Мұғалімге құрмет те, мәртебе де қажырлы еңбекпен келеді – Дәметкен Баенова

-Биыл «Үздік педагог» байқауында озып шығып, таңдаулылар қатарына іліндіңіз, бұл да Мұғалімдер күніне орай жасалған құрмет деп білетін шығарсыз?
- «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері қарай үш кезеңмен (аудандық, облыстық, республикалық) өткізіліп келеді. Байқаудың шарттары мен критерийлері, қатысушыларға қойылатын талаптар өте жоғары, мұғалімнің кәсіби қызметінің барлық қырларын жан-жақты зерттеуге, сараптауға негізделген. Үш кезеңнен сүрінбей өткен мықтылар ғана Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында «Үздік педагог» атанып, құрметке бөленеді, мәртебеге ие болады. Демек, құрмет те, мәртебе де қажырлы еңбектің нәтижесімен келеді. Бәзбіреулер ойлағандай, бұл марапат білім беру ұйымдары ұсынысымен беріле салатын марапат емес. Менің осы байқауда озып шығып, таңдаулылар қатарына ілінуім – бұл 42 жыл бойы шығармашылықпен, ізденіспен, үздіксіз жасаған кәсіби қызметімнің жемісі. 65 жастағы зейнеткер ұстаз болсам да, жеңімпаз атануым бұл конкурста шектеу жоқ екендігін көрсетеді. Тек қатысушының педагогикалық өтілі бес жылдан кем болмауы керек.
-Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатында қай кезден бері жұмыс жасап келесіз, оның басқа білім ордаларынан басты ерекшеліктер қандай?
-Мен бұл мектепте 2010 жылдан бері физика пәні мұғалімі болып жұмыс жасаймын.
Мұндай мектептер еліміздің барлық аймақтарында бар. Оның басты ерекшеліктері мынада.
Біріншіден, облыстық мәртебесі бар мектеп болғандықтан, тікелей облыстық білім басқармасының құзырында. Екіншіден, облыстың дарынды балалары әр оқу жылының мамыр айында республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастыратын қабылдау емтихандарының қорытындысы бойынша 7-сыныпқа мектепке қабылданады және шалғай аудандардан келген оқушылардың интернатта тегін жатып, білім алуына барлық жағдай жасалған.
Үшіншіден, ақпараттық-технологиялар лицейі болғандықтан, математика, физика, химия, биология және информатика пәндері тереңдетіліп оқытылады.
Төртіншіден, мектептің материалдық-техникалық базасы қазіргі заманғы оқыту талаптарына толықтай сәйкес. Физика, химия, биология, мультимедиялық бірнеше кабинеттер, цифрлық зертханалар, робототехника зертханасы жұмыс жасайды.
Бесіншіден, 10-11 сыныпта оқушының таңдауы бойынша бейіндік пәндер анықталып, бейіндік оқыту жүзеге асырылады.
Алтыншыдан, дарынды балалармен жұмыс жасаудың ерекшеліктері мен ол жұмыстарды ұйымдастырудың жүйесі мен бағыты қалыптасқан.
Жетіншіден, «Дарынды балаға – дарынды ұстаз» қағидасы мен ұстанымы қашанда маңызды. Яғни дарынды баланың қабілеті жан-жақты ашылуы үшін ұстаздың да білім-білігі жоғары деңгейде болуы шарт.
-Қырық жылдан астам жұмыс өтіліңіз бар екен. Ендеше, өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
- Сіздің бұл сауалыңыз менің көпшілік әріптестерімнің көкейінде жүрген «Үздік педагог» атағын алу үшін не істеу керек? деген сұрақпен үндесетін тәрізді. Сонымен, мен қалай «Үздік педагог» атандым?
Байқау шарттарына сәйкес 1-бөлімде үш сабақтың бейнежазбасын жасадым, «Менің жүрегімдегі мектеп» тақырыбындағы техникалық шарттармен сәйкесетін 1 минуттық бейнеролик және «Педагогикалық шеберлік тәрбие мен оқыту өнері ретінде» тақырыбындағы эссе (бейнеролик пен эссе тақырыбын жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі айқындайды) жаздым.
Екінші бөлімде көрсетілген құрылым бойынша портфолио дайындадым. Портфолиода кәсіби қызметімнің көрсеткіштерін төрт бағыт бойынша ұсындым. 1-бағыт бойынша өзім туралы жалпы мәлімет бердім, онда марапаттарым толықтай қамтылған.
2-бағыт бойынша педагогтік қызметімнің соңғы бес жылдағы мониторингін жасадым.
3-бағыт бойынша ғылыми-әдістемелік қызметімді баяндайтын нақты фактілер мен құжаттарға негізделген барлық ақпаратты ұсындым.
4-бағыт бойынша сабақтан тыс қызметімді (оқушылардың шығармашылық жұмыстарын, бейнетаспаға жазылған пікірлерді, Қаратөбе ауданындағы білім беру ісі туралы «Ізгілікті із» деп аталатын тарихи-танымдық анықтамалықты құрастыруға қатысқанымды, Жайық өңірінің айтыс өнеріне қосқан үлесім туралы) көрсеттім.
-Мейрам күні шәкірттеріңізден не күтесіз?
-Менің алды Ақ Жайық өңіріне танымал, әр салада қызмет атқарып жүрген шәкірттерім өте көп. Мысалы, қала әкімі Абат Шыныбеков, журналист Ертай Бимұханов – шәкірттерім, екеуі бір сыныпта оқыды, мен олардың сынып жетекшісі болдым. Ертайды айтыс өнеріне баулыған ұстазымын. Мейрам күні шәкірттерімнен ыстық ықылас пен ілтипатқа, құрметке, жылы лебізге, алғысқа толы құттықтаулар күтемін. Сансыз құттықтауларды қабылдаудамын. Ұстазға осыдан артық абырой жоқ деп ойлаймын.
-Мұғалім мәртебесін көтеру бағытында әлі де не жасалу керек деп ойлайсыз?
-Мемлекеттік деңгейде «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданып, заң тетіктері біртіндеп іске қосылып жатырғанын байқаймыз. Бұдан артық не жасалуы керек, заңның әр бабы, тармағы практикада орындалып отырса, жеткілікті және ешбір заң елдің барлық мұғаліміне мәртебе алып бере алмайды деп ойлаймын. Мұғалімнің тұлғасы мен беделі қалай қалыптасады? Мұғалімнің тұлғасы өз пәнін, мамандығын шексіз жақсы көріп дәріптеуінен, шәкіртке жан-тәнімен қызмет етуінен, киім киісі, жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәдениетінен, жалпы ішкі мәдениетінен, кез келген проблеманың шешімін таба алатын құзыреттілігінен көрінеді және оны кішкентай шәкірттің қырағы көзі бірден байқайды. Сөйтіп тұлғасы арқылы бедел жинап, мәртебеге ие болады. Мұғалімге ешқандай заң мәртебе әпермейді, мұғалім өз мәртебесін өзі қалыптастырады. Менің көп жылдық тәжірибемнен білетінім, мұғалім сол мәртебесі мен беделі арқылы өз пәніне қызықтыра отырып оқыта да, тәрбиелей де алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әсел Ерментаеваның ұстаздың абырой-беделі оның өзіне байланысты екенін айтқанын жазған болатынбыз.