Мүгедек қызын ит қорлықта ұстаған әйел сот алдында жауап береді
13 жастағы Диана Иванованың туған анасы Анна Ивановаға бірнеше бап бойынша айып тағылған.
Күдікті кәмелеттік жасқа толмаған баланың денсаулығына қасақана зақым келтіргені, бала тәрбиелеуде міндетін дұрыс атқармағаны үшін жауап береді.
«Іс сотқа түсті. Оны Алматы қаласының кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайтын болады. Процесс жабық режімде өтеді. Сот алдында қыздың анасы Анна Иванова жауап береді», - деді баспасөз қызметінен.
13 жастағы мүгедек қыз Диананың жағдайы бүкіл елді шошытқан болатын. Анасы оны 3 жыл бойы далаға шығармай, байлап ұстаған. Баланың адам төзгісіз жағдай өмір сүріп жатқанын көрген Қапшағай қаласының ұрғыны Надежда Барсукова 2017 жылдың 17 тамызында Аннаны көндіріп, Диананы сенімхатпен қамқорлығына 3 жылға алып кеткен.
Содан бері жас қыз жаңа отбасына үйреніп келеді. Қазір Диананың әке-шешесі, екі інісі бар.
Сал ауруымен ауыратын Диананың оң жақ қолы мен аяғында гемипарез байқалады. Құлағы кесілген, қол-аяғы, мұрны сынған. Тістері түсіп қалған. Аузында қоянжырық сияқты ақауы бар.
«Бастапқы үш айда түнімен шыңғырып, жылап шығатын. Психикасы аса ауыр зақым алған еді. Қазір де кейде бірнәрсеге жұмсасаң, ұмытып қайтып келеді немесе қайда тұрғанын ұмытып қалады. Бізге осы тығырықтан шығу үшін 1 жыл психологпен жұмыс істеуге тура келді. Баламның психикасы орнына келді», - дейді Н. Барсукова.
Диагнозының ауырлығына байланысты Диана мектепке бармайды, оны жергілікті мектептен мұғалімдер келіп оқытып жүр.