Мұғалімнен кәсіпкерге дейін: қазақстандық маман AI мен робототехника жобасын қалай дамытып жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект пен робототехника бүгінде білім беру саласының да маңызды бөлігіне айналып келеді. Қазақстанда осы бағытта оқушыларға арналған технологиялық жобалар жасап, отандық өнімді дамытуға күш салып жүрген мамандардың бірі — CYBERPACK.AI және Rolab Academy жобаларының негізін қалаушы Сабыржан Мұстафин. Ол еңбек жолын информатика мұғалімі ретінде бастап, кейін робототехника саласындағы тәжірибесін кәсіпкерлікпен ұштастырған.
Сабыржан Мұстафин Павлодар облысының Мойылды ауылында дүниеге келген. Оның робототехникаға қызығушылығы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүрген кезінде оянған. Мектепте робототехника кабинеті ашылып, оқушыларға демалыс күндері де ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік берілген.
Алматыдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеген жылдары Сабыржан Мұстафин оқушыларды робототехника жарыстарына дайындады. Оның айтуынша, осы кезеңде 100-ден астам жарысқа қатысып, шәкірттерімен бірге жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Бұл тәжірибе оның білім беру саласында кәсіп бастауына түрткі болды.
Кейін ол жеке мектептермен жұмыс істеп, робототехника, технология, инженерия және STEM бағыттары бойынша мұғалімдер даярлап, мектептерде үйірмелер ашқан. Осы кезде жоғары сынып оқушыларына арналған робототехника сабақтарында жаңа тәсіл қажет екені байқалған.
— Жоғары сыныптарға келгенде LEGO жинақтары балаларға қызықсыз бола бастады. Сабаққа қызықтыру қиындады. Отандық өндіріс ашу жайлы көп ұсыныс түсті. Осы мәселені шешу үшін CYBERPACK.AI жүйесін құрастырдық, — деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.
Осылайша CYBERPACK.AI жобасы пайда болған. Оның ерекшелігі — жоба тек робототехника жинақтарымен шектелмей, мұғалімдерге арналған әдістемелік және техникалық қолдауды, жасанды интеллект пен STEM бағытындағы оқытуды бір жүйеге біріктіреді.
Жоба аясында мектептерге Cyberpack Junior және Cyberpack Senior жинақтары ұсынылады. Кәсіпкердің айтуынша, олар Қазақстанда өндіріледі. Жинақтарды пайдалана отырып, оқушылар түрлі пәндер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, робототехника жарыстарына дайындала алады. Сонымен қатар мұғалімдер кейбір бөлшектерді 3D-принтер арқылы өздері шығара алады.
Платформада робототехника мен жасанды интеллектке қатысты жарыстарға дайындалуға арналған материалдар бар. Оқушыларға мобильді қосымша да әзірленген. Онда олар ойындар ойнап, бағдарламалау мен AI бағытында тапсырмалар орындап, жарыстарға тіркеліп, ұпай жинай алады.
Сабыржан Мұстафиннің айтуынша, енді жобаның тағы бір бағыты — Rolab Academy арқылы балаларды онлайн оқыту. Бұл модельде оқушының үйіне робототехника жинағы мен 3D-принтер беріліп, оған мұғалім мен куратор бекітіледі. Бір жыл көлемінде бала ғылыми-зерттеу жұмысын жасап, жарыстарға дайындалады.
Қазір Rolab Academy-де онлайн және офлайн форматта оқыту жүргізіледі. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Онлайн бағдарламаға Қазақстаннан бөлек, шетелдегі оқушылар да қатысады.
Жобаның дамуына инвестициялық қолдау да әсер еткен. Сабыржан Мұстафиннің айтуынша, CYBERPACK.AI жобасы Astana Hub ұйымдастырған бағдарламаларға қатысып, Орталық Азиядағы үздік стартаптардың қатарына енген. Кейін жобаға жеке инвесторлардан қаржы тартылған.
Оның айтуынша, технологиялық кәсіпкерлікке келгендегі басты мақсаттарының бірі — Қазақстанда балалардың технологияға қызығушылығын арттыратын отандық өнім қалыптастыру.
Бүгінде жасанды интеллект пен робототехниканың білім беру жүйесіне енуі жаңа мамандықтар мен жаңа оқыту тәсілдеріне жол ашып отыр. Ал мұғалімдік тәжірибесін кәсіпкерлікпен ұштастырған Сабыржан Мұстафин үшін бұл бағыт оқушыларға технологияны үйретумен қатар, олардың өз идеяларын нақты жобаға айналдыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға негіз болып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін, зауыттағы жасанды интеллектінің болашағы жайлы жазған едік.