Мүгедектігі бар адам үйде отыру керек деген таптаурын түсінік бар – Таңсәуле Серіков

АСТАНА. KAZINFORM – Ата-аналар баланы дәрігерге уақтылы көрсетсе, жеткіншектердің денсаулығына қатысты көп мәселені шешуге болады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мәлім етті.

Таңсәуле Серіков
Фото: Jibek Joly

– Елімізде 740 мыңнан мүгедектігі бар адам бар... Өкінішке қарай, кеңестік кезеңнен қалыптасқан бір стереотип байқалып отыр, ол таптаурын түсінік мүгедектігі бар адамдар үйде отыру керек дегенді білдіреді. Бұл адамдар өзі аулаға шыққысы келгенімен, жанындағы туыстары шығармауы мүмкін, сондай-ақ мүгедектігі бар адамның емін-еркін қозғалуы үшін инфрақұрылым болмай жатады, - деді Т. Серіков.

Оның айтуынша, қазір көп жағдайда ата-аналар өмірге келген балаларының денсаулығына тиісті деңгейде назар аудармай жатады. Дәрігер нұсқауы болса да, сәбилерін бастапқы тексерулерге апармайды. 

– Мәселен, баланың тілі шықпай, сөйлемей жүргенін көріп жүреміз. «Атасының еркесі» немесе «баланың әкесі де кеш сөйлеген» деген сылтау айтып жатады. Неге? Осы кемшілігі медициналық ұйымдарда тіркелсе, ертең жұмысқа тұра алмауы мүмкін деп қауіптенеді. Осының салдарынан белгісіз біреулерге емдеуге апарады, шетелдегі дәрігерлерге көрсетіп жатады. Ал түбінде - бәрібір бастапқы диагнозға алып келеді. Осы ретте, ата-аналар уақыт өткізіп алады. Баланың денсаулығына қатысты мән-жайды ерте анықтап, дер кезінде ем-дом жасап, бейімделген білімін берсе, жағдай басқаша болады, - деді депутат. 

Сонымен қатар Таңсәуле Серіков мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамның көзқарасын әлі де түзету керек екенін атап өтті. 

Бұған дейін елімізде мүгедектігі бар адамдар құқығын қорғау күшейтілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар