Мүгедек балаларға арналған дельфин терапиясы 2019 жылы да жалғасын табады
«Арди» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Дельфин терапиясы - болашағы бар бала» жобасын іске асырып отыр. Жоба аясында аз қамтылған отбасыдан шыққан 80 жарымжан бала қамтылған», - деп хабарлады аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев.
Басқарма басшысының айтуынша, дельфин терапиясының бір курсының нәтижесі бойынша балаларда дамудың оң динамикасы байқалып отыр.
«Дельфинарийге бір рет бару бағасы - 22 мың теңге, бірақ мемлекеттік тапсырыс аясында 18 жасқа дейінгі бір мүгедек балаға 11 мың теңге төленеді. Бір бала дельфин терапиясына 10 рет бара алады», - деп қосып өтті басқарма басшысы.
Оның сөзінше, биыл әлеуметтік көмектің бұл түріне 9 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Жоба 2019 жылы да жалғасады. Бағдарламаға қатысатын балалар Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан дельфинарийге барып жүр.