - деп, ол үрейлене сұрақ қойды.

- Ол бүгін екі рет ата күш, ана сүтін ақтағандай ерлік істеді, - дедім мен. - Ия, ол ұстараның жүзіндей өткір жігіт... Олардың тобымен мен бір вагонда келгенмін. Өзіміздің кішіпейіл жігіттің бірі... Жайдары әңгімеқор біреу. Жол бойы өлең айтып, әңгіме айтып күлдіріп келіп еді. Сөздің майын тамызып сөйлейді. Ол онда шынында ішінде жалыны бар жігіт екен ғой, - деді Алешин сөзін аяқтап, біраз ойлап отырып. - Өзі тек жатпас деп ойлаушы едім, дұрыс, - деді өзін-өзі қоштап, - дұрыс, ерлік етсе онысы дұрыс екен азаматтың, - деп темекісін ернін күйдіре сорды. Төлегеннің өлімін мен Алешинге естіртпей, онымен қол алыса қоштастым, қар үйшіктен шықтым. Әркім өз орнында: кейбіреулері посты да, кейбіреулері орды тазалап, қарды аршып жатыр. Кейбіреулері кешкі тамақтан қайтып келеді. Мені дауысымнан таныған солдаттар мен офицерлер ордың қар дуалына сүйене тұрып қалып, маған қол беруде.Кенеттен, жап-жақын жерден бірден сарт - сұрт етіп күн күркірегендей үш рет атыс (залп) естілді.

- Не болып қалды? - деп постыда тұрған солдаттан сұрадым.

-Жауынгерді жерлеп жатыр, - деді ол, дірілдеген дауыспен. - Қош, достым, жатқан жерің торқа болсын, серігім Төлеген, - деп жауынгер қамығып, тұрған жерінде қайғыра .Дүние иығынан ентіге булығып дем алғандай, жел тынысын ішіне тартып, боран жас жауынгердің қабырын қаба құшақтай, боздай соғып үдеген тәрізді. Жел Алтайдағы ананың арманды жоқтауын алыстан аңыратып алып келіп тұрғандай... Мен фонарымды өшіріп, қараңғыда қайғылы қиялда келемін. Көз алдымда бүгінгі өткен соғыстың сипаттары киноның пердесіндей, бірінен кейін бірі көрініп, аппақ қар үстінде, ақ киімді арыстандай жортып, ақ сұңқардай қанатын жайып, жау тобына төтеннен тиіп, қырандай қырған Төлеген Тоқтаров бастаған алғы жігіт көз алдымда елестейді... Қараңғыда адасып, қайғымен, боранмен арпалысып, қыстақ шетіндегі штабыма келдім. Штаб бұзылған мектепке орналасқан еді. Мектеп үйінен екі кішкене бөлмелер ғана аман қалған.

- Бері жүріңіз, жолдас командир, бері жүріңіз, - деп мені көре салысымен атқосшы Синченко үйге ендіре беріп, - жолдас комиссар да осында отыр, - деді. Үй ортасында, кішкене темір пештің үстінде сақырлап қайнап құман тұр. От басында қайнаған суды ернін күйдіре үрлеп ішіп Мадияр отыр... Менімен бірге суық бұрқырай кіріп, үйді буға толтырды. Синченко соңымнан лезде есікті жапты.

-Келдің бе, мен де жаңа ғана зорға жеттім,-деді Мадияр, - ыстық су ішіп жанымды жаңа ғана шақырып отырмын, деді ол шайды үсті-үстіне үрлеп, ішіп отырып. Мен асханалардың барлығы таң атқанша ыстық су қайнатып, окоптарға шелекпен тасылып беріліп тұрсын деп бұйырдым. Мен орналасқанша қойын-қолтығы қарға толған Мамонон кіріп келіп, тымағының бауын ағыта беріп, баяндай бастады: -Барлығы бұйрық бойынша істеліп жатыр, жолдас командир, -деді қызарған бетіндегі еріген қарды қолымен сүрте күлімсіpeп, - фу, далада түтеп тұр, тыныс алдырар емес, қиямет-қайым мұндай болмас.

- Бақылаушылар? - деп сұрадым мен.

- Оларды шаңғыға мінгізіп аттандырдық.

- Мына қараңғыда, боранда өзіміздің адамдар бірін-бірі танымай атып жүрмесін, - деп үрейленді комиссар.

- Жоқ, жолдас комиссар, ол жағынан қауіптенбеңіз. Әр ротадан хабаршылар тағайындалды. Белгілі жерде кездесіп, белгілі жерде нысанамен танып, тіл қатысатын еттік. Барлық жатын ойлан, келісіп алдық алдымен, - деді кішіпейіл Мамонов.Үстіндегі қарды қағып болып, ол орындыққа орналасты. Командирлер келіп қысқаша баяндап, кетіп жатыр. Пешке жақын, қызара жылынып отырған Мамонов планшеткасын алып, картасын шамның жарығына ұстап қарап: - Жолдас командир, егер Соколово гарнизоны мына боранды пайдаланып, бүгін Соколовоны қалдырғысы келсе, менімше ол бізді басып өтеді, - деп сұқ қолымен картаны нұсқап көрсетті, - біз жаққа қарай мына даңғыл жол жап - жақын-ақ 4-5 километр... одан басқа жол мынау... Бұл жол өте алыс, мұнымен орағытып жүріп, оны өз тобына қосылуына көп уақыт керек. Әрине, оған мына бізге алып келетін төте даңғыл жолмен тезірек оз тобына қосылуы ыңғайлы... - деп, Мамонов дұшпанның қимылындағы мүмкін боларлық болжауларын бізге орынды дәлелдермен айта бастады. Біз комиссар екеуміз оның сөзін бұзбай, тыңдап отырғанымыз оған қуат болып, ол дұшпан туралы, барлық ой-пікірін ағытып айта берді. Мамонов жұмбақ шешкендей, Соколоводағы неміс командирінің ішіне кіріп шыққандай, оның ойындағысын тапқысы келіп, «қайтер екен» деген болжаудың бірнешеуін салалап ойлап, ойын айтып отыр. Мамоновтың мұндай ойшыл сырын біз білмеуші едік. Ол іскер, адал, момын офицер еді. Сондықтан оның ой-пікірлерін біз таңдана тыңдадық.

- Сіз жағдайды дұрыс бағалап отырсыз, жолдас Мамонов, дәлелдеріңіз орынды, - дедім мен. Ол оған қуана мақтағандай бұрынғыдан бетер жүзі жарқырап сөйледі.

- Ия, Соколоводағы немістің халі өте қатерлі хал. Олардың бақытына мына түтеп тұрған боран... - деп мақұлдады комиссар.

- Егер мына бүгінгі боранды пайдаланып, олар орнынан қозғалып кетпесе, жолдас комиссар, оларға ертең капут , - деді Мамонов.

- Мына түнді пайдаланып, қараңғыда басып қалып, ол бүгін бізді капут етіп жүрмесін. Оның танктері бар ғой, алдымен танкін жіберіп, бізді інге қуып тығып, жатқан шұңқырымыздан бас көтертпей атқылап тұрып алып, төбеден басып өтіп кету оп - оңай, - дегенімде Мамоновтың түрі қауіптене, даусы бәсеңдей сөйледі: - Далада ат құлағы көрінбейді. Қайда көзден, кімді атарсың. Жау қайда, жақын қайда екенін шырттай қараңғыда қалай ажыратарсың, сүйкенбесе, жанай өткенді сезер түн емес.

- Әрине, ол барлық ауыр техникасын орнында қалдырып тастап, адамдарын жеңіл, салт, жаяу, қараңғы мен боранды пайдаланып, бізбен байланыспай, соғыспай іргемізден өтіп кетуі де мүмкін. Барлаушыларды мына түнде алысқа жіберуге болмайды ғой, - дедім мен.

- Егер ол олай істесе, мүлдем жаман болар, құтылып кетті десеңізші онда оны, - деді Мамонов. Бұрын оның ойына ондай жағдайдың мүмкіншілігі болмау керек.

- Жаудың солай істеуіне өте ыңғайлы бұл жағдай, - деп, мені комиссар мақұлдады. - Техниканы тастап, адамдарын құтқарып алып кету... Бірақ қайдам... Ол жүрсе техникасын ала жүреді. Не істесек болар екен?

- Бері қараңыз, Мамонов, - дедім мен, - танкке қарсы біздің бір құралымыз бар. Бірақта оны құрау керек, -дегенімде, екеуі де маған таңдана қарады. Мен Мамоновтың қолындағы картасын алып Соколоводан бізге қарай келетін жол сызығын көрсетіп. - Мына жолды, мына орманнан шыға беріс жерінде қар үйіп бөгеу керек. Жолдың ені он - ақ метрдей. Жиырма шақты адамды күректерімен ертіп барып, тезден жолды бөгеңіз. Танк келіп қараңғы түнде тұмсығымен әрлі-берлі түрткілейді. Қараңғыда қайдан білсін, ол басып өте алмастай кедергі көрінеді. Жолдан ол бұрыла алмайды. Бұрса қарға малтығып,бауырлап жатып қалады. Егер үйілген қарды тесіп өтсе өте берсін. Үйілген қардың іргесіне пулемет қойыңыз. Танк артында келе жатқан жаяулар тобын пулемет баж етіп беттен ала түссе, таң атқанша оларды орманнан шығармай әурелейміз...

- Дұрыс! - деді екеуі бірден.

- Солай етілсін, - деп қорыттым. - Ал енді бар, азаматым. Мамонов тез киініп, адъютант екеуі шығып кетті... Комиссар екеуміз үн қатпастан Соколовоны ойлап отырдық. Тоқсан толғанып, өткен күн мен түнді еске түсіріп, ұшы-қиыры жоқ шексіз ойлар келіп басады. Бүгінгі түннің қамы болашақ туралы... Қазір ғана байқадым... Отырған үйімізді көрпеден құрған шымылдық екіге бөлген екен. Шымылдықтың ар жағында үйіліп жатқан үй мүліктерінің арасынан ұйқыларын аша алмай отырған екі жас баланың жүзін көрдім. Стол көлеңкесіндегі мүйісте отырған үй иесі әйелге көзім түсті. Солғын түсіндегі тұнық көк көзі бізге қадала қарап, «не айтып, не ойлап отырсыңдар? Шиеттей балаларым, менің халім не болмақ» - дегендей қинала, қайғыра қарап отыр. Алдымда отырған әйел көп қорлық, коп қысым, көп кемітуді көріп зорыққан, тарылған, мұңды көзімен мені арбағандай жіберер емес. Оның көзіндегі мұң терең, қайғылы, зарлы мұң, даусыз қиналған жанның айқайы. Оның арбауынан зордан өзімді ажыратып алдым. Көзге көз түскенде бір-бірінен ажырауының қиын екенін бірінші рет сездім. Бұрын менің көзім ғашық көзімен кездесіп, дұшпанның көзімен арбасып еді. Бүгін мұңы терең, қайғысының шеңбері кең көзбен бірінші рет кездестім. Бұл әйел осы мектептің мұғалимасы екен. Біз отырған бөлмеге оны немістер қуып тыққан екен. Немістің табан асты салған қырғын соғысы, алдағы соғыстың үрейлі қаупі ол әйелді өте жабықтырып, жаншып, өзін қартайтқан. Үстіндегі киімі арық денесіне қапталғандай, маңдайынан екі бөліп таралған жылтыр шашының желкесіне өре түйілген бұрымы босап тарқаған, беті қансыз сұп-сұр. Әйел орнынан ақырын тұрып, пешке ағаш салып, шәйнекке су құйды. Мені бір ой қайтадан билеп кетіп, әйел мен Ахметханның әңгімесіне онша құлақ салмай біраз отырдым... Сөйлесе неміс, қиыншылық, ашаршылық, балалар туралы бірен - саран сөздері алыстан естілгендей құлағыма оқта-текте бір тиеді. Әйел сөйлегенде бәсең даусынан жәбір көрген, көп уайым жеген адамның арызының сарынын сеземін. Бірақ түгел ұқпаймын... Шымылдықтың шеті ашылғанда қарасам өңшең жүктің, мүліктің ортасында жатқан балалар, шешесі оларды, бар нәрселерін оқтан болат, жаңқадан қалқан етіп, пана істегені анық көрініп тұр. Даладағы ұлыған боранның сарыны әлі басылар емес. Айналаның барлығы уілдеуде. Жел екпіндей соққанда біз отырған үйдің төбесі сықыр-сықыр етеді. Менің ойым Мамоновта, боранның әр сиқыры маған Мамонов ертіп кеткен жиырма жігіттің қар күреп, жол - жолды бөгеп жатқан қимылының хабарыңдай естілді.

- Мама, шөлдедім, - деген баланың даусы мені ойдан оятты. Жүресінен отырып от жаққан әйел: - Шыдай тұрғын, қалқам, әлі шай қайнаған жоқ, - деп жауап қатты баласына.

- Шақырыңызшы, балаңыз да отқа жылынсын, - деді Мадияр. Оны есіте салысымен көрпеден жалаң аяқ жүгіріп, бес-алты жасар қыз бала келіп, пешке қолын созып жылынып тура қалды. Бір бөлке нан мен екі консервіні алып, даладан Синченко кіріп келіп: - Бар болғаны осы, жолдас комиссар, - ден ол алып келгенін Мадиярдың алдына қойды. Мадияр пештің үстіне екі консервіні қойып: - Наның тас болып қатып қалыпты ғой, жігітім - ау? - деді.

- Маған беріңіз, мен мұны қылышпен шаппасам, пышақпен кесілмес, - деп нанды алып, отын жарғандай шапқылай бастады Николай. Мұздаған нанның жаңқасын Мадияр алып пештің үстіне қойып жылыта бастағанда, қызған темірге түскен нан уағының күйген иісін сезіп, шымылдықтан екі баланың асқа телмірген көзі көрінді. Әйелден табақ сұрап алып, Мадияр жылынған консервіні ашып, табаққа салып болған соң: - Тамақ үй иесімен тәтті деген, жеңгей, келіңіз балаларыңызбен, үй ішіндегілеріміз бас қосып, от басында отырып тамақ желік, - деп үй иесі әйелді, балаларымен дастарқанға шақырды. Әйел ұяла төмен қарап: - Қойыңыз тақсыр, астапыралла, жолдас комиссар, өздеріңіз жей беріңіздер, бұл үйге біз қайбір ие дейсіз...

- Бұл жердің анық қожасы сіздер, неміс пен біз күтпеген жерден келген мазасыз қонақтар ғана, - дедім мен.

- Сіздер сияқты қонақтарды көптен екі көзіміз торт бола күткенбіз, - деп мұғалима даусы дірілдеп жауап қатып, сөзін аяқтай алмай еңіреп жылап жіберді. Барлығымыз от басында айнала отырып тамақтандық. Соғыс басталғаннан бері бірінші рет семья ішінде тамақ жегенім осы еді. Консерві мен қатқан нанды жеп отырған сүйкімді үш баланың түріне қарап, олардың байсалды, ақылды шешесіне қарап, өткен - кеткен, ел, әйел, балалар еске түсті. Қайдан қалған бір түйір қант екенін білмеймін, Синченко қалтасынан алып, үшке бөліп балаларға берді. Балалар қуанып, сілекейлеп сора бастады. Қайғылы көңілді әйел Николайдың оның балаларын есіркеп тәтті бергеніне тағы көңілі босап, көзінен жасы моншақтап кетті. Осы отырыс әйелді, балаларды, бізді де тебірентіп, жорық соғыстарда жүрек түбінде үнсіз жатқан үйді, жарды, баланы сағынған сезімді оятты. Тым-тырыс біраз отырдық. Мүмкін біз бұлай отырғанда, мына боранмен бірге өзіміз отырған үйдің іргесіне дұшпанның танктері келіп қалған болар деген ой менің босап келе жатқан көңілімді қатайтып, ширатты. Аһ, соғыс, соғыс, сенің көп кезеңің мен қырық қырлы, алуан түрлі құбылысың жауынгерлерге не көрсетіп, не сездірмеді? Есік ашылды, даладан кірген аяздың будақ буының ішінде үсті-басы қырауға бөленген екі адам кіріп келді. Кірпігіндегі қырауды қолының сыртымен сүрте беріп Мамонов Скачковқа қарап, таңданып біраз турды да, от басындағы балаларды көріп:-Міне, балалар, сендерге екі аяз ата келді,-деп балалардың түріне қарап қарқ-қарқ күлді. Балалар екі аяз атаға тандана қарап, шешесіне жақындап тығыла бастады.

- Қорықпаңдар, қарақтарым, ағаң ойнап айтады, - деді Мадияр. Мамонов белбеуін шешіп, үстіндегі қарын қағып тұрып баяндай бастады.

- Жолдас командир, айтқаныңыздың барлығын орындадық. Барар жерге зордан жеттік. Әйтеуір қолдан келгенше бір төбешік етіп қарды үйдік. Күрекпен қарды көтере бергенде жел суырып ала жөнеледі. Көп әурелендік... Кейіннен қарды шекпенімізбен етектеп тасып, әйтеуір бір төмпешікті үйдік. Не шығарын қайдам, мүмкін, қайтадан жел сол үйгенімізді қуалап, суырып, жермен жексен етіп кетіп жүрмесе.

- Алдымен бірнеше ағаштарды құлатып салғанда, ол қарды тоқтатар еді ғой? - деді Мадияр.

- Екі ағашты құлаттық, жолдас комиссар. - Әттең жиырма шақты мина қояр ма едік, бірақ ол бізде жоқ, - деп күрсіндім.

- Пулемет қойылды ма?

- Бір пулемет орналастырылды, - деді Скачков. Біз үйде отырмыз. Солдаттардың бір тобы қостың сыртынан бақылап, мына боранды қараңғы түнде барлауда жүр. Біреулері постыда тұр. Біреулері суырып тұрған қардан оp аршып жүр. Қалғандары қардан істелген күркешікте, бір-біріне жанаса тығылып, ұйықтап жатыр. Дала да аңдай ұлып, құйындай ұйтқып тұрған боран, сыпыра үдей соғып тұрған жел... Генерал Чистяков қайда отыр екен? Не ойлан отыр екен? Шехтман мен Кургановтың полктары не істеп жатыр екен? Олар торт күннен бері қыстақты ала алмай, бүгін мына боранда тағы шабуыл жасап жатыр ма екен, не істеп жатыр екен? Мен полк командирімін. Маған ешнәрсе мәлім емес.Ешкіммен байланысым жоқ. Еш жақтан хабарсыз отырмын. Айналаның бәрі маған зынданда жатқандай қараңғы, белгісіз... Тек ой мен болжау ғана мына жағдайда мені әр жаққа алып барып бір соғады. Кенеттен дұшпан келіп қалса не етпекпін? Мына жағдайда менің халім - естімес керең мен көрмес соқырдың жайынан артық емес... От басындағы әйел маған сұрлана, үрейлене қарайды, менің ойымдағыларды тапқандай. Мен төмен қараймын. - Жолдас командир, ана жақтан пулеметтің даусы шығады, -.деп Синченко ентігіп кіріп келді. Біз барлығымыз далаға шықтық. Алыстан безілдей атылған пулеметтің даусы боранды жарып естіледі. Кейде қақалып, кейде тұншыққандай, даусы ыдырап - ыдырап естіледі. Баж-баж етіп, тыныс ала үні өше қалып, қайтадан тіріледі. Үдеп соғып, тыншиды. - Сол, сол, біздің пулемет, даусынан танып тұрмын, - деді Мамонов дауысқа қарай кулагын түре тыңдап. Алыстағы пулемет даусын безілдете арпалыс хабарын бізге жолдауда... Кенеттен оның үні өшті... Біз қауырт құлақ қойып қанша тыңдасақ та, қайта үн қатпады. Ұлыған боранның даусынан басқа үн жоқ... -Барлаушылар жіберілсін, -дедім мен. Мамонов қараңғыға ғайып болып кетті.Бұзылған үйдің ду алын ықтап турмыз, айналаға құлақ саламыз. Уілдеген желден басқа дыбыс жоқ... Турмыз. Барлаушылар ешкіммен кездеспей қайтып келді. Сақ болып, таңды күтуден басқа бізде ешқандай дәрмен жоқ. Үйге қайтадан ешқайсымыз енгеніміз жоқ. Жел желбірей соғып тұр... Күтпеген жерден шығыстан бір жарық көрінді. Таң ататын кез емес еді. Күйген күннің сәулесіндей аспанға қызара шалшыған ненің жарығы? Жарық ұлғайып өрге шапшып төмен түскен бұлтты қызыл, сарғылт бояй бастады. - Соколово ғой, - деді маған бұрылып Мұхамедияров шошығандай. - Ия, Соколовоның өртінің жалыны болу керек. Дұшпан орнынан қозғалған болар. Қасымдағы барлық офицерлерді жан-жаққа жұмсап жіберіп, әсіресе, Соколово тарапынан сақ болсын деген жарлық бердім. Сарғая күтумен тағы бір-екі сағаттай тұрдық. Өрті өршіп, Соколово жанып жатыр.Біраздан соң өрттің сағын сындырып, бозарып таң ата бастады. Мұхамедияров пен екеуміз түндегі біздің жігіттер шала - пұла жолды бөгеген қар дуалға қарай жүрдік... Үлкен төбешіктей болып үйілген қар жолдың орманнан шыға берісінде алып жайындай сұлап жатыр. Боран үйілген қарды суырып әкетудің орнына, қар үстіне қар үйіп, нығыздап тастапты. Осы үйілген қар, танктердің жолына өте алмастай бөгет болып біздің сенімімізді ақтағандай. Соколовоға қарай баратын жолдың үстінде танктың жылан бауыр екі ізі жатыр. Үйілген қардағы екі үңгір түнде келген танктың сүзбелеген тұмсығының белгісі.

- Түнде бұл жерде дұшпанның танкі болған екен, - деді Мұхамедияров, - мына үйілген кар оны кейін қайтаруға себеп болған.

- Ия, біздің үйген қарымыз неміске басқа жол көрсеткені ап-айқын, ап-анық, - деді Мамонов, комиссарды қуана қоштап. Алдыңғы елу-алпыс қадам жол жағасындағы бір қарайған нәрсеге көзім түсіп, солай қарай жүрдім. Маған комиссар мен Мамонов ілесті. Жолдың жиегінде қар басқан пулеметтің сынық қалдықтары быт-шыт болып жатыр. Оның қасында танктың жылан бауыры белуардан төмен жанша басып өткен пулеметшінің денесі жатыр. Барлығымыз азамат өлігін көре сала бас киімдерімізді алып, қол қусырып біраз тұрдық. Мадияр дәті шыдамай, еңіреп жылап жіберді. Біздің алдымыздағы жатқан, түндегі әлемге жар салып дұшпанмен жекпе-жек соғысқан ердің денесі екені күмәнсіз. Оның алдында құлаш жетер жерде ердің оғына ұшып қаза тапқан неміс солдаттарының оннан аса өліктері жатыр. Мен түрін шырамытқандай болып, қасына жақындап барып, бетіндегі қарды қолыммен қағып сүртіп, еңкейе үңіліп қарап, кеше кеште кездескен Андрей Алешинді таныдым. Соғыста тағдыр алуан түрлі болады. Кеше кеште бүгін осылай жолығысамыз деген кімнің, қайсымыздың ойымызда бар еді?! «Ол кісі бізге бүгін түнде немістер келуі мүмкін деген еді. Оларды өткізбестен, токтатқан жерім осы болды» деп жатқан сияқты, ер өлімімен қаза тапқан Андрей Алешин. Орманнан қос атты шыға келді. Дивизия штабының офицері маған генерал Чистяковтың дәптерінің бір бетін тапсырды. Ойқыс, ірі қолмен генерал маған былай деп жазыпты:«Дұшпан бүгін түні Соколовоны тастап кетті. Шехтман полкі оның соңынан өкшелеуге түсті...» - деп, кейіннен біздің орнымызды Н. бригадасының бір тобына тапсырып, бүгін сағат он бірден қалмай алға баратын жолымызды, сапарымызды бұйырып жазыпты.

... Соғыста, бір жерге табан тіреп арпалысып қалған дұшпанды орнынан қозғау қиын, жау жеңіліп орнынан бір қозғалса, оған тұрақтап тоқтау оңайға түсе қоймайды. Жау жылжып, сырғанап тоқтай алмай шегініп барады. Бір жерге тіреле бергенде, біз келіп оны тағы сүзе бастаймыз, шайлығып қалған жазған алды - артына қарамай зыта жөнеледі... Түлкідей бұлғақтап бір жотаға жорытып, әлі құйрығын ұстатар емес. Кейде жалт беріп, тісін ырсита ырылдағандай, бір қыстаққа бекініп, бізге қыр көрсетті. Айбаттанып қабамын деп қарсы ұмтылады. Бірақ қоян-қолтық арпалысқа жүрексініп, қаймыға ыршып бұрыла жөнеледі... Біз соңынан қалмай келеміз. «Қашаған жүйрік келеді» дегендей әлі жеткізер емес. Орманды аралап зытып барады. Алдынан орай соғуға жер жағдайы жөнсіз, қалың қар шідерлеп -тұсап, емін - еркін аяқ создырмайды. Кібіртіктеп жорғалай қуып келеміз. Әттең, тың күшіміз жоқ, әйтпесе төтеннен соғып алар бірнеше жағдайлар бармақ тістетті.

***

Рдей көлінің көлемді аймағын Рдей ойпаңы деп атайды. Ойпаң шалшыққа ну өскен орманды. Қар астындағы су қатпайды. Шаңғыдан түссең қарға малтыға суға аяғыңды тығып малшып аласың. Тиман мен шұлғауың суды сорып алады. Оларды кептіретін от жоқ. Сирек кездесетін хуторларға тоқтамай өтіп барамыз... Түп ортасы ауа бір хуторға ендім. Бөлменің бұрышында автоматтың құндағын тізесіне тірей жоғары түңдікке қарата серт ұстап, дуалға сүйене еңгезердей қара жігіт шалқая ұйықтап отыр. Meн дыбыс бергенде ол шошына оянып, шүріппеге басып қалғанда автоматы тарсылдай үш - төрт оқ атты. Құйқам шымырлап, денем селт ете қалды. Мені танып ол шүріппені босатты да, сасқалақтап орнынан ұшып тұрды. - Басымнан асыра атып оқтарыңды маңдайшаға тидірдің ғой, - дегеніме әлі есін жинай алмай: - Ұйқылы көзіммен қалай басқанымды өзім де білмеймін... Құдай сақтап қалды... Шүкір... Кешіргін, бауырым.

- Мен сенің бауырың емеспін, командиріңмін! Бұнда не ғып ендің? Heгe мүлгіп отырсың?

- Күн бата аяғымды қар астындағы суға малып алып едім... Кептіріп алған соң суық сорған бойымды жылылыққа билетіп алып, қалғып кетіппін...

- Топтарыңды тез қуып жеткін! - деп мен оның сөзін бөлдім. Түс қайта бір хуторға жақындай бергенде сол жақтағы орманнан жүгіре, жүре атқылап бір тон біздің жауынгерлер хуторға енер - енбесте жаудың тобы қаша жылғаға түсіп, орманға жөнелді. Біздің топтың алдында түндегі еңгезердей қара жігітті таныдым.

- Бұлар болмағанда біз дұшпанның азуында болмақ екенбіз ғой, - деді адъютантым жауды қуып бара жатқан олардың соңынан қарал.

***

Рдей ойпаңынан өткен соң ашық жондарға орналасқан селолар кездесе бастады. Оларды алу үшін полкті жинақтап, батальондардың бастарын қоса ұстауға тура келді. Жауқорғаныстары көбінесе бекімі осалдау болғандықтан табан тірес ұрыстар аз болды. Кейбір қыстақтарды ат үстінен (схода) алып барамыз. Дұшпан жол бойы тосқауылдар қалдырып, негізгі күштерін кейінге тартып барады. Аяз бұрынғыдан да танауымызды қусыра, сүйекті сырқырата, сықырлата қыса бастады. Қатты аязды ашық даладан гөрі орман іші де жылылыққа жатады. Дала жонында жалданып жатқан ормандар жолымыздан қашықтау қарауытады. Алдағы бір топты қуып жетсем кешегі еңгезердей қара жігіт алдында командирмен қатар келеді екен. Тізгін тартып сөйлесіп тұрмыз. Оның бозара көгерген еріндері жауап қатқанда тістері сақ-сақ етеді. Қалшылдап тұр. Менің киімім жылы еді. Аттан түсіп шешіндім де, оған тон ішінде бешпет орнына киіп жүрген мақталы сырып тігілген телогрейкамды ұсынып: - Мынаны шинеліңнің ішінен киіп алғын. Жаудың оғынан аман қалып, аязға ұшып өліпті деген ат жаман болар, - дедім.

- Өзіңіз тоңасыз ғой...

- Шешін! - деп өзім киіне бергенімде, ол жалма-жан шешініп жатқанда Николай: - Бұл телогрейканың арқасында мына мақтасы шығып тұрған тесікті көріңіз. Бұл командирге тиген оқтың ізі. Ең алғаш та білінер-білінбес еді, енді күннен күнге ұлғайып барады екен, - деп телогрейканы оған ұсынды.

- Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес дегендейін, бұныңыз есте қаларлық болды, - деп ол киіп алды.

***

Олардан озып алдыңғы бір үлкен селоға кіреберісте біреу бізді қол бұлғап шақырды. Үйді паналап жүріңдер дегендей ишарат көрсетті. - Генерал осында отыр, -- деді маған лейтенант. Аттан түсіп үйге ендім.

- Рдей ойпаңындағы әр шоқының басындағы хуторларды тінтемін деп күллі дивизияны бытыратып, әлі басын қоса алмай өзім де сандалып осында келдім, - деді генерал.

- Батальондардың топталғаны болмаса полктің басы әлі де түгелінен қосылған жоқ, жолдас генерал.

- Сіздің бір батальон осы селоны алды деген соң мен осында бұрылып едім...

- Мен де сол батальонның соңынан жете алмай келемін... - Ия, араларын өте шалғайлата бытыратып алған екенбіз. Жау да бытырай шегініп барады. Мына аяздың қысымызда о да шыдар емес... Алға асығу өте қажет. Етек - жеңіңді жинап алмай асыға да алмайсың... Бородино мен Соколоводай бір бекініске кез болсақ роталап, батальондап тиісу жанып жатқан пешке біртіндеп шыбық салғанмен тең... Қомағайдың құлқынына асамға толмас ет тығумен тең. Ол шмірікпей жұта салады... Жер жағдайы өте ыңғайсыз, шалғай. Мына құмалақша сирек шашылып жатқан селолар мен хуторлардың түйін шешуге тұратындары аз, - деп генерал картаға қарап, - Алғандарымыздың көбінде гарнизондары аздаған топтар ғана емес пе? - деп менен сұрады.

- Бір ротадан асар-аспас тосқауылдар екені рас.

- Солай. Аз күшпен әр бағытта бөгет істеп, ол күшінің бастарын құрастырып уақыт ұтып, негізгі қарсыласты мына алдағы Холм, Локня қалаларының маңайында ұйымдастырмақ. Барлығын сол маңайға тартуда.

- Менің болжауымша ол бізге сол маңайда «қош кепсіздің» анық әкемтегін айтпақ... Мына майда жағалас жанжалды қойып біз де негізгі күштерімізді солай қарай тіп - тікелей тартқанымыз жөн болар... Демек, сіз де саусақтарыңызды тарбита бермей, полкті жинап алып, солай қарай бейімделуге кірісіңіз. Старое - Руссо - Холм жолымен тартып отырыңыз. Дұшпан да сол жол бойымен шегініп барады... - деп генерал Чистяков бұйрығын аяқтады.

* * *

Полк бөлімдерінің басын жүре қосып алдық. Жол бойындағы селоларды ұрыспен алуға тура келді, бірақ та қасарысқан қарсыласулар сирек кездесуде. Түс қайта, түн бойы қар жапалақтап жауған. Новички селосы үлкен, қалың орманның ортасындағы алаңда. Таң ата солай қарай бет алуға бұйрық берілген. Сәскеде он шақты аттылар мен алдыңғы батальондарды қуып жеттім. Барлықтары жол бойы ығысып - тоғысып тұр екен.

- Не қып тоқталдыңыздар?

- Қалың қар астында миналар бар көрінеді. Арттағы саперлерді күтіп турмыз.

- За мной по два галопом марш! - деп, қасымдағы аттылардың алдына түсіп алға шаба жөнелдім... Елу-алпыс метрден кейін соңыма қарасам аттылардың бәрі де шауып келеді екен. Тағы елу метрден кейін орағыта құйындата шауып полкке жолдың екінші шетімен бұрылдық. Тұрғандарға келіп тізгін тартып тура қалып: - Ал, біз салған екі ізбен полкті бастап алға тартыңдар! - деп бұйыра ақырдым. Роталар жалма-жан сап құрып қозғала бастады... Бір ротаның алдыңғы қатарында төмен қарап бара жатқандардың арасында еңгезердей қара жігіт - біздің полктің комсоргін таныдым. Холм, Локня қалаларының арасында желідей тартылған жол бойында тынысымызды бір- ақ алдық...

Соғыс пен жорықтың әуресі билеп ерлік көрсеткен жауынгерлердің қарызынан уақытылы құтылуға қолға тізгінімді тидірмей жүруші еді. Төлеген мен Алешин екінің бірі емес. Олардың аруағының алдында олқылық істегендей айыпты, кінәлі сезім жатсам ұйқы бермей жүрген кезі. Ерлікті елеусіз қалдырған командирге күнә. Оның адамгершілігіне қаттысын. Кейінгі күндері менің еңсемді зілдей басып жүрген ауыр жүктің бірі сол еді. Барлық жер тегіс бола бермейді. Соғыс майданында да көпірте сөйлеу, бояп, борандата мақтау, «жоғалған пышақты алтын сапты» ете салу сияқты өтіріктер атам заманнан бергі келе жатқан емі жоқ аурудың бірі. Мен солардан сау болғым келеді. Өтірік мақтау - қиянат. Қиянатпен елді алдап, қылмысты болғым келмейді. Елге ер туралы шын айтсам,шынды сыр етіп, шынықтыра айтсам деген ниет ойымда. Шыным мен сырым Төлегендей таза, ақ пейіл, ақ ниет болса, ақ қағазға түсіріп, елге сөз жеткізсем мен Төлегеннің қарызынан құтылған болар едім. Қыранның қиядан соғып ентелеп, басып келе жатқан жау қанатын қырық қағып көргенмен, жан тәсілім еткенде басында болғаным жоқ. Білмегенімді басында болғандардан біліп, толықтырайын деген ой мені осы уақытқа дейін жетектеп келді. Олар - оның ұстаздары Гундилович, Трофимов, Мәлік, үзеңгі жолдасы Балтабек, Төлеген туралы шынның да, сырдың да кілті соларда, менде емес. Сөз соларда.

Бүтін февральдың 22-і. Биыл Совет Армиясының 24 жылдық мерекесін майданда тойлаудамыз. Тарихи баяндаманы оқ пен от жасауда. Ауылдағы қарттар құранды оқып бітіріп от басынан әлдеқашан төсекке жантая орналасқан болар. Уақыт түн жарымына жақындап келеді. Біз отырмыз. Кішкене аташ үйдің шаршы бөлмесі, алдымызда жез құтыда лапылдай жанған білте шам. Монтайған момын қара торы жас жігіт, айғыз ақ киімді Мәлік қара дәптерін парақтап отыр. Оның қасында сырма, жеңілтек сары мақталы пешпет киген, еңгезердей Балтабек отыр. Оның мұрнының ұшы қарауыта үсіген, қалың қабағы түсіңкі, қалғығандай, шаршап, иығынан дем алып отыр. Балтабек полк жастарының ағасы - комиссарымыз. Бір жолы оның келбетіне қарап:-Мына олпы-солпы жаратыла салған біреуді ел несін мақтап, несін жақсы көреді! Балташ, Балтекең деп барлығы қадір тұтады. Өзі аузынан сөзі түскен біреу. Мұның не қасиеті бар? - деп комиссардан сұрағанымда, Мұхамедияров жымың күліп: - Мұның қасиеті мол адам. Көзі жоқ батыр, адал ниет, ақ көңіл, өте сыпайы жігіт. Кебенек киген ердің бірі осы, - деп жауап беріп еді. Міне,. батальонның комиссары Трофимов, көзі кіртиген, жүзі солғын. Тымағын шалқайта киген. Ол темекі орап отыр. Тамағына суық тиген, қырылдай сөйлейді. Отырғандардың бірі батальон командирі Гундилович. біраз жүдеген, шаршаған. Ашаң жүзінде қыр мұрны сорайып, көз жанары солғындау, тымағын басынан алғанда кере қарыс маңдайы жалтырап отыр. Барлығымызда үн жоқ. Төлеген туралы ой үстіндеміз. Менің көз алдымда полктың мыңдаған солдаттарының таныс кейіптері. Олардың ішінен мен Төлегенді іздеймін. Көп жігіттердің ішінде Төлегеннің түрі жадымда, есімде қалмапты. Мені қинап отырған сол. Мәлік менің Төлегенмен кездескен жерлерімді есіме салады. Бірақ мен оның сымбатын ұмытқандаймын. Екеуміз есте қалғандай бетпе-бет жолыққан емеспіз, сондықтан оның түр - сипаты есімде жоқ.

- Міне, аға, Төлегеннің комсомолдық билеті, мына қағаз оның партияға өту жөнінде берген арызы еді, - деп Мәлік маған кітапша мен бір парақ қағазды ұсынды. Мен біздің жастардың мақсат - паспортын алып аштым, қарасам кітапшаның ішкі бетінде Төлегеннің суреті. Екі көзі мөлдіреген, ашаң жүзді, қара торы жас жігіт маған тесіле қарап қалғандай болды. Москва өлкесіндегі Иахабино қыстағының бір үлкен салқын үйі. Январь айының аяқ кезі «Екі жігіт» теңселе сырқырап тұрған мезгіл. Сол үйде елден келген жігіттерді бөлімшелерге таратып жатқанбыз.Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, айбынды тік көзді, әдемі қара торы жігіт, шекпенінің белін қыса буған, қадамын дікілдете басып келіп, әскери әдет сақтап, сіресе тұра қалып: - Жауынгер Төлеген Тоқтаров, - деп аты-жөнін мәлімдеді.

- Кім болғың келеді? - деп оған сұрақ қойдым.

- Қайда бұйырсаңыз, сонда барамын, жолдас капитан, деп ол жауап берді.

- Дұрыс, автоматшылар тобына бара ғой, - дедім мен.

- Құп болады, жолдас командир, -- деп шұғыл бұрылып шығып кетті. Мәлік менің ойымды тапқандай: - Таныдыңыз ғой, ия сол жігіт, - деді маған. Алдымыздағы торт бүктелген бір парақ қағазды алып оқыдым. «Мені большевиктер партиясының қатарына алуыңызды өтінемін. Егер Отан үшін ұрыста қаза тапсам, мені большевик деп санаңыздар. Шаруаның баласымын. Өзім жұмыскермін», - деп қысқа ғана, бөтен сөзге килікпеген Төлегеннің арызы екен.

- Ал бастан-аяқ байқағын, - дедім Мәлікке.

- Тоқтарұлы Төлеген, - деп алдындағы дәптерінің бір бетін Мәлік оқи бастады, жасы жиырма бірде... Өскемен қорғасын заводының жұмыскері. Туған жері Шығыс Қазақстан өлкесінде... Автоматшылар тобына январьдың 17 күні келді.

- Білгеніңді ауызекі айтшы, - дедім.

-Жолдас капитан, менің дәптерімде Төлеген туралы бірнеше жазуларым бар. Солардың кейбіреулерін алдымен оқып берейін деп едім, - деді ол.

- Жарайды.

-Тәртіпті, әдеп сақтаған, ибалы жауынгер. Қару-жарағын өз қолыңдай пайдалана біледі. Жол бойы топ арасына үгіт-насихат жұмысын жауынгерлерге нақыл сөз айтып өткізіп келеді. Ақылды, ақ ниетті, сөздің орнын тауып айтатын жігіт. Жауынгерлер арасында қадірі бар солдаттың бірі неміс басқыншыларымен бірінші рет соғысқа февральдың екі жаңасында қатысты. Ново - Свинухово қыстағына шабуыл жасағанда алдымен көтеріліп, айбынды соғысты. Жаудың 15 солдаттың серігі Жұмажан Батталұлы тағы басқалармен бірге он солдат, үш жау офицерін тұтқынға алды. 6 февральда Бородино қыстағына, түнде бірінші боп еніп барып, бір үйдегі немістердің үнін шығармай, жатқан орындарынан тұрғызбай жойды. Дұшпанның қарсы шабуылында, өз ақылымен орнынан атып тұрып, жолдастары Батталов, Соколов, Егембердиев, Шумилов, - Өздеріңіз білесіздер, - деп бастады ол, түс қайта бергенде үстімізге дұшпанның зеңбіректерінің оғы жауып, әлемді жаңғыртып, жатқан жеріміздің қарын қопара көтеріп, бүлік салды. Снарядтың жаңқасы зуылдап бас көтертер емес. Айнала тарс - тұрс күмпілдей соғып, суыра борап, қарды көкке ұшырып тұр. Тек кірпік қаққандай тыныс алғанда ғана бас көтеріп анталап келе жатқан неміс тобына оқ жұмсап қалып, қайта бұғамыз. Қыстақ бықсып өртене бастады. Ащы түтін тұншықтырып барады. Күтпеген жерден айнала біраз саябырсығандай болды. Бас көтерсек немістер жан-жақтан анталап келіп қалыпты. Мен отыз шақты жігітпен оларға қарсы жүгірдім. Айнала сарт-сұрт атыс.Атқылай жүгіре араласып кеттік. Екі жақтың қорамсағындағы оқтары таусылып, сойыл - соғыс, төбелес басталды. Қолға түскенімен ұрып, иін тіресе арпалысып жүрміз. Өгіздей бір сары неміс қолымдағы автоматымды қағып түсіріп, жағамнан ала кетті. Итере сырғытып алып келіп дуалға тіреп, қылғындырып тамағымды езе бастады. Булыға барып тіземмен екі бұттың арасын теуіп жібергенімде неміс шалқалақтап барып қулады. Ол тура бергенде пистолетті қабынан суырып алып, атып жықтым. Сол кезде қыстақтың сол іргесінен біздің адамдардың дауыстары шығып, атыс үні ұлғая бастады. Жаңағы үйдің қорасын аралай, сол жаққа қарап жүгіріп бара жатқанымда, аяқ астынан тарс етіп оқ атылды. Қарасам жарақаттанған неміс офицері сол қолымен жер тіреп, бөксесін сүйретіп оң қолындағы прабеллюмен қайта көздей нұсқап жатыр екен. Көзді ашып-жұмғанша біреу ыршып барып автоматтың шүйдесімен офицердің шекесінен перін қалып, өзі шалқалақтай барып, жерді құша құлады. Офицер тырп етпей қатты. Өзіміздің жауынгерді аударып, басын сүйей берсем, бетінде қасық қаны жоқ Төлеген... Көзі жұмулы, тыныс жоқ. Бауыры ұйыған қара қан. Кейінгі әңгіме өзіңізге мәлім, жолдас командир, - деді Мәлік аяқтай беріп, - мына дәптердің ішінде Төлеген туралы тағы бірнеше жазғандарым бар. Уақытыңыз болса қарап шығарсыз,- деп қара дәптерді маған ұсынды.

- Ал, жолдастар, сіздер не айтасыздар?

- Алтайдың қыраны еді, бауырым, бір елдің баласы едік. қыршын кетті, - деді қамыға күрсініп Балтабек.

- Жолдас Ғабдуллиннің жазбаларындағы Тоқтаров жойған жаудың саны өте аз. Ол жалғыз Бородиноның өзінде ғана одан көп қырды, - деді Гундилович.

- Ия, жолдас капитан, ол кемінде жүз жауды қырды, - деді оған Мәлік, - жауынгерлердің айтуынша Төлеген ордың әр жеріне орналасып жүріп, жау құшатын көпке дейін жаздырмай қырғаны рас. - Әрине, жолдас командир, соғыста қай оқтың қай неміске тигенін білу қиын, - деді қарлыққан дауыспен Трофимов, - әйтсе де Тоқтаровтың ерліктерінің көркем, көлемді болғандығы туралы оқиғалар, оның батырлығы басқаларға нұсқау, үлгі болып, жолдастарын еліктіре өткендігі, байтақ, кекті орыс жерін жау табанынан азат етуге алыстағы Алтайдан келіп, орыс жігіттерінен кем туспей, дұшпанға кектене тиіскендігі, - деп біраз, тоқтап, - басы -қасында болған адамдардың айтуына қарағанда, Төлеген кейінгі қызу соғыста бірнеше рет жарақаттанса да, алда жүріп катысқан. Жаңағы Мәлік айтқан офицерді жоярдың алдында жарылған снарядтың үлкен жаңқасы оның ішін жарып өткен. Қансырап жатқанда жаңағы офицерге кез болған. Шынында өліп бара жатқан жігіт ақырғы бір қасық қанын жауға қарсы шабуылға жұмсаған, - деп ол сөзін аяқтады. Тағы басқа жауынгерлер туралы сөздер аяқталған соң, олар кетіп, мен жалғыз қалдым. Алдымда Төлегеннің комсомол билеті, оның соғыс алдында жазған арызы. Мәліктің дәптерін ашып қарай бастадым. Әдемі сүйрік жазумен ол майдандағы ой-пікірін, жауынгерден естіген сөздерді, қай уақытта қандай оқиға болғанын, қарамағындағы жауынгерлердің аты-жөнін осы дәптеріне жазып жүр екен. Жазудың көбі тек басталып қана, аяқталмай тур. Үзінді - үзінді, қысқаша ой-пікірлер. Дәптердің кей беттерінде жаңбыр, қардың, автордың кабинеті - ор, орындығы жер, столы - тізесі екендігінің ізі де әр бетте ап-айқын. Кейінгі бір жағында ірі жазылған «Төлеген Тоқтаров» деген жәйттердің бетінде біраз кідіріп, оқып отырмын. Бір жерінде:«Өлім көзіне жасқанбай тіке қарасаң, ол тайсалады. Өмірді сүйген - өлімнен қорықпақ емес...» деген екі жол, арада үш-төрт жол тастап барып. «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй», - деп Абай айтпақшы Төлегеннің кейінгі қимылы - барлығымызға ой салып, өмірді сүйсең мендей сүй деді - ау, - деп жазыпты. Алдымда қағаз, қолымда қалам, кейде ойлап, кейде жазып отырмын. Қарасай, Қобыланды, Алпамыс, Исатай, Аманкелділер бұрын өткен еді. Сауыт киіп, қалқан ұстап, найза алған батырлар жондардан жорытып, белдерден асып барады... Міне, көз алдымда Павлодардың жігіті - Андрей Алешин. Өзі де, аты да бекзада емес, кәдімгі көптің бірі. Ауылдағы тек мал басындағы шаруаның баласы. Түнгі сұрапыл боранда құрыш болатпен жекпе-жек арпалысып, оны шегіндіреді деген кімнің ойында бар еді? Біздің жеңістегі оның сыбағасы мол. Міне, Лениногордағы қорғасын еріткен жай жүмысшылардың бірі, жап-жас қазақ жігіті - Төлеген. Екеуі де бұқара жауынгер еді. Екеуі де жана өспірім, әлі қабырғалары қатпаған жігіттер еді. Ең ақырғы тынысын дұшпанға шоқпар етіп жұмсау үшім қандай кекті жүрек, қандай айбынды күш керек! Оларды тербеткен, оларды қозғаған күштің тамыры қайда жатыр! Біз - совет адамдарымыз, біздің салт-санамыз жаңа. Біз де сүйек, еттен жаралған жанбыз. Біздің жанымызды тебіренте соққан жүрек болаттан құралған емес, бірақ біздің жүрек отты жүрек. Оның оты болатты ерітіп, жаңқадай жандыратын от. Біздің жүрегімізде қауіп- қатерді көтеріп, өлімді жеңетін бір жарақ - ана сүтін ақтап, туған елді, Отанымызды сүю сезімі. Бізде ер атасы - махаббат, өмір атасы - халық, ел намысы - ер қолында, ер намысы - ел қолында. Біз намысты елдің ұлымыз. Жеңілмес күшіміз сонда. Мен маздап жанған білте шамның алдында ерлікпен жауынгерлік борышын атқарғандар туралы жоғары орынға мәлімдеме жазып отырмын... Даладағы боранның мұңды сарыны ер өлімін аза тұтып, сай - сүйегіңді сырқырата, қайғылы күй тартып тұрғандай. Мен жазып отырмын - «Совет Одағы Батыры атағын беруге ұсынылсын», - деп бір бетті аяқтап: «Қас батыр жауға шабар жағаласа, Ел үшін ар мен намыс қолқа салса, Мәңгілік өмір жасап өлмегені, Батырдың ел аузында аты қалса», - деген жолмен өзімді-өзім деу баттым. Ия, арнасын тапсаң су арқырай ағады. Бабын тапсаң тұлпар шабады. Біз совет адамдарымыз - біздің арымыз арналы ар.

Роман Әдеби KZ порталынан алынды. жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар