Мұғалімдер жалақысы орташа республикалық деңгейден екі есеге төмен - ҚР БҒМ

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мұғалімдердің орташа жалақысы орташа республикалық деңгейден екі есеге төмен. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

Мұғалімдер жалақысы орташа республикалық деңгейден екі есеге төмен - ҚР БҒМ

Министр сөз арасында мектеп инфрақұрылымын кешенді шешу мәселесінің жоспарланып жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, бүгінгі күні апатты және үш ауысымды мектептердің орнына салынатын құрылыс қажеттілігінің картасы әзірленген. «Жалпы, еліміз бойынша апатты мектептердің көпшілігі Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тұр. Сонымен үш ауысымды мектептер Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының үлесінде болып отыр. Мектеп инфрақұрылымын дамытуда министрлік пен жергілікті атқарушы орган арасындағы меморандумның орны зор. Ол қырықтан астам индикаторларды қамтып, үш жылдық кезеңде бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», - дейді А. Сәрінжіпов.

Бұдан бөлек, баяндама барысында министр мұғалімдер жалақысын арттыру мәселесіне де тоқталды. «Бүгінгі таңда еліміздегі педагогтардың орташа жалақысы 55-60 мың теңгені құрайды. Бұл орташа республикалық деңгейден екі есеге төмен. Соған орай осы бағытта бірқатар атқарылатын жұмыстар да баршылық», - дейді ведомство басшысы. Бұл ретте мұғалім жалақысын арттыру экономикалық жағдайға сәйкес болатынын айтқан министр, жалпы біліктілігін арттырған ұстаздардың жалақысы 30-40 пайызға көтерілетінін жеткізді.