Москва үшін шайқас: КЕШ БАТЫП, ТАҢ АТҚАНДА

АСТАНА.ҚазАқпарат - 95 жылға жуық тарихқа ие, еліміздегі тұңғыш Халықаралық дәрежесі бар ҚазАқпарат агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Халық Қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынады. Б.Момышұлының бұл туындысы қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған алғашқы үлкен шығарма болып есептелінеді. Шығармада қанды соғыстың қатыгез бейнесі шынайы бейнеленген.
None
None

Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында коптеген роман, повесть қиса, дастарндар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.

***

КЕШ БАТЫП, ТАҢ АТҚАНДА

Буы бұрқырап төңкерілген үлкен қара қазандай аспан, төбеден төніп, жаңбыр қиғаштай екілене себелеп соғып тұр. Айнала көзге түртсе көргісіз, шырттай қараңғы. Алыстан дамыл-дамыл әупілдеген зеңбіректердің даусы құлаққа талып жетіп, еміс-еміс естіледі. Осы бір меңіреу қап-қараңғы түнде біздің солдаттар Возмище деревнясының көшесінде жүгіре басып, асығыс сапқа тұрып жатты. Генерал: «Дауыл алдындағыдай айнала мылқау жым - жырт...» деп еді. ... Я, қараңғы түсе бергенде сарындана дауыл басталды. Біз соғыс болып жатқан жерге қарай жөнелдік. Аласа бойлы, бұйра шаш, істік мұрын, бетінде аздаған секпіл дағы бар, тілін шайнап сөйлейтін майор Гофман күтпеген жерден біз отырған үйге кіріп келді. Барлығымыз орнымыздан тұрып оған әскери ізет көрсеттік.

- Товарищ командир батальона! - деді ол маған жіңішке көмеймен сөйлей қуат беріп.

- Немедленно приказано поднять батальон по тревоге и форсированным маршем идти на Иванково! Подымайтесь, сейчас же! - Жарайды, жолдас майор. Иванковоға біз қандай мақсатпен бармақпыз? - Задачу получите на марше.

- Жарайды, болды менің жауабым.

- Идите на легке. Обоз пока оставьте здесь. Они вас догонят, - деді майор шығып бара жатып. - Жарайды, болды менің жауабым. Батальон жауынгерлері ұшып тұрып, жалма-жан қопарыла көтерілді. Асыға - аптыға сапқа тұрып, нұсқаған жолға түсті. Қыстақтың лай көшесінің миын шығара сылпылдата, езе басып келеміз. Көше емес, тартпа шалшық. Басқан сайын тобышағымызға дейін батып, кібіртіктей қадам басамыз. Ымырт жабылып, қас қарайып қалды. Жаңбыр сіркелей жауып тұр. Жан-жақ тымырсық. Еш тараптан күндізгідей соғыс дабылының сарыны естілмейді. Лайлы жолдың тартпа балшығынан құтылып, даңғыл тас жолға түстік. Аяғымыз жеңілдегендей болды, ентелей басып, шұбыра жортып келеміз. Неге асықтық? Неге бөңкеңдеп жорта жүріп келеміз? - мен қазірінше білмеймін. Бірақ та сап басында келе жатырмын. Қасымда біздің үшінші ротаның командирі лейтенант Попов. Попов мыртық бойлы келген, қысқа мойын, тапалтақ сары орыс емес, қара орыстың бірі еді. Сол Попов екеуміз саптың алдында қатар жүріп келеміз. Попов артына жалтақтап қарап, саптан озып кеткенімізді сезіп: -Шире шаг! - деп оқта-текте команда беріп қояды. - Шипко прем, товарищ комбат. Люди, ведь уставшие, - дейді маған жасқана. - Тогда, Василий, сдерживай немножко и колонну, и меня. Твоя же рота идет головной. - Есть сдерживать.

***

Қаланың көшесімен жүріп келе жатырмыз. Сап аяғын тас жолға кезек келсап соққандай - «сарт-сұрт», «сарт - сұрттап» баспай, сылбың басып келеді. Тың саптың «сарт-сұрт», «сарт - сұрт» лепілдеп соққан жүруіне үйренген құлағым, мына сылбыңды жақтырмай-ақ келеді. Аттанардың алдында мен бірінші ротаның командирі лейтенант Филимоновты шақырып алып, оған былай деп бұйырып едім: - Лейтенант Филимонов, сіз ротаңызға екі пулемет, алты зеңбірек қосып, алға тезден тосқауыл ретінде жөнеліңіз... Ол алыстап кетсе оқасы жоқ, бірақ та адасып кетіп жүрмесе игі еді деген ой үстінде келе жатқанымда, тас жолға тұяқтарын тарсылдатқан бірнеше аттардың дүбірі естілді. Бізді үш атты адам қуып жетті.

- Где командир батальона? - деген сұрақтан, дауысынан майор Авериновты таныдым. Ол дивизия штабының шабарманы ретінде келгенін сездім.

- Мен мұндамын, жолдас майор.

- Бұйрық мынадай, жолдас батальон командирі, - деді ол, - жау Иванково таралына жақын деген хабар бар, сіз тезден-тез басып Иванковоны жаудан бұрын алып, нық бекініс жасауыңыз керек. Маған айт дегені осы еді, - деді де бұрыла жөнелді. Филимоновты қуып жетіп, бұйрық беру үшін Рахимов менің атыма мініп шауып кетті. Біз қаланың орталық көшесімен келеміз. Қала қап-қараңғы, жым-жырт, қарауытқан үйлер. Шіркеудің биік күмбезіне көзім түсіп, «мынау өзі үлкен бейітке ұқсайды ма?» деген сұрағымнан өзім шошындым. Қала қарауытып артымызда қалды. Біз жүріп келеміз...

- Жолдас комбат, бұйрығыңызды лейтенант Филимоновқа жеткіздім, - деді Рахимов аттан түсе беріп.

- Олар оншама ұзай алған жоқ шығар?

- Кемінде олар біздің алдымызда 2-3 километрдей, жолдас комбат. Бөкен желіске салып желе-жорта бара жатыр.

***

Біраздан соң бізді тағы да майор Аверинов қуып жетті.

- Ой, тағала - ай, мүлдем ұзап кетіпсіздер ғой. Зордан қуып жеттім, - деді ол ентіге сөйлеп.

- Тоқтатыңыз батальонды, бұйрық та, беталыс та өзгерді. -- Қалайынша, жолдас майор? - Иванковоға бармайтын болдыңыздар. Тимковоға тезбе-тез бұрылыңыз. Уақыт өте тар. Тез бұрылыңыз!

- Жолдас майор, мына қараңғы түнде мен роталарды біртіндеп түн түбіне тастай алмаймын. Бұрылсам барлығының басын қосып қана бұрыламын. Ол үшін маған кемінде 2-3 сағат уақыт керек, жолдас майор.

- Бәлсінбестен бұйрықты тез орындаңыз, жолдас аға лейтенант.

- Мен он басы - отделение командирі емеспін, мен батальон командирімін, жолдас майор. Батальонды бұру, оның соғыс беталысын өзгерту оңай емес мына қараңғы түнде...- Мен айтарымды айттым, жолдас аға лейтенант. Ендігі жауапкершілік сіздің ғана мойныңызда. Бетімнен шаж етіп ала түсті деп айтып барамын... - Жолыңыз болсын, жолдас майор.

***

Қай қазақтың баласының етті көргенде тісі қышымайды? Қай қазақтың баласының жақсы атты көргенде балтыры ісімейді? Біздің Жалмұхамед - Бозжан атамның баласы. Оның қазақ екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ол орта бойлы, тығыншық, жалпақ бет, орақ мұрын, дудар шаш, қолы мен аяғын денесіне олпы-солпы жалғай салғандай, бірақ та ширақ, шыныққан қара торы жігіт. Бала мінезінен ол әлі ажырамағандардың біреуі. Жолтайдың жүріс-тұрысы да, мінез-құлқы да, сыртқы сипаты да алдамыш көктем күніндей, құлпырады да тұрады. Қазақтың үлкен дәстүрінің бірі - үлкенді сыйлай білу. Үлкенге еркелей білу...

- Политрук Бозжанов! Ко мне! - деп айқайладым мен.

- Не дейсіз, ақсақал, - деп келіп алдыма қалт тұра қалды Жолтай.

- Сен соғыс басталғалы бері жаяу әскер қата рындасың. Осы уақытқа дейін аяғыңды үзеңгіге салып көрген жоқсың...

- Ақсақал - ау, штат бойынша маған ат бұйырмаса қайтейін.

- Тыңда. Сабыр ет.

- Слушаюсь! - Сен қарағым, қара тентегім, жирен қасқаға мінгін. Соңыңнан Николайды торы атымен ерт, шап Филимоновқа, қуып жетіп, қайтарғын оның тобын. Тез қайтсын деп айтқын.

- Құп, болады. Жарайды... Тұяқтарын тасқа шағылыстыра сартылдатып екі атты түн түбіне сүңги жөнелді.

***

Төңкерілген қазан астындай қап-қара түн. Жауын себелеп тұр. Жауынгерлер иықтарын қомтып, жауынды иығымен паналап, шоқшиып - шоқшиып тас жолдың тың жаға жиегінде отыр. Жорық дене қыздырады, табан сыздатады... Дене қызу, жорық қызбасы тарқап жауынгерлердің бойы тоңа бастады. Уақыт тар, жағдай қысылтаяң, айнала қап-қараңғы түн. Біз үшін шешуі жоқ жұмбақ түн. Жобасын тапса кім жұмбақты шешпейді? Бұл түн бізге жобасыз жұмбақ; Филимонов алыста, алда. Азық-түлік, ат - арбаларымыз артта, қаланың ар жағында. Біз мұнда жол жиегінде отырмыз. Айналдырған 2-3 сағатта батальонды ыдырата үшке бөліп тастады. Батальон қоршауды топтана сілкініп, құжырлана бұзып, сабын тізіп, үш күп, үш түн айқаса - арпалыса жау бұғауынан шыққан батальон. Жау, соғыс бізді ыдырата алмаған. Ал бүгін штаб шабармандары бізді үшке бөліп тастады. Мен сол батальоның командирімін. Қараңғы түн қолтығында күтпеген жерден үш аяғымнан бірге ақсадым да қалдым. Барлығы аптығыс - асығыстың салдары... Шабармандардың ісі...

***

Айнала тым-тырыс. Жорық қызбасы тарқап жауынгерлер тоңа бастады. Уақыт тар, жағдай қысыл-таяң, айнала қараңғы.

- Арыған атқа қамшының сабы да ауыр дегендей Филимоновтың тобы жуырықта келе қоймас, - дедім мен Рахимовқа.

- Мыналардың да сіркесі су көтермес, жолдас комбат, - деді ол.

- Қарап отырғанша темекі тартыңдар, жолдастар! Закуривай! - деп команда бердім.

Жауынгерлер газетке ораған темекілерін тұтатып, жарығын көрсетпей жеңіне тығып сора бастады.

- Бұлар қазірінше темекімен алдана тұрсын. Командирлерді анау қарауытып тұрған үйге ертіп келгін, - дедім Рахимовқа. Командирлерді күтіп мен үйдің ығында темекі тартып тұрмын. Жауын жауған таза ауаны сасық дәрінің исі жарып барады. Ешкім тырс етіп дыбыс бермейді. Командирлермен Рахимов келді. Үйге кірдік. Рахимов қалта шамының сәулесін бөлменің әр бұрышына жүгіртті. Асыға үріккен ауылдың жұртыңдай бөлменің іші шашылып жатқан нәрселерден аяқ алғысыз. Текшелерде қара дәрі толған шынылар қаз-қатар толып тұр.

- Бұл үй, жолдас комбат, жергілікті мал дәрігерлік аптека екен, оған дәлел мына тұрған карболкалар, - деді Рахимов. Ішкі бөлмеге ендік. Мұнда - шашылып жатқан қағаздар, бір үлкен стол, төрт-бес табуретка.

- Міне, отыратын жерді енді таптық, - деп Рахимов столдың үстінде бобырап жатқан қағаздарды сыпырып, бір мүйіске тастады. Мен картамды жайып, тұрған жерімізді жобаладым. Біз тұрған қыстақ «Рабочий поселок фабрики имени Ленина» деп аталады екен, ал біз отырған үй «Племхоздың» үйі екен. Барлығымыз жер танысуға кірістік. Жер жағдайымен карта бойынша таныспасақ, қап- қараңғы түн көзімізге шелдей перде болып тұр. Біздің жетекшіміз компас қана болмақ - аспанда ай да жоқ, жұлдыз да жоқ, табан астының ой-шұқырын көруге көз жетпейді. Барлығымыз картаның кестесіне үңіле қарап тұрмыз. Картаның кестесі жердің адыр - бұдыр қоңын, орман - өзенін, бой тұлғасының белгілерін нақыстай сызып көрсетеді. Оны орысша бір-ақ сөзбен «рельеф» деп атайды. Біз сол рельефін қарап шұғыла шолып тұрмыз: алдымыздағы жер Лама дейтін шағын ғана өзеннің бойы екен. Өзеншенің сол жағасы биік көтеріліп барып, жусап жатқан жайындай кең сүйір жонға айналады екен. Жон төбесі кесенің бетін дей тып - тықыр. Жонның арғы бауырында карта бетіне қонған шыбындай кара «қалдың» астына «Тимково» деп жазылыпты. Ал жөнді болса «Тимково гора» деп атапты. Россияда әр төбені «тау», әр бұлақты «өзен» деп дәріптей атауына көптен бері-ақ естіген құлағым да, көрген көзім де үйренген. «Қыр басына шықсаң айнала көз жеткенше көрінеді» дегендейін, «Тимково гора» осы маңдағы жердің үстірті екен. «Әскер тілінде орысша - гора господствовала над окрестностью» - деп атайды. Карта бетін толығынан шолып өткеннен кейін:

- Ал, жолдастар, жаудың қайда екенін біз білмейміз, біздің білетініміз тек «жау алда болуы керек», - деп бастадым сөзімді.- Жер жағдайын да анық-қанығын біліп отырғанымыз жоқ. Жердің беті, әрине, мына дастарқандай жайылып жатқан картаның бетіндей тегіс емес.Мына қараңғы түнде бізді бет алдымыздан адастырмайтын бір жәрдемшіміз компас (құбыланама). Гимковоға қарай азимут бойынша жолға түселік. Шұбырмастан роталар, взводтар тобымен. Әрқайсысы өз беталыстарымен жүрсін. Алда Попов басқарған рота барады. Оның соңынан Филимонов келгеннен кейін батальонный басқа күштері жүреді. Ал, әр қайсыларыңыз өз бағыттарыңыздың азимутын анықтап. алыңыздар. Осы беталыспен қашан дұшпанмен кездескенше жүріп отыралық... Попов Тимковоны алсын, Филимонов Н. мен Х.-ны алсын, Краев Т. мен С.-ны алсын дағы, мықтала бекініс жасасын. Кейінгісін таң ата көре жатармыз... Командирлер бұйрық бойынша беталыстарын анықтап, карталарын салыстырып, тексеріп болған соң өз топтарына кетті. Мен сыртқа шықтым.

- Комбат қайда? - деп сұрағанда, біздің байланысшылар взводының командирін даусынан танып:

- Степанов! - деп шақырдым.

- Мен, жолдас комбат, - деп қасыма келді.

- Барлықтарыңыз да келдіңіздер ме?

- Жоқ. Киреев екеуміз ғана келдік, жолдас комбат...

- Екеуіңнің маған не керектерің бар? Екеуің неменеге тұлға болмақсыңдар! Байланысшылар, оқ - сайман, азық-түлік, дәрігерлер взводтары қайда? Қайда олар?

- Жолдас комбат... Әлгі дивизия штабынан келген майор олардың барлығын жарым жолдан қайтарып, қаланың арғы шетіне жіберді... Біз Киреев екеуміз шыдай алмастан сіздердің хал-жайларыңызды білгелі келдік, - деді Степанов.

- Оларың дұрыс екен, -- дедім мен жаңағы орынсыз зекіргеніме ұялып. - Ал асханада тамақ пісіріліп жатыр ма еді?

- Барлық қазандар қайнаған кезде қайтарып жіберді ғой әлгі майор... ... Айналдырған екі-үш сағаттың ішінде батальонды үшке бөліп ыдыратып тастады. Бұндай бастаманың ақыры оңға соқпас, - деген күдік жүрегіме зырқ ете қалды. Мен үйдің ығында тұрмын. Қараңғыда қозғалған топтың дүбірлері естіледі. Поповтың ротасы жүріп кетті. «Осы істің арты неге барып соғар екен» деген күдік ойымнан кетер емес. Себелеп жауған жауыннан да, қауіптенген ойдан да ықтап тұрмын.

- Киреев, сіз мұндамысыз?

- Так точно! - деп жауап қайтарды біздің батальонның карт фельдшері. Киреев іркілдеген ақ сары семіз, егде тартқан орыстың бір азаматы. Ол патша кезінде әскер қызметінде болған. Сол әскердің әдет-ғұрпы мен салт-санасы қанына мүлде сіңген, бірақ та өзі адал, ақ пейіл, сәлдеген аңқаулау мінезді кісі болатын. Біздің батальонда одан басқа ешкім «так точно» әйтпесе «никак нет» деп жауап қатпайтын. Егер де рұқсат болса Киреев командирлерге жауап бергенде, жаңағы екі сөздің артынан «Ваше благородиені» қоса айтуға бейімделіп-ақ тұратын.Ол біздің арамыздағы «жолдас...» деп айтуымызды әсірекілеу көретін.Қазақ оқушылары үшін ғана әдейі айта кететін нәрсе: бұрынғы патшазаманындағы әскер қатарында дәрежесі кіші чиндер өзінен үлкендерге әдет-ғұрып, дәріптеп атайтын. Мысалы, жай офицерді - «Ваше благородие»; полковниктерді - «Ваше Высокое благородие»; генералдардың - «Ваше превосходительство»; ақсүйектерді - «Ваше сиятельство»; князьдарды - .. «Ваше высочество»; патшаларды - «Ваше величество». Бұрынғы қазақ арасындағы «Сіздің өктемділігіңіз» деген мағынаны дәріптеп атау арқылы патша өкіметі офицерлер мен генералдардың жалпы жауынгерлерден мәртебелері зор екенін, олармен тең емес екендігін чині кішілердің бойына сіңіре тәрбиелейтін. Бұл жөнінен тағы бір келтіретін мысалды қазақ өмірінен де алуға болады: ишан, қожа, молдаларды ескі заманда «жарықтық» деп. хан мен төре тұқымдарын - «тақсыр», бай балаларын - «мырза» деп атайтын. Оларға сөз қатқанда - «алдияр тақсыр» деп, жауап қатқанда - «ләпбай!», «құп болады» дейтін. Бұл сөздердің барлығы үстемдігі күшті таптың «атымды дәріптей атағын», «жарлығымды иіле тыңдағын» деген үстемділігінен туған.

- Біз ығында тұрған үй жергілікті мал дәрігерлік пунктінің аптекасы екен. Осы үйге біздің батальонның дәрігерлік орнын ұйымдастырыңыз, - дедім мен Киреевке.

- Құп болады! - деп Киреев қалт тұра қалып, қолын шекесіне көтеріп ізет көрсетті. Шешім таба алмай уайым басып қысылғанның салдары болу керек, біраз тұрып қасымдағы Степановқа:

- Біз қай жерде тұрмыз? - деппін.

- Рабочий поселок фабрики им. Ленина, дом племхоза.

- Ол фабриканың не істеп шығаратынын білесің бе? - Төсек жапқыш, көрпе шығарады.

- Ә, төсек жабатын, көрпе дейсің бе?

- Я. жолдас комбат.

- Олардың көрпесі ұзын, ені кең болар?

- Менің білуімше онша көлемді емес, шағын ғана төсекті жабуға лайықты. - Қысқа көрпені басыңа тартсаң аяғың ашық қалады, аяғыңа тартсаң басың ашық қалады деуші еді ғой, ә?

- Я, солай деген мәтел бар, жолдас комбат. - Біздің батальон үш жерінен қақырап айрылған көрпе сияқты халде. Қалай ұластырып, қалай тігіп, жамап-жасқарымды білмей титықтап тұрмын.

- Ол не дегеніңіз, жолдас комбат. Ұзамай-ақ...

- Бұрын батальонный тобын бұзбастан ұстап келіп едім. Бүгін ыдыратып алдым. Бастарын, қосып, түгелдей алмай тұрмын.

- Ұзамай-ақ жиналамыз ғой, жолдас комбат.

- Ал, енді сіз барып қаланың аржағында қалғандарды осы жерге алып келіңіз.

Степанов кетті. Мен тұрған орнымда жалғыз қалдым.

***

Филимоновтан әлі хабар жоқ. Поповтың тобы ұзап кетті. Түн ортасында таңның атуын күтіп тұрғаннан не шығады деген ой мені орнымнан қозғады. Жол жиегінің уат тыңын да иықтарын қом ти ықтап біздің батальонның екінші ротаның жауынгерлері отыр. Бұл рота сыннан өткен алғыр жауынгерлер тобы. Новлянское маңында немістерге қарсы шабуылға шыққанда дұшпан олардың сонысына шыдай алмастан найзаласып, қоян - қолтықтан тайсалып жалт бере қашқан болатын. Әрине, соғыс шығынсыз болмайды. Ротаның қатары сиректеліп қалған.

- Қалай, жауын өтті ме? - дедім мен рота командирі Краевке.

- Не қылар дейсіз, жақында басылатын түрі бар ғой.

- Сіздің адамдардың салы суға кетіп жүрмесін.

- Басқа түскенге шыдаймыз ғой, жолдас комбат. Мен жол ортасында тұрып: - Закуривай! Темекі тарт! - деп команда бердім. Жауынгерлер темекілерін тұтатып жарығын жеңіне жасырып тығып құмарта тарта бастады. Краев екеуміз жол ортасында ерсілі-қарсылы әңгімелесіп жүрміз.

- Жолдас комбат, қоршаудан зордан шығып үйірімізге қосыла салысымен-ақ...

- Е, нағашыңның үйіне келгендей төрге шығып жантайып жатамын деп ойлап па едің, - деп оның сөзін бөліп, - жоқ, жігітім, соғыстың аты - соғыс. Әруақытта да қара жер төсек, көк аспан түндік болмақ.

- Ал, енді қалай істемекпіз... - дей бергенде, оның сөзін аяқтатпай Поповтың тобы кеткен тараптан бірнеше атыстар дүмпілі естілді. Ә дегенше шаңқылдаған пулемет даусы атысты қоштай жөнелді.

- Мына бажылдап безілдей бастаған кімнің пулеметі болар екен?

- Біздікі емес, жолдас комбат. Аттың сыры иесіне мәлім дегендейін, өзіміздің пулеметтер болса, мен оларды даусынан танимын.

- Қалайынша? - Біздің пулеметшілер көздеп атып, қысқа қайыруға дағдыланған, ал немістер болса дырылдатып, айналаны жаңғырта ұзақтан бір-ақ қайырады...

-Жарайды, отыра бергеннен ешнәрсе шықпас. Филимоновты күтпей-ақ қояйын. Тобыңызбен өз тарапыңызға қарай қозғалыңыз.

***

- Рахимов, саяз шешімнің кесапатымен мына шырттай қараңғы түнде бізбен тағдыр жасырынбақ ойнамақ па?

- Иә, солай, жолдас комбат... Бозжановтан да, Филимоновтан да, Поповтан да хабар жоқ. Үшеуі де ізіне су төккендей жоғалып кетті.

- Сіз осында қалып, Бозжановтың қайтуын күтіңіз. Мен Попов пен Краевтың топтарының соңынан барайын.

- Мына қараңғы түнде оларды жаяу қалай қуып жетпексіз?

- Бәрібір, Хабибулла. Жасырынбақтың аты -жасырынбақ. Бұл жерде делқұлы болып тұрғанша, мен алға барайын, - деп шығып бара жатқанымда:

- Маршал! Идите с комбатом! - деді Рахимов. Мені сыртта біздің батальонный; кіші адъютанты қызыл шырайлы, ақ құба, орта бойлы, күлімдеген жасыл көзді, қыз мінезді жуас лейтенант қуып жетті. Лейтенантты штабтағы командирлердің менен басқасы Сеня деп атайтын. Кей кезде әзіл ретінде оны «Маршал» деп дәріптейтін. Лейтенант болса оған қызара күліп, төмен қарайтын. Оны «Маршал» деудің себебі Совет Одағының Батыры және Маршалы Семен Константинович Тимошенко мен біздің лейтенант аттас және фамилиялас болатын.

- Жүріңіз, алдағы жайдың басы-қасында болалық. Миы шығып жатқан көшенің балшығын басып біресе тайып, біресе сүрініп келеміз. Сайға түсе бергенде тыңға шығып адымымызды бұрынғыдай кібіртіктеместен соза емін - еркін бастық. Ойға түскенде бұрынғыдан да қараңғы болды... Алдымыздан тулай сарқырап тас- талқан болып аққан бір өзен кедергі болды. Бұл өзенді бұрын көрмегенмен, ол туралы менің карта бойынша хабарым бар еді. Карта бетінде жасыл жіптей иреңдеген жіңішке сызықтың астына Лама (Лама өзені) деп жазылғанын шығардың алдында оқығанмын. Жай күні кешіп өткенде суы қонышқа жетпейтін саяз бұлақ, азаннан бергі жауынның жықпылдардан сел боп аққан суларының басы қосылып - үлкен арналы тау өзеніндей толқына шапшып ағып жатыр.

- Жүзіп өтеміз бе, жолдас комбат? - деді тоқтап тұрып Тимошенко.

- Кешіп өтеміз. Попов пен Краевтардың топтары кешіп өткен болар.

- Олай болса, алдымен маған жүруге рұқсат етіңіз.

- Баста, жігітім.

Тимошенко суды кешіп екі-үш адым басқаннан кейін күмп етіп сүңгіп кетті. Оны өкшелей келе жатқан мен кейін шегіндім. Сол жақтан:

- Абайлаңыз! Бұл жері өте терең екен, - деген дауыс шықты да, басқа үн қатпады. Мен суды жағалай жүгірдім. «Семя!», «Тимошенко!» деп шақырғаныма ешқандай жауап болмады. Лама бұрқылдай қайнап толқып ағады. Мен тайғанай сүрініп, ағыспен жарысып жүгіріп келем «Семя!», «Тимошенко!» - деп айқайлаймын. Табан астынан «ауып» деген дауыс шығып, су бетінде бір нәрсе қарауыта бергенде мен де суға ырғып түстім. Суық толқын мұз қарығандай беттен ала түсті. Қатты ағыс мені аудара - төңкере жұлып ала жөнелді. Түбіне тартып барады. Лай суды жұтып тұншығып, аяқ-қолыммен тырбаңдап, жандалбасамен ағып бара жатырмын. Бір кезде мені толқын бір қатты нәрсеге алып барып бір-ақ соқты. Шап беріп қолым жеткенді ұстап алдым.Лай суды тағы да екі рет түйіле жұтып, жоғары қарасам, үстімде көпірдің қанатын көрдім. Тырмысып көпірдің балағына жабыса - жармаса судан әрең дегенде шықтым. Үсті-басым зілдей ауыр. Басым айналып, жүрегім айни бастады. Отыра қалып лоқси - лоқси құстым. Көзімнен жас ағып тамсансам, аузым толған құм. Тағы да бірнеше рет лоқсып құсып, жұтқан лай судан әрең дегенде құтылдым. Мен өмірімде өзімді аяушыларды дұшпанымнан да жек көретіндердің біреуімін. Шын аяушылар аз кездеседі, көбі көңіл қалмасын мен мезірет етеді, өтіріктен мұңдас бола қояды. Ондай аяу кісіні жасытады. Бірақ та қамқор болар ешкім жоқ. Күздің қара суығында киіммен суға кете жаздап, өзен жағасында қалшылдап отырған адамның ахуалы әркімге де түсінікті болар...Тимошенконы іздеп тағы біраз жерге дейін өзен бойын жағалай жүрдім. Бір төмпешіктің басына барып отырдым да, шешіндім. Жалғыз ішкі жейдеммен қалғанымда суық жел денемді мұздай қарыды. Біраз жұлқына қимылдап киімдерімді сыға бастағанымда денем жылына бастағандай болды. Қайтадан киінгенімде аяқ-қолым дірілдеп безгек адамдай қалшылдап, тістерім сақ-сақ қақты. Тайғанай сүріне жүгіріп келемін. Қыр басына шықтым. Ентігіп тұра қалдым. Жүгіру қызбасы суық безгегін басты. Жан-жағымды байқап аяқ астыма қарасам, қос дөңгелектің ізіне көзім тусті. Компасымды алып, оның жылтыр дірілдеген ұшына қарап Тимково тарапын анықтап көрсем, әлгі қос із солай қарай қатар жатыр екен. «Ә, бұл із, Жиенішбаевтың зеңбірегінің ізі болып шықты ғой» деп ойладым. Айлы Жиенішбаев зеңбірек командирі еді. Біздің батальондағы зеңбіректердің ішінде жалғыз сол Жиенішбаев зеңбірегінің дөңгелектері ғана темір құрсаулы, басқаларыныкі автомашинаныкі сияқты резинкалы болатын: Есімде: майданға аттанардың алдында біз Талғарда бас қосып едік. Мен аттарды үлестіріп тұрғанымда орта бойлы, сәл қысыңқылау мөлдір көз, қошқар мұрын, сыпайы сержант қырғыз жігіті:

- Жолдас командир, біздің орудиеге берсеңіз мықты шоң - шоң жылқыдан беріңіз, - деді алдымда қалт тұра қалып.

- Басқалардан сенің нең артық еді, - дегенімде:

- Біздің орудиес өте ауыр, жолдас комбат, - деген ол. «Мына жігіттен бір нәрсе шығатын болар» деп ойлап оған аттарды таңдап алуға рұқсат берген едім. Сол кездесу ойыма сап ете түсті. Жиенішбаевтың ізімен Тимковоға қарай тарттым. Біраз жүргеннен кейін айдалған егін орнына кез болдым. Босаған топырақ күн бойы жауынның суын бойына сіңіріп алып, тартпа шалшыққа айналған. Мен аяғымды балға түскен шыбындай зордан басып келемін. Үш-төрт жүз метрден кейін із жолға қосылды. Аяғымдағы батпандай ауыр балшықты сүртіп тастап, жеңілдегендей болып қара жолдың уатымен ойға қарата жүріп келем. Аспанға қарай аққан жұлдыздай бірнеше ракеталар атылды. Немістер айналаны соның жарығымен аңдамақ. Пулемет атылды. Жіпке тізген қызыл моншақтай жарық қоңыз жылтыр оқтар (трассирующие пули) аспанда тізіле ағып барады. Пулеметчик оңды-солды және тіке алдына оқтарын себелей атып жатыр. Менің қасымнан бірнеше оқ зу-зу етіп өткенде, мен қулай кеттім. Тып-тыныш.Байқап жатырмын, жақында соғыс дүбірі естілмейді. Төменнен иттің үрген даусы естілді. Біраздан соң пулемет қайтадан атқылай бастады. Немістер Тимковода екені күмәнсіз. Ал, Попов қайда? Өз атыма Бозжановты міндіріп оған Николайды қосып екеуін Филимоновтың соңынан жібердім, Рахимовты Племхозда қалдырдым. Тимошенкодан жолда айырылдым, Поповтың тобына қосылам деп жалғыз өзім сандалып келе жатып, қараңғы түнде айдалада жер тыңдап жатырмын. Бұным командирге жарасар қылық емес. Жаман айтпай жақсы жоқ, әлгі жаңағы қаңғыған оқтардың біреуі маған тиіп не жаралап, не өлтірсе, әйтпесе жаудың қолына адасып жүріп тұтқынға түсем - онда не болмақ? «...Октябрьдің 27-нен 28-не қараған түнде Тимковоның таранындағы ұрыста батальонный, қимылы сәтсіздікке ұшырады. Батальон командирі хабарсыз жоғалды... - дегеннен басқа, біз туралы штабтағылар жоғарғы жерге не жазбақ», - деген ой мені үрейлендіріп, орнымнан қарғыта тұрғызды. «Батальон жойылмау керек, комбат хабар-ошарсыз жоғалмау керек», - деп өзіме зекіре сөйлеп солға қарай жүріп келем. «Попов болмаса, Краевтың тобына кездесермін. Олардың біреуі осы жақын арада болуы керек...» - деген ойдың үстінде келе жатқанымда жалғыз окопқа кез болдым. Окоптың тереңдігі тізеден болуы керек. Белуарына дейін суға батып,шалқая сүйеніп бір неміс өлігі отыр екен. Оны көре салып, төбе шашым тік тұрып, денем дір ете қалғандай болды. Байқасам окоптың маңында ешқандай қару-жарақ көрінбейді. «Мен немістің алдыңғы тосқауылдар шебінде жүр екенмін ғой. Мына қазылған окоптарға қарағанда, жау бұл жерге бізден бұрын күн батардың алдында келген болар. Немістің мына өлігіне қарағанда, бұл маңайда біздің адамдар болғанға ұқсайды», деген оймен тағы сол жаққа қарай жүріп келемін. Алдымнан елеңдеп бір адам шықты. О да, мен де бір- бірімізді көрісімен тұра қалдық. Мен пистолетімді қабынан шығарып алдым да, егер де дұшпан болса шаппасын басып қалсам қате кете қоймас, арамыз көп болса жиырма қадамнан артық емес деп ойладым. Ол үн қатпады, менде де үн жоқ... Екеуміз бірден шұғыл бұрылып екі жаққа кеттік. Енді өрге шығып келе жатырмын. Арт жақта Тимководағы немістер біресе пулеметтерін бажылдата, біресе ракеталарын жарқырата аспанға атқылап жатыр. Бұлардың қой күзетіп отырған қойшылардың айқайындай сақтығына қарағанда біздің топтармен кездесуі керек. Қызыл, жасыл, ақ ракеталарды кезек-кезек атқылағаны несі?«Жаумен кездестік!» «Жау жақында. 60 Әдеби KZ Халіміз қауіпті!» деген сигналдармен соңындағылармен тілдесуі болу керек. Демек, біздің топтар осы маңайда ғой. Мен жүріп келемін. Алдымнан мұнарлана бір үлкен мая көрінді. Біздің адамдар!

- Кімдер, бұл жерде жайбарақат дем алып жатқан?

- Товарищ комбат, - деп Жиенішбаев алдымнан қарсы шықты. Оның «Ми» дегенін естігенде, аз уақытта көпті көріп сарғайып, сағынған жүрегім лүпілдей соғып, көңілім босап кете жаздады.

- Бұл жерде неғып отырсыңдар? - деп дауысымды қатаңдай шығарып, жүрегімнің лүпілін зордан басып, шөптің үстіне отыра кеттім... Одан кейін сержантқа қандай сөздер айтқаным есімде жоқ, темекі тартып отырып оның қырғызша мен орысшаны араластырып сөйлеген сөздерін шала-шарпы тыңдап отырмын. Қарасам маяның ық жағында кеңірдегі сорайып зеңбірек көрінді, екі пар ат алынған ауыздықтарын сылдырлатып пішен жеп тұр. Олар оқта-текте пысқырып қояды. Астарына құшақ - кұшақ пішен төсеп біздің жиырма шақты жауынгерлер отыр. «Батальон жойылмас, комбат хабарсыз жоғалмас. Бас қосудың алды осы болар», - деп шүкір айтып темекінің ащы түтінін жұтып отырғанымда көкірегім шайдай ашылып, ойым орнына түскендей болды.

***

Аалының айтуы бойынша: Попов өз ротасымен Ламадан өту, езіліп жатқан айдаулы егістің орны батпаққа малшыланып жүру азаптарын бастан өткізіп Тимковоға жақындағанда дұшпанның тосқауыл тобына кез болыпты. Оларға шабуыл -атакамен тиісіп қуып шығыпты. Тимковоны алмақ боп істеген шабуылы сәтсіз болыпты. Ракеталардың жарығы, бұрыннан дайындалып қойған пулеметтердің жаудырған оқтары оны шегінуге мәжбүр етіпті. Баста келісім бойынша Попов оң жағынан, Филимонов сол Краевтың топтарының соңынан комбаттың көмегін күткен болар, бірақ та олар дер кезінде жәрдем түгіл хабар да болмады... Басқы келісім - бұйрық бойынша Тимковоны үш жақтан бірдей соғып алу еді. Ол келісім командирдің ойы ғана болып қалды. Соғыста ойдың бәрі бірдей іс жүзіне аса бермейді, сәтсіз жағдай аз кездеспейді. Командирдің шалағайлығының кесірі мыңға тиеді. Бұйрық берсең, ойлап бер, жарлығыңды абайлап айт нақылды орындай білу де оңай емес. Командирдің ойы терең, шешімі салмақты болса - су басынан тұнады дегендейін істің көбі сәтті, арты игілі болады, ойы шолақ, шешімі жеңілтек болса - су басынан лайланып, іс сәтсіз болып, аяғы бүлікке ұшырайды. Мен штаб дивизиядан дегбірсіз шабармандардың бұйрығын алдым. Өзім болса лажсыздан жер жағдайын, ауа райын, тәуліктің уақытын, дұшпанның жағдайын, өзіміздіңжауынгерлердің қалжыраған жағдайына байланысты терең ойламай: «Жүр де жүрдің» астында асықтырумен саяз шешімге келіп, бұйрық еттім. Бұйрық пен тәжірибенің айырмасы жер мен көктей екенін соғыс аямастан бетіме шоқтай басып отыр... «Отпен ойнауға болмайды, шырағым» деді маған сол түні соғыс, соғыстағы өмір ақиқаты. Мен шынымды айтсам, осы жолдарды бүгін жазып отырмын, ол кезде менің ойым басқаша еді... Ал енді сол түнге қайта соғалық.

- Роталарың қайда? Командир қайда? Саяси жетекші қайда? деген сұрақтармен мен сержанттың сөзін бөлдім.

- Жолдош комбат, олардан өзіміз те айырылып қалдық. Қайда екенін білбейбіс, - деді сержант - орудиемістің дөңгелектері жерге оқтығына дейін еніп аттарыбіс бір тарта алмай, осимис иін тірей итербелеп сордан өрге шықтық еле. Қайтерімісті білмей тұрғанымыста, алда ұрыш башталды. Командирдин бір байланысшы келіп: «лейтенант атсын» деп бұйырды, -деді. Біс Тимково тарапына қарата жиырма шақты оқ аттық. Мына қараңғы түнде нені дәлдеп аттыңдар? Кім біледі, жолдош комбат. Немістер де ешнәрсені көріп атқылаған жоқ шығар. Біс те олардың тарапын шамалап .атқыладық қой. Дұшпанды дегбірлеу үшін бе? Солай. Одан кейін не болды? Одан кейін, жолдош комбат, немістер үстін-үстін көп атқылап, оқ жаудырды. Саяси жетекшіміз жараланыпты. Жау жолатар емес. Командирден шегін деген бұйрық алдық. Аттарымыс болдырды. Жігіттер көмектесіп осы жерге зордан жеттік. Жаяу әскерлер салт қой - олар бізден озып кеткен болар. - Сенің үнің қырғыз болғанмен, сөзіңнің көбі қазақша ғой. - Мен қазақтың жиенімін, әкем де қазақтың жиені екен. Нағашысынын, аулында тұрған екен. Сонда ол кісіге Жиенішбай деп ат қойылыпты. Қазақ пен қырғыстың сөздерін аралаштырып сөйлей береміс, тай еке, - деп Аалы мырс етіп мұртынан күлді. Дұшпан тарапынан бірнеше ракеталар атылды. Ысқыра зуылдап ұшып келіп он шақты мина мен снарядтар біздің қасымызға түсіп тарс - тұрс етіп айналаны жаңғырта жарылды. Кейбіреуінің жаңқалары ызыңдап - зуылдап үстімізден өте шықты. Біз отырған жерімізде бұға қалдық. Дұшпан тағы да бірнеше рет бастырмалата атқылады. «Карта бойынша есептеп, Тимково гораны жобалап атқылап тұрған болар» деп ойладым. Орнымнан тұра бергенімде жап-жақын жерден:

- Ложис (жатқын), - деген дауыс естілді.

- Әй! Сен Краевбысың? Кел мұнда тез!

- Сясь, бегу (қазір жетем).

- Сен есалаң маналы бері қайда сандалып жүрсің?

- Шынымды айтсам. жолдас комбат, біраз адастық. Судан әбігерленіп зордан өттік. Оның жай қуат жерін іздеп біраз әурелендік. Ауыр пулеметтерді суға жіберіп ала жаздадық. Жаңадан ғана басымызды қосып, есімізді жинап өз азимут - бағытымызға шықтық.

- Той тарқағанда ғана жөндеріңді тауыпсыңдар ғой.

- Иә, не боп қалды, жолдас комбат?

Мен Краевқа көрген-білгенімді айттым.

- Апырм-ай, Поповтың кетіп қалғаны несі екен? Қайда кетті екен ол? - Волоколамскіге қарай тартқан болар. Осы арада бір жарым взводтай тобын тастап кетіпті.

- Тимковоға тағы шабуыл жасасақ қайтеді?

- Жоқ. Жау сақтанып қалды. Енді болмайды, Краев. Мезгілін өткізіп алдық. - Егер неміс шаба қалса қайтеміз?

- Ол таң атқанша орнынан қозғала қоймас. Тимководағы күші оншама көп көрінбейді. Ракета атып жәрдем сұрап отырған жау түнде шабуыл жасай қоймас. Краевқа қырдың жонына бекінуді бұйырдым, Жиенішбаевты Попов тобынан қалған жауынгерлердің басын құрауға жұмсадым. Олар кетті - мен қалдым.

***

Жиенішбаев Попов тобының қалғаны бір жарым взводтай жауынгерлерді біз отырған пішен маясына ертіп келеді. Взвод командирі лейтенант Терещенко қатты жарақаттанған екен. Лейтенант иығынан дем алып ентігіп отырып баяндады... Тимковоға бара жатқан жолда жығыла - сүрініп жүргенде мылтықтар мен пулеметтердің механизмдеріне мейлінше балшық кіріп бірінен кейін бірі үні бітіп атуға жарамай, істен шыға бастапты.

Қолдағы атылмаған мылтықтың жай шоқпардан айырмасы не? Поповтың шегінуге бұйрық бергені, сол себептен болған екен. Плащ-палаткадан зембіл істеп, астына қалыңдап шөп төсеп лейтенантты дәрігер пунктіне үш-төрт жауынгер көтеріп алып кетті. Қасымдағы жауынгерлерге пішенге оранып жатуға рұқсат беріп, өзім маяның төбесіне шығып орналастым. Немістер анда - санда ракета атып, сирек-сирек бес-алты мина тастауда. Жиенішбаев маған құрғақ ішкі киім мен шұлғау алып келіп:

- Шешініп қайта киініңіз, жолдас комбат. Манаты бері қалшылдап тісіңіз тісіңізге тимей тұрғанын қанша сездірмеймін дегенмен білініп-ақ тұр, - деп менің еркіме қарамай етігімді аяғымнан тарта бастады. Мен шешіндім. Суық жел денемді қарып алғандай болғанда тітіркеніп «У - у - у» десем керек. - Ә, таға сіздің халіңіз мүшкіл екен, - деп Аалы ай-шайға қарамастан теріні илегендей өзінің қарулы қолымен менің денемді уқалай бастады. Бұлшық еттерімді езгілеп, арқамды шапалақтап болды дағы, сүлгіменен батыра - батыра екі рет ысқылап шықты. Мен құрғақ киімді киіп пішенге оранып жатып, тезден - ақ ұйқыға кеттім.

- Жолдош комбат! Жолдош комбат! Тұрыңыз, таң бозарып келеді, - деп мені Аалы жұлқылап зордан оятты.Мен тұрдым. Аалының қарақаттай екі көзі өлікті тірілткендей күлімсіреп тұр екен. Киініп, жорық саймандарымды иығыма асынып, белдігімді қыса буынып болған соң:

- Meн қанша уақыт ұйықтадым, Аалы? - деп сұрадым сержанттан. - Кемінде үш сағаттай ұйықтадыңыз.

- Әжептәуір - ақ тынығып қалыппын. Бұл жерге ешкім келген жоқ па? - Бозжанов пен сіздің атқосшыңыз келіп, сізді оятуға батпай, аттарына шөп жегізді де қайтып кетті.

- Олар не айтты? - Білте шамның жарығымен плащ-палатканың үстінде түнімен пулеметтерді тазартудың соңындамыз, - деді. Племхоздың үйінде істеп жатқан көрінеді.

- Поповтан хабар бар ма?

- Жоқ. Әлі ешқандай дерек жоқ.

- Азық-түлікпен басқалары келіп пе?

- Жоқ. Әлі келмепті олар.

-Ал, енді бүл жерде мен отыра бермеймін. Осы маңайдағы ең ыңғайлы пана мына шөптің маясы. Бұл жерден еш жаққа кетпей - ақ қойыңдар. Жігіттерді қашан соғыс басталғанша оятушы болмағын. Демалғандарының бір-екеуін бақылаушы қой - дағы өзің де демал, - деп Аалыға пысықтап, өзім жүріп кеттім.

...Жауын саябырсып барып түн ортасында тоқтаған. Батыстан жел соғып бұлттарды қуып барады. Таң бозарып атып келеді. Далада бүкірейе иығын ықтай жүгіріп жүрген бірнеше адамдарды алыстан көрдім. Олар байланысшылар болулары керек. Түнгі суық жер бетін қатыра алмапты. Әр шұңқырда шеті кілегейлене қаймақтала түсіп кеткен жауынның суы қақтана қата бастапты. Жауын үстінен жел өңменімнен өтіп, түн ұйқысын қырық бөле қалғыған қажыған азаматтар тобына лайды сыпылдата басып келемін. Бір топтың қасына келіп көргеніме сенер - сенбесімді білмей тұрмын: қазылған саяз ордың түбіне қалыңдап төселген сабанның үстінде жауынгерлер ұйықтап жатыр. Әрқайсысының қасында құрал-саймандары окоп жағасында сүйеулі тұр. Біреудің екі қолын жеңіне тығып, құлақшынын бетіне қаптап, иығын қомтықтап, екі бүктеле тізесін құшақтап жатқанын көріп: «Мына жатыс қазекеңнің жатысына ұқсайды» деп ойладым да, басқа топқа барсам, олар да жаңағыдай ұйықтап жатыр. Одан басқа топқа қарай бет ала бергенімде алдымнан аяғын нақ-нақ басып лейтенант қарсы шығып, қалт тұра қалып:

- Жолдас аға лейтенант, екінші рота бекініс шебінде, орналасуда. Рота бойынша кезекші лейтенант Брудный, - деп баяндады ол қарлыққан даусымен.

- Рота командирі қайда? - Төменде, пулеметтерді тазалаушылардың қасында.Брудный қара торы, орта бойлы, мөлдір көзді, қыр мұрынды келген сымбатты жас жігіт. Бұл жолы көзі құр сүлдедей кіртиіп, ерні көгеріп, сағы сынған, жасыған. Олай болуының екі себебі бар болатын: біріншіден, түн - күн бойы дамылсыз жорық пен соғыс азабы кімді қажытпасын; екіншіден, бұрын тасалаңдап әлі еркелігі басылмаған, бірақ та өте пысық, ширақ жас лейтенант бұдан бір жеті бұрын тосқауылда взводымен тұрып жау бастырмалатып келе жатқанда рұқсатсыз позициясын тастап шегінгендіктен, мен оған қатты кейіп «сен сияқты ұшқалақтардың маған керегі жоқ, қайда барсаң онда бар» деп орнынан алып батальоннан қуып жіберген болатынмын.Кейіннен генерал Панфилов: «Я вам рекомендую обелить Трудного перед товарищами», - деп менің шешіміме наразылық білдірген, ал Толстунов болса оны наградға тапсырғын деп,-«Ол қаймықса арпалыса - айқаса қаймықты, тырым-тырақай болып дегбірлене қашқан емес», - деген болатын. Мен осы уақытқа дейін екеуінің айтқанын орындамай келдім. Брудный болса штаб тарапында бос жүрген. Содан бері екеуміз жолыққан сайын, әлгі жағдай ойымызға түсіп бір-бірімізге салқын қарайтынбыз. Бұл жолы да Брудный бұрынғыдай сырын аша сөйлемей, тек устав бойынша бағынып, салқын баяндап, солғын мүлгіп тұрды.

- Сізді кім кезекші етіп тағайындап еді?

- Лейтейнант Рахимов жұмсады, - деді ол. Көзін мүлгіте қарап, қапаланған түрі өзгеріп кетті. «Осы уақытқа дейін кешірмейсіз, осы уақытқа дейін сенбейсіз бе?» -деген сұрақ бой пішінінде тұр. Мен де төмен қарадым. «Ең алғашында Брудный кінәлі еді, ал енді оның алдында сіз айыптысыз. Сіз оған қаталдық істедіңіз», - деп еді генерал сөзінің аяғында. Екеумізде де үн жоқ. Біраз тұрдық.

- Ал, Брудный, - дедім мен оның бетіне тіке қарап, - анау маяның түбінде үшінші ротаның бір жарым взвод жауынгерлері жатыр. Барып соларға командир болыңыз. Бекіністі осындағыдай ұйымдастырыңыз, - дегенімде лейтенант қуанып жымыңдай күліп:

- Есть, товарищ комбат! - ден қалт тұра қалды.

- Мен Краевтар келгенше осында сіздің орныңызға кезекші бола тұрайын. - Рұқсат болса мен тез барайын, жолдас комбат, - деп реңі кіріп, жадырай сұрады ол.

- Барыңыз, жолыңыз сәтті болғай. Брудный екі қолын сілтеп, адымын кере басып, ентелей жөнелді. Біраздан кейін қадамы қысқарып, иығы қомдалып, басын шұлғып төмен қарағандай болды. Маған ол қолымен көзін сүрткендей көрінді.

- Брудный! - деп айқайладым мен. Ол шұғыл тұра қалып маған қарай бұрылды. Мен жұдырығымды көрсетіп: - Не сметь плакать! - деп зекірдім. - Есть не плакать! - деп жауап қатты да маяға қарай жүгіре жөнелді. Мен оның даусынан, жүгірісінен қуаныш сезімін байқағандай болдым. Оның соңынан қарап тұрғанымда көзім мұнарланып, жүгіріп бара жатқан лейтенант пен шөп маясы сағымдалып, бұлдырап кетті. Көзімнің жасын бір сығып алып, басқа взводтың позициясына қарай жүріп кеттім.

***

Келген взводта да жауынгерлер ұйықтап жатыр екен. Ешқайсысын оятпастан ротаның оң қанатына жете бергенімде бес-алты жауынгердің қоржаңдап бекініс істеп жатқанының үстінен шықтым...Мені көре салып тапалтақ бойлы, қой көз,істік мұрын, бет-аузын қылтиған жирен сақал мұрт түгі басқан ефрейтор Остап Блоха жүгіріп келіп қалт тұра қалып не істеп жатқандарын баяндады. Блоха ауыр пулемет «Максимның» атушысы еді. Пулемет окопына сабан төсеп қойыпты.

- Мыналарың окоп емес, әп-әдемі ұяға ұқсайды ғой, - дегенімде Блоха жымия күліп мақтанып:

- Тағы да осы сияқты екі-үш окоптар істемекпіз, жолдас комбат, - деді.

- Ал, пулеметтерің қайда, ерім?

- Пулеметтердің барлығын тазалап әлі бабына келтіре алмай жатырмыз. Командир мен политрук екеуі де төменде соның әуресімен жүр.

- Онда мына істеп жатқан ұяларың тек ұйқы үшін болып шықты ғой. - Жоқ, жолдас комбат, бір сағаттан кейін пулеметтер бабына келеді... - дей бергенде, сайдан бір нәрсені арқалап келе жатқан төрт-бес адам көрінді.

- Әне! Пулемет алып келеді, - деді жұлып алғандай бір жауынгер. Взвод командирі жас лейтенант Беляковке ерген жауынгерлер плащ-палаткаға ораған пулеметтің «мүшелерін» алып келіп жерге қойды.

-Мүлде қажыдық, жолдас комбат,-деді күрсініп, лейтенант, - түн бойы әуреленіп, бір- ақ пулеметті түзеттік. Бұдан былай пулеметке шық тигізбей, бір жерден бір жерге қозғалғанда жөргектегі баладай орап жүруге тұра келер. Жауынгерлер біз әңгімелесіп тұрғанда пулеметті қалыптастырып окопқа орналастырды да, әрқайсысы оз орындарына орналасқанда Блоха:

- Пулемет атуға дайын, - деп баяндады

- Оқта! - деп мен команда бердім. Сары оқтар тізілген кендір лентаның сүйір жез ұшы жыланша сумаңдап оқтаушының қолынан пулеметтің көмейіне енді... Блоха тұтқаның құлағын жұдырығымен нұқып - нұқып, шаппаны ерсілі-қарсылы сілтеді...

- Разряжай!.. - Лента пулеметтен шығарылды.

- Заряжай!..

- Разряжай!.. - деп екі-үш рет қайталап істеткенімде, Беляков: «Апырм - ау! Бізге сенбей тұрсыз ба?» дегендей маған қарады.

- Заряжай!

- Готово! -деді Блоха.

-Тремя коротким и очередями огонь! - деп команда бергенімде Блоха тұтқаны мықтап ұстап қос бармағымен шаппаны басты.

- Тра-та-та, тра-та-га, тра-га-та! - деп пулемет безілдей жөнелді.

-Стой! Проверить установки,- деп бұйырдым.Жауынгерлер тексеріп болып баяндады.

- Блоха! Дайте одну длинную очередь, - дедім мен атқышқа. Ол құжырлана тағы басты. Тррр-трата-трарратата дей жөнелді пулемет. Атқыш қос қолмен тұтқадан айрылар емес, пулеметте Блоха безгек тартқандай қалшылдай, дірілдеп жатыр.

- Стой! Разряжай!

Пулеметіміз бабында екеніне көзіміз жетті. Азанда айналаны жаңғырта пулемет сарынын шығардық. «Біз қыр басындамыз», «Біз босып кеткен жоқпыз», «Біз ұрысқа дайынбыз», - деп хабарладық дұшпанды да, досты да. Біздің батальон үшін 1941 жылдың 27 октябрінің таңы осылайша атты.

* * *

Беляковқа даярлық жұмыстарын қалай ұйымдастыру жағын айтып болып жүріп бара жатқанымда ол күмілжіп:

- Егер де ұрыс басталса не етеміз, жолдас комбат? - деп сұрады. - Жақында ұрыс бастала қоймас.

- Неге олай ойлайсыз?

- Біз де, дұшпан да әлі есін жинап ала қойғаны жоқ. Басталса үш-төрт сағаттан кейін басталар. Онда бізге біраз істеуге уақыт бар көрінеді ғой. Бақылаушылар қойғандағы, тезден жатып ұйықтаңыздар.

- Ұйықтай алмаймын, жолдас комбат.

- Бұйырып етілгенде, ұйықтай алмаймын деген де сөз бола ма екен. Вам приказано спать!

- Өзіңіз қашан демалмақсыз, жолдас комбат?

- Мен түн бойы ұйықтадым... Түнгі сәтсіздіктің барлығы менің ұйқымның салдары, жолдас лейтенант. - Одан соң Беляковқа оқушыға да мәлім жағдайларды айтып бердім. Лейтенант мені өзеннің жағасына дейін шығарып салды.

***

Өткен түнде арнасына сыймай тау өзеніндей құтырып жатқан Лама жынынан айрылған бақсыдай моп - монтай иреңдеп жылжып жай ағып жатыр. Россияның топырақтары бос келеді - кішкене жауын жауса оның ой-қырында тайғанақтамай жүре алмайсың.Келте бұйрық, нөсер жауын, қараңғы түн, белуардан батпақ, қажыған қол сағымды сындырып жабықтырып, жасытып үміт үзіліп, белім кесіліп қала жаздапты - тәлтіректей қырдан ойға тайғанай басып келемін. Бір айналдырғанды-шыр айналдырады дегендейін. ауыр түн бастан өтті-кетті, ал енді күндіз қандай халде болар екенбіз? Ауыр бір түн өтті бастан,Құйды нөсер аямастан, Өңменіңнен жел өтті. Сұға ағып, Оқты қағып, Бірнеше жас қыршын кетті. Ішім күйді, көңілім мұңды Тәлтіректеп тайғанап, Қырдан ойға мен келем. Қорегім жоқ, күні-түні тыным алмай, Қарны ашып сапта тұрған Жауынгерге не берем?

***

Біздің штаб кешегі племхоздың үйіне орналасқан екен. Алдында тұрған жауынгерлер менімен сәлемдесіп жол берді. Алдыңғы бөлмеге кіріп келсем жерге төселген плащ- палатканың үстінде шашылып жатқан пулеметтің темірлері, мүйіште үйіліп жатқан шүберек, кендір түбіті, мақта. Бозжанов пен Краев екеуі жеңдері шынтақтарына дейін түрілген, саусақтары сарғылт бурыл май, тазартып болған бір пулеметті құрастырып, бір жерінің қиюын келістіре алмай тұрғанының үстінен шықтым.

- Жауынгерлерге үйретпей, енді өздерің қара терге түсіп тұр екенсіздер ғой, - дегенімде, екеуі де бастарын көтеріп орындарыңнан ұшып тұрды. Жалқаулық түбі - қорлық деген осы болады. Сендердің мына істеп жатқандарың, менің атқосшым Синченконың орнына мен ат ерттеп, ер-тұрман тазартып жатқанмен тең.

- Жолдас комбат, түн бойы...

- Тарт тіліңді! Өз обалың өзіңе. Үйрете білмесең, жұмсай білмесең бұдан былай да көрген күнің осы болады. Кто будет командовать ротой? Лейтенант Краев или ефрейтор Блоха?..

- Жолдас комбат, өте тығыз бір істің кезінде келдіңіз, - деп екінші бөлмеден Рахимов мені шақырды. Рахимов өте ұқыпты жігіттің бірі еді. Ол карта бойынша білген деректерін маған баяндады.

- Көріп тұрсыз, жолдас комбат, көршілерімізден бізбен иін тіресіп қолтықтасып тұрған ешкім жоқ. Жер жағдайы шалғай, арамыз ашықта, алыста. Оң жақтағы көршімізден арамыздың қашықтығы екі километрдей, сол жақтағы көршімізбен бір жарым километр. Біздің сыбағамыз да нормадан екі есе мол. Жан-жағымызды қалайша қамтамасыз етпекпіз?

- Пулеметтер мен зеңбіректердің... тағы керек кезінде Филимоновтың ротасын жұмсармыз... Қой, көзбен көріп тұрып жер жағдайын байқап шешелік мәселені. Шақыр командирлерді рекогносцировкаға барып алдымен жер танып алалық.

***

Тимковская гораның дәл қыр төбесіндегі бір шөп маясын тасалай топтанып тұрмыз. Ауа райы ашық. Аспан бұлтсыз. Айналаның барлығы көз жеткенше айқын көрінеді. Алыстан қарауытып Рюховское, Спасс-Рюховское, ойда Тимково, батыста кеше азанда, түнде көшесінен біз өткен көк күмбезді шіркеу бар Волоколамск қаласын көзбен шолып тұрмыз. Алыстан самолеттер сарыны естілді. Теріскей жақтан қатарын тізген тырнадай аспанда бомбардировщиктер көрінді. Олардың үстін ала қаршығадай зымырап истребительдер ұшып жүр. Бәрінің бет алысы Волоколамск... Гүрілдеп, зуылдап біздің үстімізден өтіп барады. Қалаға жақындай бергенде самолеттер маңайында бұрқ-бұрқ етіп сеңсең терідей он бес-жиырма көк бұйра бұлттар пайда болды. Ол біздің аспанға атқыш (зенитка) зеңбіректердің оқтарының жарылған орны. Самолеттер қайқия өрлеп барып, қала мен станцияның үстінен төмен қарай түйіліп барып бомбаларын тастап, қайтадан өрлей ұшып теріскейге бұрылып кетіп жатыр... Дабыл қаққандай тарс-тұрс сарын, құйындай аспанға шапшыған қара түтін. Ол ірі бомбалардың жарылып, қала үйлерінің күлін көкке ұшырып ойран салғаны... Бомбардировщиктердің соңынан іле жер бауырлап қалбалақтай ұшып (орысша - бреющий полет), оқ жаудырып, майда бомбалар тастап штурмовиктердің бірнеше топтары бірінің соңынан бірі үшеулеп, алтаулап, тоғыздан қатарланып зуылдап өтіп жатты. Самолеттердің ойранының түтіні басылмай-ақ ізбе-із алыстан күн күркіреп, найзағай атқандай қатты сарын естіледі: артиллерия сұрапыл дабылы басталды. Қала үстінде мыңдаған снарядтар мен миналар ұшып, ысқыра келіп жауды. Жер күңіреніп кетті. Қала талқандалып, қою қара түтін қаптап, үйлер өртене бастады.

- Демек, жолдас комбат, дұшпан барлық күшін қалаға салмақ болды ғой, - деді Рахимов.

- Әніки, танктер келеді, - деді Бозжанов.

- Апырм-ай мына ит біздің кісілерге тыныс алдырар емес қой. А! Қайтеді, ей осы?!

Ойдағы Тимково тарапынан өрлеп, тасбақаша жер бауырлай өрмелеп келе жатқан танктер, оның соңынан машинаға мінген жаяу әскерлер еріп келеді, ал артиллерия болса атқылауын тоқтатар емес, құйындата төмпештеп жатыр. Атыс саябырси келгенде танктер қаланың шетіне жетті.

- Ал енді көшеде қоян-қолтық басталды. Қала үшін ұрыс кешке дейін созылуы да мүмкін, - деді Рахимов.

- Не істе демексіз, жолдас комбат? - Көретіндеріңді көрдіңдер ғой. Біздің тұрған шебіміз қаладағы соғысыпжатқан біздің күштердің оң қанаты. Біз берік болсақ дұшпанның оларды бұл жақтан орағытып алмауына себеп боламыз. Кешікпей-ақ біздің де кезегіміз келер. Барыңыздар орындарыңызға. Дайындалып сақ болыңыздар, - деп тараттым командирлерді. Бір сағаттан кейін немістердің бірнеше тобы біз жаққа қарай бұрылды. Танктері жоқ, жаяу әскерлері ғана.

- Ал енді біздің кезек басталды, жолдас комбат.

- Негізгі күшінің сол қанатын қамтамасыз еткелі істеп жатқан қимылы ғой. - Оншама көп көрінбейді ғой.

- Осыған төтеп берсек те жарар.Қаланың тарапынан қызу - қырғын соғыстың дүбірі естіледі. Оған қарағанда арпалыс - айқас көше сайын екендігі байқалады. Біздің күштер оңайлықпен бере қояр емес. Біздің алдыңғы мақсатымыз - қалада белуардан қан кешіп соғысып жатқан күшімізді жаудың аз тобына болса да оң жақтағы өкпе тұстан соқтырмау. Қайтсе де соған жарап берсек, оларға көрсеткен жәрдеміміз сол болмақ. - Филимоновты сол жаққа шығарыңыз. Ашық аралықтарға бітеу болсын. Барлық пулеметтер мен зеңбіректер де сол жаққа нысанасын бұрып дайын тұрсын. Жау қырдан ылдилап ойға түскенше атушы болмаңыздар. Неғұрлым жақындағанын күтелік, - деп жұмсадым штабтағы командирлер мен байланысшы хабармандарды. Филимонов бастаған топ взвод взводымен қозғалып жаңа шепке бара жатыр. Кейбір пулеметтер мен зеңбіректердің позицияларын өзгертуге кірісті. Немістер біздің жақтан бұл маневрді көріп біраз кідіріп тоқталды. Екі жақтан да атыс жоқ. Біраздан соң жаудың тағы бір тобының қарасы көрінді.

- Мыналары неғып доғарылып қалды десем, соңынан осыншама күш күтіп жатыр екен ғой, - деді қасымдағы Бозжанов.

- Бұлардың ойы бір тобымен бізді солға түріп тастап, екінші тобы қаладағылардың оң бүйірінен соқпақ қой, - деді Рахимов. Ойы солай болар, әйтпесе тоқтамас еді.

- Ал енді біз де қарап жатпалық; Краев пен Брудныйдың алдында ешкім көрінбейді, екеуі де сайдың аржағындағы орманға қарай біртіндеп шегінуді бастасын. Сол қырдан ойпаңды да, қаланың шетін де атқылау қолайлы болар, - деп бұйырдым Рахимовке. ...Күтпеген жерден оң жаққа көрші полктың командирі ІІІехтман комиссары Корсаковпен бірге келді. Шехтман таза киінген, орта бойлы, қасқа бас, қоңқы мұрын, сопақ бет подполковник. Корсаков болса сұңғақ бойлы, жасыл көзді, ат жақты келген, мінезі ауырлау батальон комиссары. Оларға мен қысқаша жағдайды айтып, өзімнің тұрақталған шешімімді баяндадым.

- Ашықтан-ашық жерде, дұшпанның көз алдында ойыңызды қалайша іске асырмақсыз? Оған дұшпан көне қояр ма екен, - деді Корсаков.

- Біз де оныкіне көнбейміз. Ашық жерде жасырынбақ ойнамақ емеспіз. Бір ротаның оғын бір рота қалқан тұтып, анау тұрған орманды төбеге жетсек, бастырмалатып атып немісті қаланың шетіне жолатпаймыз.

- Меніңше комбаттың шешімі дұрыс, - деп қоштады мені Шехтман.

- Бірақ та бір қозғалғаннан кейін тоқтай алмай жүрмесеңіздер!деп комиссар күдіктенгенін айтып тұрғанда бірнеше оқ зуылдап қасымыздан өте шықты. Оқтың біреуі Шехтманның алдындағы кесекке тиді.

- Барлығы түсінікті ғой. Ал жүріңіз, комиссар, біз кетейік,деді Шехтман сөзін аяқтатпай.

- Көрші болғаннан кейін, арамызды анық - қанықтап алалық та, - деді комиссар.

- Анықтайтын несі бар, тәйір - ай. Жүріңіз, бізді күтіп отырған болар. Жүріңіз, - деп Шехтман жүріп кетті. Олар көп ұзамай-ақ немістер бізді артиллерия, минометпен атқылай бастады. Қарқыны оншама күшті емес - көп болса бір - екі-үш-ақ батарея сиректеп атқылап тұр. «Неғып көпкідірді десем, артиллериямен бізді біраз төмпештеп алып тиіспек екен ғой. Қаладағы күштен саған күрделі жәрдем бола қоймас жуырақта» деп ойладым. Филимоновтың тобы, біздің бірнеше пулеметтер мен зеңбіректер жауға оқ жұмсады. Ентелеп келе жатқан жау қатарлары жата қалды. Мен тастан қаланған сарайдың ығында тұрмын. Краев пен Брудныйдың топтары взвод - взводтан араларын қашық ұстай аңдалап Тимково қырынан өзен бойына ылдилап келеді. Өзенге жете бергенде оларды немістер атқылай бастады. Олар жата қалды. «Жатпастан, тоқталмастан, судан, шосседен өтіп жаңа позициясына орналассын» деген бұйрықпен байланысшылар жүгіріп кетті. Бiраз дағдарыстан кейін, барлығы орындарынан тұрып бытырай анталап тез жүріп келеді. Мен тұрған сарайдың қатарынан өте бергенде бір бөлімшенің алды - артынан бірнеше миналар бұрқ ете жарылды. Жауынгерлер жүгірді.

- Эй! Не бежать! И не ложиться! - деп айқайладым мен.

- Неге олай дедіңіз? - деді қасымдағы Бозжанов таңданып.

- Немістер де, Филимоновтың тобы да мыналар қашып бара жатыр деп ойлап қалмасын, - деп жауап қатты оған Рахимов.

- Хаби, сен осылармен бірге жаңа позицияға бара бергін. Келісім бойынша бекініс ұйымдастыр. Мен Филимоновпен бірге барамын. - Рахимов жүгіріп Краевты қуып жетіп, екеуі топ арасында, дұшпанның атысы астында жаңа позицияға қарай жүріп барады. Кейбір жауынгерлерге оқ, әйтпесе снаряд пен минаның жаңқалары дарып, оларды екеулеп жолдастары сүйемелдеп, әйтпесе көтеріп барады...

- Мен сіздің қасыңызда болайын, жолдас комбат, - деді Бозжанов.

- Қалсаң қалғын. Дұшпан артиллериямен Филимоновтың тобын біраз төмпештеп алды да, орындарынан тұрып тізбектеле анталап келеді. Оларды Филимоновтың тобы барлық қаруларымен атқылады. Біреуі құлап, біреуі жығылып, біреулері сүрініп қатарлары сиректегеніне қарамастан, немістер ентелеп келе жатыр. Біздің жақтан атыс күшейе бастады.

- Немістер тоқтап жата қалды, қараңызшы! - деді Бозжанов.

- Жүгір Филимоновқа. Енді немістерге Краев пен Брудный жаңа позициядан оқ атқанша бас көтерткізбесін.

Бозжанов жүгіріп кетті. Қыр басынан жаудың бір пулеметі біздің шегініп бара жатқан топтардың үстіне оқ жаудырды. Біз жақтан бір зеңбірек бастырмалата ата бастады. Жау пулеметінің үні өшті. Алыстан естілген дүбір сарынына қарағанда қалада әлі де қырғын соғыс жүріп жатқанға ұқсайды. Бозжанов жүгіріп қайтыл келіп:

- Филимонов ше... шегінуге рұқсат сұрайды, - деді ентігіп:

- Шақыр оның өзін мұнда! Бозжанов сарайдың мүйішіне барып қолын бұлғақтатып Бірнеше белгілер көрсетті. Байқауымша екеуі бұрыннан алыстан қалай тілдесу жөнінен келісіп қоюлары керек.Филимонов орнынан тұра салып бізге қарай ытқи жүгірді. Рота бастырмалатып атқылап жатыр.

- Сіздің бұйрығыңыз бойынша, - деп Филимонов демін ала алмай сөйледі. - Қазірше барлығы да ойдағыдай болып жатқан көрінеді, Ефим Ефимович, - дедім мен оған.

- Сіздерге тағы да біраз шыдап беруге тұра келер. Краев, Брудный топтары кеткен тараптан атыс басталды, үш - төрт зеңбіректің снарядтары жау тобының қатарында бұрқылдай жарылды.

- Опырмай, аралары тіптен жақын еді, өздеріміздің оқтарымыз өздеріміздің адамдарға тиіп жүрмесе игі еді, - деді Бозжанов. Менің атқосшым Синченко екі атты жетектеп келіп маған көзімен «ана жақтан атыс басталды ғой, енді не қып тұрсыз?» дегендей қарады.

- Сен шапқын Рахимовқа, - дедім мен оған, - атысты барлық құралдардан үдетсін. Жирен қасқаны да жетектей кеткін, мен жаяу барамын.

- Ал, Ефим Ефимович, біртелеп взвод - взводтан шегінуді ұйымдастырыңыз. Бір взвод жаңа позицияға жеткенше екеуі орнынан қозғалмай атқылап жатсын. Шегінгендер ата бастағанда екіншісін орнынан қозғаңыз. Өзіңіз ең соңғы взводпен бірге шегініңіз. Біз Бозжанов екеуміз болсақ осы жерде тұрамыз, сіздердің соңыңыздан ілесерміз.

- Түсінікті, жолдас комбат. Атыстан атыс, шегіну, бір-біріне көмектесу сияқты ұрыс әбігерлігі үстірмелете қызу жағдайда. Филимоновтың взводтары қаймыға арпалысып шегініп барады. Ефим Ефимовичтің өзі соңғы взводтың арасында қолын әрі-бері сілтеп бірдеңе деп айқайлап барады. Олар шосседен өтті.

- Енді біз мұнда не қып тұрмыз, жолдас комбат?

- Дүрбімен қарашы, қаланың шетінде кімдер көрінеді?

- Ойбай, қараңызшы, жолдас комбат, ана қалбалақтап жүгіргендер немістер ғой. Қарасам қаланың шеткі үйлерін паналап жүрген немістер екені рас екен. - Демек, Волоколамскіні жау алыпты ғой. Ал, жүргін, енді кету кезегі біздікі.

***

...Бізге шабуыл жасаған жау, бізді қумастан қалаға қарай бұрылды. ... Батальон қырдағы орманның ішінде жиналып отыр. Соларға жақындай бергенде Бозжанов:

- Сізге бір сыр айтсам ұрыспайсыз ба? - деді.

- Кейін болмаса әзір ұрыспаймын.

- Жоқ, онда айтпаймын.

- Ұрыспаймын, айта қойғын. Не айтайын деп едің?

- Мен финдермен соғысқа қатысқандардың біреуімін. Сол соғыста біздің көп командирлерден бекерден - бекерге айырылған жағдайларымыз болды. Меніңше сіз бүгін орынсыздан орынсыз басыңызды қатерге тіктіңіз. Вы сегодня бравировали.

- Қалайынша?

- Ал, Краев пен Брудныйға ілеспегеніңіз дұрыс - ақ болсын. Филимоновтың соңынан жүру деген батальон командиріне келіспейтін - ақ қылық.

- Әй, сен маған ақыл айтатын менің әкембісің, әлде ағамбысың? Тұра тұрыңыз, ақсақал, жаңа ғана ұрыспаймын деп уәде беpiп едіңіз ғой, - деді ол күлімсіреп.

- Ендеше айта бергін. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегендейін, жаңағы жерде бір қаңғыған оққа ұшсаңыз... Мыналар сіздің төбеңізді көргеннен кейін сізді күтіп топтана жиналып отыр. Егер де жазатайым болғандай болса, батальоннның басын қосу оңайға түспес еді. Жай жауынгер командир бар жерде қауіп аз деп ойлайды. Ол менің басымнан өткен тәжірибе. Командирдің кетуі мен өлімі қиын жағдайда істі теріске айналдырып кетуі де мүмкін... жауынгер командирге ерік беріп оның соңынан ереді... Жауынгер қашқанда да, қуғанда да көзімен командирді... іздейді. Оның төбесін медет көреді... Ор жағалаған бірде болмаса бірде құлайды...

Сақтанған сақталады деген емес пе. Мен Бозжановқа жауап қатқаным жоқ, бірақ та оның сөзі мені көп ойға салды. «Мынаның сөзі ойланатын нәрсе екен» дедім де қойдым ішімнен.

Біз орман ішінде отырмыз. Жаудың бір тобы біз тастап кеткен рабочий мен племхозға келіп тоқтады. Оның да діңкесі құрыған білем - біздің соңымызға түскен жоқ. Соғыс дабылының сарынына, самолеттердің беталысына қарағанда қала алынып, оның көршілес қыстақтарының маңында қызу ұрыс жүріп жатқанға ұқсайды. Рахимовтың айтуы бойынша, Шехтман полкының бізбен көршілес батальоны жақын арада орман ішінде жиналып түскі тамаққа дайындалып жатқанға ұқсайды. Олардың төрт түлігі сай көрінеді. Бізде ішерге ас, тартарға темекі де жоқ. Жауынгерлер мүлгіп ағаштарға сүйеніп отыр.

- Енді не етпекпіз, жолдас комбат, - деп сұрады Рахимов.

- Тағы да баяғыша өзіміздің дивизияға қарай тартып, үйірімізге қосылу керек.

- Жарақаттанғандарды қайтеміз?

- Оларды Бықи қыстағына жөнелту керек. Онда Шехтман полкының дәрігерлік пункті болуға тиісті.

- Мына қала арқылы жіберген жарақаттанғандар өте алды ма екен? Ай, тәңірім - ай, солар өте алмады - ау, неге десеңіз оларды ертіп кеткен кісілердің бірде-бірі әлі қайта оралған жоқ, - деді Киреев күрсініп.

- Киреев, сіз жарақаттардың қасына барып комбаттың айтқанын орындаңыз, - деді оған Рахимов қамыққан дауыспен. Киреев үн қатпай тұрып кетті. Біздер үндемей біраз отырдық.

- Бәлкім дұшпан қаланы алғанша олар өтіп те кеткен болар, а? - деді өзіне-өзі төмен қарап жер шұқылап отырған Бозжанов. Содан кейін маған қарап - лейтенант Беляков пен Аалы Жиенішбаев қатты жарақаттанғандардың ішінде еді, - деді. Мен үн қатпадым. Краев тықыршып отыра алмастан орнынан тұрып кетті... Синченко маған бір пачка «Беломор» мен екі бөлек сухари ұсынды.

- Қалғаны осы ма?

- Қоржын түбінде қалғаны осы-ақ, жолдас комбат.

Алғандарымды қолыма біраз ұстап отырдым да, алаңға қарай лақтырып тастадым.

- Встать! Строиться! - деп команда бердім. Роталар сапқа тұрды.

- Шагом марш! - деп артыма бұрылмастан сап алдына түсіп жүріп кеттім. -Жолдас комбат, ешкім бұрылмады,-деді қуанған дауыспен мені қуып жетіп Бозжанов.

- Не айтып келесің тағы да? - Әлгі папирос пен сухарларға ешкім бұрылмады.

- Сен соларды қарауылдап қалып па едің?

- Жоқ. Қатарда келе жатып көзімнің қырын сала жүрдім...

Бозжановтың бұл хабары менің ойымды орнына салғандай болды. Біздің қызыл әскердің мықты белағаш тіреуі - адамгершілік сезім билеген тәртіп. Тәртіпсіз ер болмайды. Ер жүректі жауынгерлердің басын біріктіріп, бірін мың үшін, мыңын бір үшін тар - қысылтаяң соғыс жағдайында отқа да, суға да, аштыққа да, соғыстың қауіпті жағдайына да, жорықтың қиыншылықтарына да әдеттендіре алмайсың, бірақ та борышын атқару үшін оған көнеді. «Тапшылыққа көне білген жоқшылыққа да көнеді» деген рас екен-ау деп ойладым. Оларды көндіретін күш - тәртіптілік. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендейін, кейінгі аз күндердің ішінде біз көпті көрдік, талай қиыншылықтарды бастан өткіздік, батальонның тобы бұзылған жоқ. Жауынгерлер шыдамдылық, табандылық көрсетті. Мен олардың командирімін. Мен жаңағы Бозжанов айтқан кішкентай, сырттан қарағанда болар-болмас фактіге өте қуандым, тыныққандай бойыма күш пайда болды, аяғым жеңілдеді, сенімім бұрынғыдан да нығайды, бойым сергектеніп, адымым ұзарғандай болды.

Роман Әдеби KZ порталынан түсірілді.

Жалғасы бар

Соңғы жаңалықтар