Мүгедек жандар қоғамдық орында қандай кедергілерге жиі тап болады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 730 мыңнан астам мүгедек жан бар, бұл жалпы халық санының 3,6% құрайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті.

Пандусы Алматы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

- Биыл 11 айда әлеуметтік инспекторлар 2 474 тексеру жүргізді. Олар мүгедек жандар үшін қолжетімділік пен көрсетілген арнаулы әлеуметтік қызмет деңгейін бақылады. Атап айтқанда 629 тексеріс профилактикалық бақылау аясында, 655 жоспардан тыс және прокуратураның талабы бойынша 1190 тексеріс жүргізілді, - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша ерекше жандарға қызмет ұсынушыларға 949 ұйғарым берілді.

- Әлеуметтік инспекторлар 215 млн теңгеден астам сомаға 961 айыппұл салды. Тексеру барысында барлығы 174 әкімдік, 167 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 88 емхана мен аурухана, 11 оңалту орталығы, 468 балабақша, 802 мектеп, 144 лицей мен колледж, 110 жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары, 39 сауда үйі және 2 банк қамтылды, - дейді ол.

Сондай-ақ министрлік өкілі мүгедек жандар жиі тап болатын проблемаларды атады.

- Пандустың болмауы, пандустың көлбеу бұрышының, сондай-ақ есік енінің нормативтерге сәйкес келмеуі, ғимаратқа кіреберісте тұтқалардың болмауы, санитариялық-тұрмыстық орындардың мүгедек жандар үшін бейім еместігі. Сонымен қатар арнайы тұрақ орындарының, көрсеткіштердің, көру қабілеті бұзылған жандар үшін бағыттаушы белгілердің жоқтығы, - деп түсіндірді Т. Оспанқұлов.

Айта кетейік, қарашада Үкімет басшысы мүгедек жандарды еңбекпен қамту бойынша министр мен әкімдерге міндеттер жүктеді.

 

Соңғы жаңалықтар