Мүгедекті белгілеу процедурасы адамның жеке қатысуынсыз-ақ жүргізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Мүгедекті белгілеу процедурасы адамның жеке қатысуынсыз-ақ жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты. 

Мүгедекті белгілеу процедурасы адамның жеке қатысуынсыз-ақ жүргізілмек
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

— Мүгедектікті белгілеу тәсілдерін түбегейлі трансформациялауды жүзеге асырып жатырмыз. Осы реформаның басты бағыты — медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай және проактивті форматта енгізу. Мақсат — азаматтардың мүгедектік мәртебесін алу рәсімін барынша жеңілдету: оны қолжетімді, ыңғайлы, жедел әрі ең бастысы — объективті және әділ ету. Енді азаматтың міндетті түрде көзбе-көз тексеруден өтуі талап етілмейді. Белгілі бір диагноздар бойынша бұл процедура адамның жеке қатысуынсыз-ақ жүргізілуі мүмкін. Алайда бұл үшін медициналық ұйымнан толық әрі шынайы медициналық ақпарат цифрлық форматта ұсынылуы тиіс, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, мүгедектікті сырттай форматты белгілеуді енгізу тек цифрландыру мен рәсімдерді оңайлату мақсатында ғана емес, сонымен қатар медициналық-әлеуметтік сараптама саласында жинақталған мынадай жүйелі мәселелерді шешу үшін қолға алынып отыр:

1. Шалғай және ауылдық өңірлерде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде кадр тапшылығы бар. Бұл көзбе-көз тексерулерді уақтылы жүргізуге кедергі келтіреді.

2. Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің сарапшыларына түсетін жүктеме артып келеді. Бұл азаматтар тарапынан өтініштердің көбеюіне байланысты. Соның салдарынан шешім қабылдау мерзімдері ұзарып кетеді.

3. Мүгедектікті белгілеу кезінде бюрократиялық кедергілерді азайту және субъективті факторларды болдырмау қажеттілігі туындап отыр.

— Сырттай проактивті формат аймақтар арасындағы жүктемені қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл — экстерриториялық сарапшылардың жұмысы арқылы жүзеге асады және барлық азаматқа тұрғылықты жеріне қарамастан қызметке тең әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Реформа халықтың медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіне және жалпы әлеуметтік қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ мүгедектікті белгілеудің шын мәнінде клиентке бағдарланған үлгісін қалыптастыруға бағытталған, — деді Төлеген Оспанқұлов. 

Айта кетелік Еңбек және халықты қорғау министрлігі мүгедек жандарға мүгедектікті мезгілсіз белгілеу механизміне қатысты түсінік берген еді

Соңғы жаңалықтар