Мұғалімдер сабақ бергенде жасанды интеллекті қалай қолдана алады
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Бүгінгі заман ұстазының жаңашылдыққа жаны құмар болуы тиіс. Себебі сәт санап дамып келе жатқан цифрлы технологиялар әр салаға өзгеріс енгізуде. Семейдегі № 17 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Шаяхметова осы талапқа сай. Жасанды интеллектің мүмкіндіктерін кәдеге жаратып, оқушылардың сабаққа деген ынтасын оятып жүрген ол Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

— Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ.
— Абай облысы Үржар ауданы Науалы ауылында дүниеге келдім. Сондағы мектепті бітірген соң Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы университке оқуға түстім. Ұстаз болу мен үшін ұлы мақсат, ұлы міндет. Өзімнің жүрек қалауыммен ұстаздық жолды таңдадым. Елге қызмет ететін шәкірттерді тәрбиелеу абыройлы, жауапты қызмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен педагогтердің қоғамдағы мәртебесі көтеріліп, біліктілігін арттыруға ден қойылды. Жұмысыма тыңғылықты дайындалып, әр сабақты жоғары деңгейде өткізуге тырысамын. № 17 жалпы орта білім беретін мектепте 2016 жылдан бері жұмыс істеп келемін.
— Жасанды интеллекті оқушыларға білім беруде қалай қолданасыз?
— Цифрлық әлем еш уақытта бір орында тұрмайды. Технологиялар қарқынды дамып келеді. Сондықтан педагогтер өз білімін үздіксіз жаңартып, жетілдіріп отыруы керек деп есептеймін. Жасанды интеллект бағдарламасын сабақ барысында қолдану — оқу процесінің тиімділігін арттырады. Ол маған жеке оқушыға бағытталған тапсырмаларды жасауға, білім алушылардың қызығушылығын арттырып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта өз сабақтарымда D-ID, LearningApps.org, Magic School, Gamma App, сурет және аудио генерациясы сынды білім беру платформаларын қолданамын.
Жеке-жеке түсіндіре кетейін. Magic School — мұғалімдерге де, оқушылapғa дa ыңғайлы етіп жасалған платформa. Креативті cұpaқтap құрастыруғa, әp оқушымен сараптамa жүргізуге, сабaқ жоспарлауғa үлкен көмегін тигізеді. Платформа оқушының жас ерекшелігіне, деңгейіне қарай тапсырма жасауға өте ыңғайлы. Ал LearningApps.org платформасындa оқу модульдеpін алдын ала жасап сақтап қоюға болады. Сол арқылы балаларға қызықты әрі қабылдауларына жеңіл болатын кесте, суреттерді іріктеу, викториналық cұpaқтap, боc орындарды толықтыру, аудио, видео контент, пазл, cөзжұмбaқ сынды тапсырмаларды құрастырып қоямын. Мұндай тапсырмаларды бұрындары да жасадық, бірақ оған көп уақыт кететін. Енді тапсырманы тез дайындай аламыз. Тиісінше балалармен жұмыс істеуге күш-жігеріміз сақталып, жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
D-ID қосымшасын пайдаланып, ақын-жазушылардың бейнелеріне жан бітіру арқылы шығармашылығын оқушыларға жаңа қырынан түсіндіремін. Бұл тәсіл тыңдау дағдыларын дамытуға және тарихи тұлғалар туралы мәліметтерді есте сақтауға көмектеседі.
Gamma App-нейрондық желілер негізінде жасалған презентация платформасы. Кірістірілген чат-ботпен бүкіл презентацияларды немесе жеке элементтерді тез арада жасап, өңдеуге болады.

— Алдағы уақытта оқушыларды сабаққа қызықтыру үшін тағы қандай жобаларды қолға алғыңыз келеді?
— Қазіргі таңда қазақ әдебиеті сабағында шынайылыққа жанасатын элементтері бар комикстерді қолдану арқылы сабақ өткізуді қолға алып жатырмын. Әркез білімімді арттыруға тырысып келемін. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Шығыс Қазақстан облысы бойынша кәсіби даму институтынан арнайы пәндік курстарды жиі өтемін. Сонымен қоса өзім де осы орталықта лектор ретінде ұстаздарға дәріс беремін.
— Жасанды интеллекті қолданған соң оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артты ма?
— Әрине. Оқушыларымның сабаққа деген ынтасы оянып, қызығушылығы артты. Сабақты тосып, үнемі дайындалып келеді. Өздері де зерттеу сабақтарында, танымдық сабақтарда жасанды интеллектті тиімді қолданып жүр.
— Жалпы осы жасанды интеллектің адам үшін пайдасы мен зияны қандай деп ойлайсыз?
— Жасанды интеллект көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Кейбір сәттерде көңілде алаң туады. «Адамзат үшін оның қаупі қандай?», «Еңбек нарығында өзгерістер болуы мүмкін бе?» деген сауалдар да ойға келеді. Бірақ заман ағымына қарай біз өзімізге керегін, ұлт болып қалыптасуымызға кедергі келтірмейтін тұстарын нақты білуіміз қажет. Ақпараттық технологиялар дәуірінде барынша сауатты болуға тырысқанымыз жөн.

— Қазіргі заман мұғалімі қандай болуы керек, қалай ойлайсыз?
— XXI ғасыр мұғалімдері педагогикалық қызметтің барлық түрін меңгерген, кез-келген жағдайға бейімді, ақылды да парасатты болуы керек. Өзгерістерге дайын, жаңашыл әрі шығармашыл тұлға болуы қажет деп санаймын. Қазіргі жас ұстаздар өте білімді, ізденімпаз әрі шығармашыл. Бірақ қателік жібермейтін, кемшіліксіз адам болмайды. Тек сол қателікті түсініп, түзетіп, ары қарай дами түсу керек.