Мұғалім, оқушы, енді бірі жаттықтырушы: Өскеменнен Tartyl Fest финалына бес үміткер аттанады

Қазақстандағы алғашқы турникке тартылу додасы Қонаев қаласында бастау алып, кейіннен елдің өңірлерін жағалай келе 2022 жылдың 30 тамызында Өскеменде де тартысты өткен болатын. Сол кезде облыс бойынша фестивальде 250-ге жуық адам бақ сынаған. Оның ішінде үздік 27 қатысушы марапатталды. ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры мұрындық болып отырған жарыста 1 орын иеленгендер – 200 мың теңгеден, 2 орын – 100 мың теңгеден, 3 орын – 50 мың теңгеден алған еді.
Енді 18 ақпанда елордада «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалы өткізілмек. Оған өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатыспақ. Қатысушылардың жасы – 14-51 жас аралығында. Бұл додаға Өскеменнен 5 адам аттанайын деп отыр. Олар – Мансұр Уәлиев, Сергей Залесков, Ахмет Терлікбаев, Радмир Темірболатов және Егор Ногин. Енді гранд-финалда қала намысын қорғайтындарды жеке-жеке таныстырып шығайық.
Мансұр Уәлиев 11 жаста. 4 жасынан бері спортпен айналысып келеді. Армрестлинг, жеңіл атлетика және дзюдоға қатысқан. Спортқа бет бұруына қол күрестен бапкер болып жұмыс істейтін әкесі себепкер.
- Өзіме турникке тартылған ұнайды. «Tartyl Fest» жобасы жайлы әкем танысынан естіпті. Маған қатысуға ұсыныс жасағанда бірден келістім. Сөйтіп, дайындықты бастап кеттік. Күніне 10 реттен 10 мәрте қайталап тартылып жүрдім, - дейді ол.
Жарыс кезінде Мансұр 36 рет тартылып, 55 келіге дейінгі салмақта 18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында жеңімпаз атанған болатын.
- Қазір армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткермін. Астанаға барып бақ сынауға дайындалып жүрмін. Осындай турнирдің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - дейді Мансұр Уәлиев.
Сергей Залесков мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Жасы 28-де.
- Бала күнімде спортқа онша жақын болмадым. Әлжуаз болғандықтан сыныптастарым үнемі мазақ ететін. Бірде өзімді қайрап, турникте жоқ дегенде 5 рет тартылуға серт еттім. 10 сыныпта оқып жүргенде турникте жақсы тартыла бастадық. Солай қызығушылығым да артты. Әскери далалық оқу-жаттығу жиынында 29 рет тартылып, бірінші орын алдым. Бейресми жеке рекордым 40-қа жетті, - деп еске алды ол.
Сергей 2018 жылы облыстық іріктеуден өтіп, 5 адам болып Ақтауға халық ойындарына барыпты. Сонда салмақ бойынша тартылғандар арасында үшінші орын иеленген.
- «Tartyl Fest» туралы «Instagram» әлеуметтік желісінен білдім. Өскемендегі жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қала әкімі де қатысып, турникке тартылды. Жалпы төрешілер қатал, бірақ әділ болды, сондықтан ешкім ренжіген жоқ. Бұл жоба көпшілікті өзін-өзі дамытуға итермеледі, деп санаймын. Шынымды айтсам, бір-екі жыл бұрын мұндай жетістікке жетемін деп ойлаған да емеспін. Енді Астанаға барып, бақ сынап көрмекпін. Менің тілегім, дәл осындай жарыс кем дегенде 2-3 жылда бір рет өткізіліп тұрса жақсы болар еді, - дейді Сергей Залесков.
Пауэрлифтингтен спорт шебері Ахмет Терлікбаев 32 жаста. Бодибилдингтен республикалық додада жүлдегер атанған ол жеке жаттықтырушы болып жұмыс істейді.
- Мектеп оқып жүргенде сыныптасым еркін күреске баруға шақырды. Көп ойланбай келісе кеттім. Турникке де бала күннен тартылып келемін. Үйде де турник жасатып, күнде жаттығып жүрдім. «Тartyl Fest» жобасы туралы жаттығу залында жүргенде кездейсоқ естіп қалып, қатысуға шешім қабылдадым. Өйткені өзімнің жақсы нәтиже көрсететініме сенімді болдым, - дейді ол.
Ахмет Терлікбаев болашақта бодибилдинг пен пауэрлифтингтен жарыстарға қатысып, биік белестерді бағындырғысы келеді. Қазір сол үшін күнделікті жаттығып, тынбай дайындалып жүр.
- Өзімнің жаттықтырушым бар. Ол маған бағыт беріп, жол нұсқап отырады. Хоббиім де, жұмысым да - спорт. Осы бағытты таңдағаннан кейін жетістіктерге жеткім келеді. Турникке тартылу жарысында финалға шыққаныма өте қуаныштымын. Жеңіске жету үшін барымды саламын!, - дейді Ахмет.
Радмир Темірболатов та бала күннен бері спортты жанына серік етіп келеді. Қазір жасы 18-де.
- Спорттың белгілі бір түріне қатысқан емеспін. Жаттығу жасап, дене бітімімді шынықтырып келемін. Бапкерім жоқ, өзім бірнеше шақырым жүгіріп, отжимания жасап, турникке тартыламын. Нақты турникке қатысты айтар болсам, кешкі уақытта ауладағы достарыммен бірге тартылып жүрдік. Күн өткен сайын қызығушылығым арта берді. Көшеде кетіп бара жатқанда турникті көрсем айналып өтпейтін болдым. Сөйтіп, турникке тартылу әдетке айналып кетті десем де болады. Әзірге өзімнің жеке рекордым - 35, - дейді ол.
Радмир республикалық турникке тартылу фестивалі туралы достарынан білген. Ойланбастан қатысуға бел шешкен.
- 30 тамызда таңертеңнен Амфитеатр алаңына жұрт жинала бастады. Қатысушыларды тіркеу сағат 11:00-ге дейін жүргізілді. Шараның ашылу салтанаты сағат 12:00-де басталды. Шымыр, өзіне сенімді жігіттер арасында күшіңді сынау деген керемет қой. 18 жасқа дейінгі 70 келіден жоғары салмақта қатыстым. Барымды салып, 27 рет тартылып, жеңімпаз атандым. Шынымды айтсам, бірінші орын аламын деп ойламаған едім, - дейді Tartyl fest финалисі.
Радмир Темірболатов Геологиялық барлау колледжінде оқиды. Гранд финалда жеңімпаз атанса, ұтысының бір бөлігін оқу ақысын төлеуге жұмсамақ.
Егор Ногиннің жасы 17-де. Кәмелеттік жасқа дейінгі 55-70 келі аралығындағы салмақта өнер көрсеткен ол 28 рет тартылып, бірінші орын иеленген. Енді Астанаға барып, өнер көрсетуге қызу дайындық үстінде.
- Атам шаңғы жарысынан спорт шебері, мені осы спорт түріне бала кезімнен баулыған. Шаңғышы ретіндегі кәсіпқой мансабым нәтижелі болмаған соң қысқы полиатлонға ауыстым. Онда өзімді жақсы көрсете бастадым. Президенттік көпсайыс бойынша спорт шебері атандым. Ал турникке тартылған өзіме ұнайды. Қазіргі уақытта жеке рекордым - 33. Бұл жарысқа ақша үшін емес, алдағы әлем чемпионатында ел намысын қорғау үшін қатыстым, - дейді ол.
Әлем чемпионатына қатысу - Егордың бұрыннан келе жатқан арманы. Сол қалауына жету үшін еш аянып қалмайды.
- Өскемен қаласындағы №39 орта мектепте 11-сыныпта оқимын. Мұндай жарыстар жиі өткізіліп тұрса деймін. Себебі сол арқылы адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, спортқа тартуға болады. Талай досым «Tartyl Fest» фестивалінің 2-ші маусымына дайындалып жатыр. Сондықтан бұл жоба осымен үзіліп қалмайды деген сенімдемін, - дейді Егор Ногин.